Қуаныш Шонбаймен кездесу: Бізге айтылмаған құпия - на weekend.bugin.kz
Әсем Сәндібаева - на weekend.bugin.kz Әсем Сәндібаева

Байлықтан қорқу психологиясы

5 қазан күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде «Екінші болма» бестселлерінің авторы, "Rumi", "Dala" ресторан желілерінің иесі, мықты мотиватор Қуаныш Шонбайдың жаңа кітабының премьерасы өтті. Жаңа кітабы «Бізге айтылмаған құпия» деп аталады. 

Алдымен, Қуаныш ағаның өзі шығып, кітаптың шығу тарихы мен мазмұнына тоқталды. Сырт көзге жетістікке жеткен адам ретінде көрінгенімен, бірнеше рет банкрот болғандығын, неше рет "жоқ" деген жауап алғанын естігенде таңқалдым. Оның айтуы бойынша, "жетістік жоқ, жеңіс бар. Өзгемен емес, өзіңмен жарысып, өзіңді жеңсең - нағыз жеңіс сол"

Біздің психология мен менталитетті ескере отырып, бизнес бастаудың қазақша жолына тоқталды. "Ашылмаған қанаттың үлкендігі білінбейді" деген сөз айтылды. Әлемдік деңгейдегі тұлғалардың өміріне тоқталды. Қаржылай сауаттылықты арттыруды ескерді. Біздің қазақтың "ақша қолдың кірі","ақша адамды құртады" деген сөздермен "маған ақша керек емес" деген программа қойып алатынын айтты. "Бейшаралық психологиясы" мен "Бақа синдромы" деген ұғымдармен таныстым.

Бақа салқынқанды. Оны қайнаған ыстық суға салуға тырыссаңыз, ол қашады.  Ал егер оны алдымен салқын суға салып, отқа қойсаңыз, ол дене температурасын ыстық күйге дайындайды да, қайнаған судан шықпай жата береді. Содан қалай өлгенін білмей қалады. Су ыси бастағанда-ақ секіріп кетуіне болар еді. Бірақ олай жасамады, себебі "жайлы ортадан қашқысы келмеді". 

Дәл осы мысалды адамдарға да телуге болады...

Қуаныш ағай "Мен жасадым", "Менің еңбегім" дей бермей, өзіңнен мықты Жаратушы күшке сенуге, кез келген арманыңа қол жеткізгенде барынша қарапайым болып қалудың маңыздылығын ұғындырды.

Сенбілік таңғы ұйқымды қиып барғаныма еш өкінбедім. Әрдайым сөзді әрекетпен бекітуге бел байладым. Қуантары, осындай тренингтерге қазақ жастарының көп қатысуы. Бұл біздің өзгеріске дайын екеніміздің дәлелі. Дамудың жолын іздеп жүрген ұрпаққа жол сілтеп, білгенімен бөлісіп, бізге айтылмаған құпияның сырын ашуға талмай еңбектеніп жүрген Қуаныш Шонбай ағаға қазақ жастарының атынан алғыс білдіремін!

0 Пікір Кіру