Жаңа серпіліс: Халық Q-Fest фестиваліне қандай баға берді? - на weekend.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на weekend.bugin.kz Қаракөз Амантай

Көптен күткен Q-Fest фестивалі қалай өтті?

Кеше, қазан айының бесінші жұлдызы Алматы қаласында екінші мәрте Q-fest музыкалық фестивалі өтті. 

Фестивальдің басты мақсаты «Q-pop» бағытындағы заманауи сапалы қазақ тіліндегі музыканы дамыту, жастар арасында мәдени өмірді және қаланың мәдени имиджін қалыптастыру, жастар арасында патриоттық сезімді оятып, қазақ тіліндегі сапалы музыканы дамыту. Сонымен қатар жас өнерпаздарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беру. Фестиваль Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар жылы» аясында  «Алматы арена»  спорт кешенінде өтті. Фестиваль ұйымдастырушысы Қазақстандағы ең танымал музыкалық компания – JUZ entertainment.

Q-fest музыкалық фестивалінде көпшіліктің сүйікті тобы Ninety one, MadMen,  Ziruza, Tamiris Zhangazinova, C.C.Tay, Ayree, Crystalz, Malika YES, Kyle Rukh, Madi Rymbayev, EQ, Askhat Jalgabay, 10IZ, Youngsters, Buira, Diuoou, Aniko, Divine, Alien cсынды өнерпаздар өнер көрсетті.

Фестивальге келген әншілердің көңілдерінде қобалжу мен қуаныш сезімі де байқалды. Барлығы жанкүйерлерімен жүздесуге асық. Ал, q-pop сүйер қауым кештің тезірек басталуын тағатсыздана күтті. Бұл жолы жиналған жұрттың қарасы да көп болды. Олардың басым көпшілігі жасөспірімдер. Көбі сүйікті топтарын қолдау мақсатында, солардың образдарына сай киніп те келген. Ал бірі кеш басталғанша, q-pop жанрындағы әндерді тыңдап, өзінің қиял әлемінде жүрді.  

Осылайша, фестиваль басталмастан бұрын өнерпаздардың музыкалық кешке дайындығын сұрап, пікірін білуді жөн көрдік. Осы орайда, жас талантты әнші Тамиристен сұқбат алудың сәті түсті. Ол бұл кешті асыға күткенін және дайындығының жоғары деңгейде екенін жеткізді.

«Расымен, бұл фестивальді барлығымыз көптен күттік. Дайындығым өте жақсы деп айта аламын. Бүгін жеке өзімнің "17" деп аталатын альбомымдағы авторлық әнім «Найзағайдан» басқа, q-pop қыздарымен бірлесіп жазған әнімізді айтып, өнер көрсетеміз. Бір ерекшелігі бұл әнде әр адам өзі айтатын шумағының сөзін өзі шығарды. Дәл қазір көңіл күйім өте керемет. Бүгін жанкүйерлеріммен бетпе-бет жүздесудің орайы туды. Кішкентайымнан өнерде жүргендіктен, жанкүйерлерім сол уақыттан бастап өнерімді бақылап жүр. Иә, менің жанкүйерлеріме деген махаббатым өзгерген емес. Жанкүйерлер тарапынан ұсыныстар, түрлі пікірлер айтылып жатады. Барлығын жылы әрі салмақты түрде қабылдаймын. Көпшілігінен «образыңды өзгертпейсің бе» деген сұрақтар туындап жатады. Әрине, олардың ұсынысы мен үшін өте маңызды. Жаңа альбомым жарыққа шыққан сәттен бастап, жанкүйерлерімнің саны да артты. Бүгінде жанкүйерлерімнің жас ерекшеліктері әртүрлі. Әнімді тек 14-17 жастағы жасөспірімдер ғана емес, сонымен қатар жасы отыздан асқан адамдар да тыңдайтын болды. Себебі әнімде жай балалық махаббат емес, көпшіліктің жүрегіне жақын терең мағыналы сөздер де орын алады. Көпшілік «неге әндеріңді орыс тілінде де жазбайсың, сенің қолыңнан келеді ғой»  деп жатады. Дегенмен маған қазақ тілінде өлең жазған ұнайды және қазақ тілімнің жоғары деңгейде екенін көрсеткім келеді. Сонымен қатар қазақ тілінде өте әдемі сөздерді өлеңіме қосып, жастарға әнмен жеткізгім келеді. Жанкүйерлерімді қатты жақсы көремін және олар үшін әрдайым жаңа ән ұсынып, шығармашылығымды жетілдіруге тырысамын.»

Жас әншінің айтуынша, оның күнделікті және сахналық образында айтарлықтай айырмашылық жоқ.

«Күнделікті және сахналық образым ешқашан өзгерген емес. Екі тарапта да  бұйра шашым мен әдеттегі макияжбен жүремін. Ал сахналық киім әрине бөлек болады.»

«Алдағы уақытта жаңа бейнебаян түсіру жоспарда бар. Қазіргі уақытта менің продюсерім жоқ. Кішкентай кезімнен өз күшіммен келе жатырмын. Сондықтан бюджет жағы қиындық тудырады. Дегенмен алдағы уақытта тек q-pop бағытымен жүремін деп айта алмаймын. Басқа да армандарым бар. Қазір жасым небәрі 18-де. Сондықтан әзірге жүрегіме ең жақын нәрсемен айналысып жүрмін. Мүмкін, өсе  келе ойым өзгеруі мүмкін. Дегенмен өнерді тастамаймын», - дейді Тамирис Жанғазинова.

