Джек Маның ағылшын тілін меңгеруі мен оқуға түсуі жайлы хикаясы - на weekend.bugin.kz
Қания  - на weekend.bugin.kz Қания

Өмірінде талай рет құлап, қайта көтерілген

Джек Ма жақында ғана 55 жасқа толған күні Alibaba басшылығынан кетті. Кедей отбасында дүниеге келіп бүгінде әлемнің ең бай адамдарының қатарына кірген оның өмірбаянына көз салсақ, өмірде талай қиындық көрген адам екенін көреміз.  Біз бүгін оның өміржолынан жастық шағының кейбір кезеңдерімен таныстырмақпыз. Бәлкім, жақсы жұмысқа орналаса алмай немесе тесттен құлап оқуға түсе алмаған жандарға пайдалы болар.

Дүниеге келуі мен балалық шағы

Джек Ма 1964 жылы 10-қыркүйекте Ханчжоу қаласында дүниеге келген. Ата-анасы оған "Юнь" деп ат қояды. Қытай тілінен аударғанда "бұлт "деген мағынаны білдіреді. Нақтырақ айтсақ, Джек Маның шын аты Ма Юнь (оның қалай Джек аталып кеткендігін төменде жаздық). Джектің анасы Цуй Вэньцань фабрикада жұмыс істеген. Ал әкесі Ма Лайфа фотогаф болған. Оның өмірге келген уақытта жекеменшік жойылып, өндірістің 90%-ы мемлекеттің қарамағына өтті. 1966 жылы яғни Джек Ма екі жасқа толғанда сол уақытта Қытайды басқарып отырған Мао Цзедунның тарихта ойып тұрып орын алған "мәдени төңкеріс (мәдени революция)" саясаты басталды. 

Бұл саясат бойынша ескіден келе жатқан салт-дәстүр, өнер, діни ағым бәрін түк қалдырмай жою қажет. Тіпті, Қызыл армия Қытайдың өзінің тарихи ескерткіштерін де қиратқан. Талай адамдар діни сенімі үшін жазықсыз түрмелерге жабылды. Соның қатарында бала Джектің де ата-анасының басына қара бұлт үйірілді. Неге десеңіз, әке-шешесі күнделікті қара жұмыстан бөлек "pingtan" өнерімен айналысатын. Pingtan - бұл қытай халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі өнері. Оның ата-анасы бұл өнерге құштар болып ішкен асын жерге қойған. Жазықсыз, бар болғаны осы өнермен шұғылданғандығы үшін оның ата-анасы "ит жеккенге" айдалып немесе түрмеге түсуі мүмкін еді. Бірақ бақытына қарай аман қалады. 

Джек Ма 8 жасқа толғанда, яғни, 1972 жылы ақпан айында АҚШ президенті Никсон Қытай басшысы Мао Цзедунмен кездеседі. Кездесу Ханчжоу қаласында өтті. Президентпен жүзге жуық журналист қоса еріп келді. Олар президент кездесуі, Ханчжоу қаласы жайлы тікелей репортаждар таратты. Бұл өз кезегінде Ханчжоу қаласының әдемілігін бүкіл әлемге көрсетуге орай ашып берді. Дәл осы іс-сапардан кейін Ханчжоу қаласы туристер көп келетін туристік қалаға айналды (Ханчжоу әдемі қала болған. Тіпті Мао Цзедуннің өзі Қытайдың өзге қалаларына қарағанда бір жылдың жеті-сегіз айында  осы қалада өткізген). Дегенмен де Қытай сол уақытта "жабық есік" саясатын ұстанды еді. Сондықтан да Ханчжоу қаласына бірден туристер ағылды деп айта алмаймыз. Бірақ аз ғана болса да Ханчжоу қаласында бірең-сараң шетелдіктердің қарасы көрінетін болды. Арада жылдар өтіп Мао Цзедун қайтыс болады. Арадағы саяси өзгерістерден кейін Қытай билігіне Дэн Цяопин келеді. Ол 1978 жылдың соңына қарай осы уақытқа дейін ұстанып келген "жабық" саясатты жойып, орнына "ашық есік" саясатына көшеді. 1978 жылы Ханчжоу қаласына бар болғаны 728 турист ғана келсе, келесі жылы 40 000 шетелдіктің қалаға табаны тиеді. 

Ағылшын тілін меңгеруі

Джек Ма бала кезінен ағылшын тілі мен әдебиетін сүйіп оқыды. Ол Марк Твеннің "Том Сойердің басынан кешкендері" шығармасының аудио нұсқасын қысқатолқынды радиоқабылдағыштан жалықпай тыңдаған. Бұрыннан ағылшын тіліне құмар Джек шетелдіктермен ағылшын тілін практика жасау үшін Ханчжоу қаласына туристердің ағылуын жақсы мүмкіндік деп бағалап өз қажетіне қарай пайдаланғысы келеді. Осы мақсатына жету үшін ол күн шықпай тұрып ерте оянып велосипедімен 40 минут жол жүріп туристер орналасқан қонақ үйге барған. Отельдегі шетелдіктермен танысып, оларға Ханчжоу қаласының әдемі жерлерін көрсетіп тегін қызмет жасаған.

