Айтыскер Біржан Байтуов оқушыларды ата-ананың разылығын алуға шақырды - на weekend.bugin.kz
Indigo Bekaidar - на weekend.bugin.kz Indigo Bekaidar

Жастар тәрбиесі

Болашақта шынымен жолым болсын десең, үйдегі ата-ананың көңіліне кірбің түсірме! Күнде таңертең және кешке ананың «көзінен» сүйіп шық! Сонда бүкіл күнәң кешіріліп, жолыңда ешқандай кедергі болмайды. Айтыскер ақын Біржан Байтуов «Ақылды бейсенбі» кездесуінде осылай деді.

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен басқосуда ақын айтыстағы және өмірдегі белестерімен бөлісті.

Рухани кездесуде ол алғашқы көлігін 11-сынып оқып жүрген кезде қол жеткізгенін айтты. Содан бері сахнадан 6 көлік мініп, бірталай қаржылай сыйлықтың иегері атанған жасырмады.  

Бұдан бөлек, қаламгер жас ұрпақ кімнен үлгі алу керектігіне де тоқталды.

- Негізі идеал адам болмайды. Әр адамның бойында жақсы және жаман қасиет болады. Кез келген тұлғаның адам баласы жақсы қасиетін сіңіріп, жаман қасиет жұқтырмау керек. Төле би, Әл-Фараби, Абай секілді ғұламаларымызға ғасырлар өтсе де, әлі күнге дейін солардың сөзін пайдаланып келеміз. Бұл - соларды үлгі тұту деген сөз. Қазақта Абай атамыздың әдемі сөзі бар: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді. Кез келген адамның қателігі болады. Бір адамды көріп, тек соған еліктеймін деу - ол қателік. Өйткені ешкім пайғамбар, ешкім әулие емес, кез келген адам қателік жасаушы. Егер сіз бір тұлғаны толық өзіме сіңіремін десеңіз, онда оның қателігі мен кемшілігін қоса сіңірген боласыз, - дейді ол.

Сонымен қатар, кездесуде ақын ұлтжанды азамат қандай болу керек? Кімдерді патриот деп айталамыз деген сауалдарға да жауап берді.

Айтыскердің ойынша, ұлтжанды азамат – қазақстандық өнімді тұтынатын, еліне жанашыр, қазақ тілінде сөйлейтін болуы шарт. Осындай ұстанымды ту еткен тұлға ғана қазақ елінің нағыз патриоты бола алады.

- Дүкенге кірген кезде ең бірінші кезекте Қазақстандық тауарды сатып алуға тырысамын. Егер отандық өнім болмаса ғана, шетелдік тауар алуға мәжбүр боламын. Мен осы әрекетіммен қазақ елінің дамуына тамшыдай ғана үлес қосатын шығармын. Мүмкін мен сатып алған дүниеден мемлекетіміз байып та кетпейтін шығар. Бірақ, әр адам осылай әрекет жасаса, онда барлығымыз ел дамуына қосар үлесіміз көбейер еді, - дейді ол.

Рухани шарада ақын кейінгі толқынның көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Жеткіншектер өз кезегінде қаламгердің туындыларын оқып, өлең жырдан шашу шашты.  

0 Пікір Кіру