Иә, расымен концерттің болғанынан боладысы қызық. Көптен күткен фестиваль де басталып, жанкүйерлер өздерінің сүйікті әншілерімен жүздесіп, өнерлерін тамашалады. Барлығының жүзінде шынайы қуаныш. Барлығы бір деммен, бір серпілісте, бір аураны сезініп, бірге ән шырқап бір әлемде күй кешті. Концерт аяқталар уақытта барлығының көңілінде қимастық сезім байқалды. Осылайша, q-pop жанкүйерлерінің музыкалық фестивальден алған әсерін сұрадық.

Эльенора Әбдірахманова: Q-Fest музыкалық фестиваліне q-pop жанрындағы әндерді тыңдайтын жанкүйерлер жиналды. Оның көпшілігі жастар. Дегенмен жастармен бірге, балаларын ертіп келген ата-аналарды да көруге болады. Q-Fest фетивалі осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Енді бұл дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылады деп үміттенемін. Келгеніме еш өкінбеймін. Өйткені бұл жерде мен нағыз өзіме керек аураны сезіне алдым. Концерт фестивалі өте қызықты өтті. Барлық q-pop әртістері келіп, өздерінің өнерін көрсетті. Ұйымдастырушылар да өз жұмысын жоғары деңгейде, үлкен жауапкершілікпен атқарды. Мысалы, кей концерттерде аппаратура істемей, техникалық ақаулар байқалып жатады. Бұл фестивальде ешқандай келеңсіздік орын алған жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, әр әртіс шыққан кезде оларды бүкіл зал қолдап, қошеметтерін көрсетті. Концер соңында Ninety one тобы шыққан сәттегі залдың қолдауы мен шуын сөзбен жеткізе алмаймын. Өйткені бір сөзбен айтқанда керемет көріністің куәсі болдым. Сол әншілермен қосылып билеп, ән шырқап, бір демде отырдық. Бұл фестивальде тек q-pop әртістері ғана болғандықтан, басқаша әсерде болдық. Себебі концертте саған ұнамайтын әншілер болмайды. Ал q-pop жанрын ұнатсаң, демек саған ол жердегі барлық әншілер ұнайды деген сөз.

Айгерім Аблакимова: Q-Fest музыкалық фестивалі жыл сайын, дәстүрлі түрде өткізілсе деген тілегім бар. Жалпы,  ұйымдастырушылардың барлығына алғысым шексіз. Билет бағалары да қолжетімді болды. Аура және біз алған энергия, әншілердің бізге берген көңіл күйі жоғары дәрежеде өтті. Концертте барлығы жанды дауыста өнер көрсетті. Ең қуантатын жайт – барлығы қазақ тілінде ән айтып, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.

Q-Fest фестивалінің аурасы мүлдем басқа. Мойындау керек, басында дебют жасайтын әртістер тарапынан біраз кемшіліктер болды. Дегенмен бұл кемшіліктерге көз жұма қарадық. Ең соңында q-pop бағытын Қазақстанға алып келген, оны дамытып, әлі күнге дейін биік деңгейде көтеріп келе жатқан осы бағыттың алғаш негізін қалаушылары шыққан кезде халық бірден орнынан тұрып, қошеметтерін көрсетіп, үлкен әсерде болды.  Q-Fest фестивалінде былтырғы жылға қарағанда биыл адам саны айтарлықтай көп болды. Концерт аяқталған уақытта бас серіктесі фантанның тегін бір сусыны мен Ninety one тобының наклейкасы таратылды.  Фестивальдің берген әсері өте керемет. Әсіресе, Ninety one тобы. Себебі осының барлығын негіздеп отырған - JUZ entertainment. Сондықтан осы музкалық компанияға алғысымды білдіремін. Себебі кеткен шығынның ақшасы өздерін ақтап ала алмайды. Бірақ осындай үлкен жобаны жасап отырған үлкен ерлік деп айтуға болады. Бүгінгі концертте найнти уан тобы шығып, өнер көрсеткен кезде әртістердің көзі мен жүзінде ерекше бір шынайылықты аңғардық. Олар өздерінің жеке тұлғалық қабілеттерін аша білді. Қолдап келген халық солармен бірге қосылып ән айтып, бірге билеп жатты. Мұны q-pop бағытының үлкен жетістігі деп білемін. Бұл әсерді нақты көзбен көрген, дәлел деп айтуға болады. Осындай фестивальдер жыл сайын ұйымдастырылып, арта берсе дейміз. Барған адам басқа әлемге түскендей күй кешеді. Жалпы, музыканың осы заманауи бағыты жарық көргеніне және әнді жастардың жүрегіне заманауи түрде жеткізіп жатқандарына өте қуаныштымын. Қаншама адам өнер көрсетті. Қырғыз елінен арнайы келіп, ән айтқан топ та болды. Бұның барлығы үлкен еңбек. Міне, барлығымыз сол еңбектің жемісінің куәсі болдық.

0 Пікір Кіру