Ол берген интервьюлерінде осы кездерін еске алып, "Күн сайын таңғы 5-те мен қонақ үйден шықпай тұрып ағылшын оқыдым. Шетелдіктердің басым бөлігі Еуропа мен АҚШ-тан келетін. Мен оларға Батыс көлін көрсетіп тегін экскурсия жасадым. Есесіне олар маған ағылшын тілін үйретті. Тоғыз жыл бойы! Мен ағылшыншамды күнде таңертең практикадан өткіздім. Маған қардың жапалақтап жаууы да жаңбырдың нөсерлетіп құюуы да мен үшін кедергі болған жоқ" дейді. Джек осылайша туристермен танысып қаланың әсем жерлеріне тегін экскурция жасаған. Осы жерде оның шын аты Юнь болғанына қарамастан қалайша Джек аталып кеткеніне тоқталсақ. 

Бір америкалық әйел турист әкесі мен күйеуін "Джек" деп атайтындығын айта келе, оған осы есімді қолдануды ұсынады. Юнь бас тартпай келісіп, сол уақыттан бастап "Джек" аталып кеткен. Джек Ма тегін гид болғандардың қатарында бір австралиялық Морли  отбасы да бар еді. 1980 жылы 1-шілдеде  Кен Морли есімді инженер-электрик әйелі Джуди  және үш баласымен (Дэвид, Стивен Сьюзан) Қытайға саяхат жасайды. Баласы Дэвид Ханчжоу қаласындағы парктердің бірінде қыдырып жүргенде оның жанына арық, қара домалақ бала жақындап келіп сыпайылықпен ағылшын тілін практика жасағысы келетіндігін айтады. Ол қарсы болмайды. Солай бұл австралиялық Дэвид есімді баламен достасып кетеді. Бұлардың достығы Дэвид Қытайдан кеткеннен кейін де үзілмеген. Дэвид Австралияға оралғаннан кейін де хат алмасып бір-бірінің хал жағдай сұрасып тұрған. Дәл осы хат жазысу кезінде Дэвид Джектің грамматикалық қателіктерін түзетіп оған ағылшын тілін тереңірек меңгеруге көмектескен.  

120 сұрақтың тек біреуі ғана дұрыс

Джек Ма бала кезінен оқымысты болған. 14 ғасырда халық арасында тараған хикаяларға негізделіп жазылған Қытайдың классикалық романын оқып шыққан. Ол гонконгтық Луис Чаның шығармаларын сүйіп оқыған. Сондай-ақ Ма Юнь бала кезінен таичи өнерімен айналысқан. Таичи - бұл қытайлардың жауынгерлік өнері. Бойы аласа, дене бітімі арық Джек сыныптастарынан, бәсекелестерінен осы соғысу өнерін меңгеру арқылы өз-өзін  қорғай алған.  

Джек Ма мектепте үлгерім жағынан үздік немесе қанағаттанарлық деңгейде оқыды деген дерек жоқ.  Оның ең сүйікті пәні - ағылшын тілі сабағы, ал ең ұнатпайтыны математика болған. Математика - Джек Маның "ескі жауы" еді. Джек Ма ер жетіп мектеп бітірер шағында бұл "жауымен" тағы бетпе-бет жолығады. Студент атанып, университетке түскісі келген оқушылар міндетті түрде Gaokao тестін (бізше айтқанда, ҰБТ) тапсырады. Сөзбе-сөз аударылғанда "жоғарғы тест" деген мағынаны білдіреді. Әлем бойынша gaokao ең қиын емтихандардың тізіміне енеді. Тест 2-3 күнге созылады. Бұл емтиханнан жоғары ұпай жинағандар бағы жанды, ал төмен ұпай жинаған оқушылар әдетте депрессияға түседі. Тіпті кейбіреулері өз-өзіне қол жұмсап суицид жасайтындар да табылады. Бұл тестте шет тілі мен математика міндетті пәндердің қатарына жатады. Мектеп бітіруші оқушы  Джек те тест тапсырды. 

Оның ағылшыншасы жақсы екені белгілі. Ал ескі дұшпаны математика ше? Ол тесттен математикадан 120 сұрақтың тек біреуіне ғана дұрыс жауап берген, яғни, қалған 119 сұрақ қате. Оқушы Джек емтиханнан құлады... Бәлкім, оның сыныптастары жоғары ұпай жинап университеттерге түсіп студент атанып жатса, оның тауы шағылды. Дайындалған еңбегі зая кетті. Дегенмен ол өзге оқушылар сияқты депрессияға түспеді.  Еңсесін көтеріп келесі жылы тапсыруға бел байлады.

"Менің өмір жолым басқаша болады"

Сабақ оқумен қатар қосымша жұмыс істемек ниетте болды. Бірақ көптеген жерлер оны жұмысқа алудан бас тартты. Даяшы (официант) болғысы келгенмен, жұмыс беруші Джектің бойының аласа екендігін алға тартып жұмысқа алмайды. Ақыры әкесінің көмегімен теміржол бекетінде журнал жеткізіп беруші (курьер) болып жұмысқа орналасады. Солай жүріп бір жыл да өте шығады. Джек Ма қайтадан тест тапсырады. Бұл жолы математикадан 120 сұрақтың 19-на дұрыс жауап береді. Бұл өткен жылғы нәтижесімен салыстырғанда тәуір. Бірақ жалпы ұпайын есептегенде тағы да төмен нәтиже шығады. 

Джек Ма емтиханнан тағы да құлады... Осы жерде "оқимын" деп талпынып тұрған баланы әке-шешесі ақша төлеп оқытпай ма деген ой туындауы мүмкін. Алайда Джек Ма қарапайым отбасыдан шыққан. Ата-анасының оны оқытарлық жағдайлары болмаған. Байдың баласы да емес, университетке түсемін деп тестті екі рет тапсырып екеуінде де құлады. Онымен қоса жақсы жұмысты былай қойғанда қарапайым қара жұмысшы ретінде жұмыс орналасуы да қиын. Джек Маны тіпті даяшы болуға жұмысқа алмағанын жоғары да атап өттік. Осы кезде оны еңсесі түспеді дейсіз бе?  Әрине, түсті. Ол да біз сияқты етпен сүйектен жаралған адам. Бірде ол Лу Яо жазушының "Өмір" атты еңбегімен танысады. Аталмыш еңбекте Гао Цзялинь есімді адамның өмірі баяндалады. 

Гао Цзялинь - қанша жерден талантты болғанына қарамастан ауылда тұратын сіңірі шыққан кедей. Өмір бойы  кедейлікпен күрескенімен жеңе алмай ғұмыры жоқшылықпен өткен адам. Бұл еңбекті оқып Джек Ма кітаптағы кейіпкерден өзін көргендей болады. Бірақ... "Менің өмір жолым басқаша болады" деп шешім қабылдап еңсесін қайта көтеріп жігерленеді. Емтиханды үшінші рет тапсыруға ниеттенеді.

"...бір адам ғана қабылданбады. Қабылданбаған жалғыз адам мен болдым"

Қалтасында көк тиыны жоқ, не киімге, не дұрыс асқа жарымай жүргендіктен өмір сүру үшін ақша табу керек. Сондықтан ол әрі емтиханға дайындалып әрі  жұмыс істемекші болады. "Жұмысқа адам қабылдаймыз" деген 11 жұмыс орнына түйіндемесін жібергенмен оны бәрі жұмысқа алудан бас тартып кері  қайтарады. Тіпті, сол жылдары KFC Қытайға енді ғана келген еді. Жаңадан жұмыс орны ашылғанын естіп Джек те өзгелермен бірге жұмыс іздеп барады. Алайда тағы да сол.

Оның өз сөзімен жеткізсек, "KFC ең алғаш Қытайға келгенде 24 адам (жұмыс іздеп) бардық. Оның 23-і өтті де, бір адам ғана қабылданбады. Қабылданбаған жалғыз адам мен болдым" дейді. (Бүгінде KFC жайлы ерекше ықыласпен баяндайды)

Дегенмен, еңсесін түсірмей енді ол бұрынғыдан бетер  дайындығын күшейтеді. Жұмыс күндері қызмет жасап, ал демалыс күндері сабақ қараған. Әр жексенбі сайын Чжэцзян университетінің кітапханасына келіп емтиханда "келеді-ау" деген математикадан керекті формулалар мен ережелерді жаттайды. Арада бір жыл да өтіп  яғни 1984 жылы  үшінші рет тест тапсырады. Бұл жолы математикадан 120 сұрақтың 89-на дұрыс жауап берген. Бұл жалпы ұпайды есептегенде стандарттан сәл ғана төмен еді. Сондықтан Шанхай мен Пекиндегі алдыңғы қатарлы озық оқу орындарына және кәдімгі қарапайым  университеттердегі толық төрт жылдық оқуға (баклавр дәрежесі) да баллы жетпейді. Дегенмен, оның жинаған нәтижесі тек 2-3 жылдық оқуға (кіші қызметкер немесе кіші баклавр дәрежесі) түсуге жетті. Сол себептен жергілікті  Ханчжоу Педагогикалық Институтына "ағылшын тілі мұғалімі" мамандығына үш жылдық оқуға тапсырады. Оның өзінде бәсекелестік тым жоғары болғандықтан санаулы ғана орын қалған екен. Джек сол аз орынның бірін иеленіп, осылайша оқуға түседі. 

0 Пікір Кіру