Шыңғыс Мұқан: Ұлттың әр перзентін дамыту арқылы ұлтты дамытқым келеді - на weekend.bugin.kz
Ақмарал Берекет - на weekend.bugin.kz Ақмарал Берекет

Қазақстанның жетістігі – әр адамның жетістігі, әр адам жетістікке жетсе ғана, Қазақстан жетістікке жетеді

"Лидер - бір адам емес, кез келген адам. Лидерлік адам бойына туа бітетін қасиет емес. Әрбір адам үйрене алатын дағды" дейді Гарвард университетінің түлегі, «Шыңғыс Мұқан лидерлік даму орталығының» ұйымдастырушысы Шыңғыс Мұқан. Лидерлік туралы сүбелі сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Жалпы сіздің жобаңыздағы лидер деген ұғымға анықтама берсеңіз...

Лидерлік - Қазақстанға енді келіп жатқан тақырып. Бұл әлі енеді. Себебі кез келген мекеменің жақсы көрсеткіштерге жетуі, кез келген мемлекеттің дамуы, тіпті кез келген отбасының бақытты өмір сүруі лидерлікке байланысты. 

Лидерлік деген концепция қазақта да бар. Әл-Фарабиде бар. Батырлар дастандарында тұнып тұр. Билердің өсиеті мен жыршы-жыраулардың мұрасында толы.

Лидерлік туралы Қазақстандағы қазіргі концепция «Бір адам - басшы, қалғаны - қосшы» дегенге саяды. Ал шындығына келгенде, әр адам өзін лидермін деп санамаса, тиісінше әрекет етпесе, отбасында, мекемеде, мемлекетте өзгеріс, даму болмайды. 

Мәселен, отбасындағы лидерлікті алатын болсақ, әйел де, еркек те лидер. Бұл - бір-бірімен таласу емес. Лидерлік – бастамашылық. Бастамашы болу үшін өзіңе белгілі жауапкершілік аласың. Бір үйде әйел де, еркек те жауапкершіліктен қашпай, бастамашыл болса, бұл отбасының кез келгені әрекеті нәтижелі болмақ. Екіншіден, әр адам үлгі көрсетеді. Сіз туылдыңыз ба, өзіңізді лидермін деп санасаңыз да, санамасаңыз да айналаңыздағы адамдарға, балаларыңызға үлгі көрсетесіз. Демек, әрбір адам лидер болу міндет. Себебі әрбір адам қаласын-қаламасын төңірегіне үлгі көрсетеді, яғни біреуге жақсы жағынан немесе жаман жағынан ықпал етесің. Жақсы жағынан ықпал ету үшін жауапкершілік аласыз. 

Даму орталығының алға қойған мақсаты қандай?

Лидерлік концепциясын дұрыс түсіндіріп, өзін дамытамын, өмірде жетістікке жетемін дейтін адамдарды жол көрсету үшін осы жобаны бастадық. Себебі лидерлік қанмен берілетін қасиет емес, оны үйренуге болады. Лидерлік дағдыларды үйреткіміз келеді. Үйретеміз де. Қазақстанның жетістігі – әр адамның жетістігі, әр адам жетістікке жетсе ғана, Қазақстан жетістікке жетеді. Ал әр адам жетістікке жету үшін әрқайсысы лидер болуы қажет. Әр адам, ең болмағанда, өз басына басшылық жасауы керек. Біздің мақсатымыз – ұлтты дамыту. Ал ұлтты дамыту үшін ұлттың әрбір ұл-қызын дамыту керек. 

Лидерлік дағдыларды мектепте оқытпайды. Болашақта оқытар, соған жол ашатын орталық болады деген үмітпен осы жобаны ұйымдастырдық. 

Орталықтың ең алғашқы жобасы қандай болмақ? 

15 қазанда алғашқы курсымыз жоспарланып отыр. Сайт жасатып, білікті мамандар алып жатырмыз. Оның арты түрлі өзіндік даму бағытындағы сабақтарды топтастырылған үлкен бір платформаға айналады. Әзірше курс онлайн, бірақ белгілі бір уақыттан соң әр облыста филиалдарын ашып, оффлайн түрде курс өткізу жоспарда бар.

Жалпы курстың белгілі уақыттық жүйесі бар ма? Бір курстың ұзақтығы қанша сағат болады?

Қазір «Көшбасшылық» орталығының алғашқы курсын ұсынғалы жатырғанымызды айттым, ол екі айға созылады. Болашақта түрлі сабақтар болады. Ол бір апталықтан бір жылдық курсқа дейін. Ол әлі жоспарланады. Бұл курс аптасына екі рет бір сағаттан кешкі уақытта болады. Курс он алты сабақтан құралған. Әрқайсысының тақырыптары мен қамтитын мәселелері әртүрлі.

Жалпы тұтынушыларыңыз қандай жас мөлшеріндегі адамдар екен?

Әртүрлі. Олардың арасында мектеп жасындағылар, студенттер, ересек адамдар, кәсіпкерлер, үйде бала тәрбиесімен отырған әйел адамдар, тіпті зейнетке жақындап қалған адамдар да бар. Себебі ұсынып отырған курстарымыз кез келген адамға қажет. Мақсат қоюды, эмоциялық интеллект біліктерін, эмпатия, адамдармен қарым-қатынас, өзіңді басқару, өзіңді танып-білу т.с.с. үйретеміз. Сондықтан да қатысушылардың жас ерекшелігі әртүрлі. Бұл курс жас талғамайды, мұндай айтылатын әңгіме, қозғалатын мәселе бәріне қажет. 

Сіздің ойыңызша, адамға жетістікке жету үшін не қажет?

«Адамға жетістікке жету үшін не керек» деген тақырыпта көне дәуірлерден бермен қарай біраз адам ой қозғаған. Олардың барлығы да білімге тоқтаған. Сөз жоқ, жетістікке жету үшін білім керек. Бірақ қазіргінің адамына білімді болып қою аздық етеді, білімге қоса, адамға ақыл керек. Бұл жерде ақыл деп отырғаным эмоциялық интеллект. Оған көптеген білік кіреді: сана-сезім, адамдармен қарым-қатынас, эмпатия, өзіңді басқару, осылай кете береді. Біліммен қоса осындай білігі болғанда ғана адам баласы жетістікке жетеді. Эмоциялық интеллектті үйренуге болады, ол қанмен келетін қасиет емес. 

Курстың ұстанатын саясаты қандай?

Курста алатын білім-білікті өздеріңіздің бойларыңызға сіңіріп қана коймай, оны отбасыңызбен бөлісіңіздер деп насихаттаудамыз. Себебі адам оқыса - он пайыз, тыңдаса - жиырма бес пайыз, көрсе - жетпіс пайыз түсінеді. Оқығанын, көргенін, тыңдағанын біреуге үйретсе - тоқсан пайыз түсінеді екен. Сондықтан үйренгенін әрі қарай үйрететін болса, үйренгендердің түсінігі арта түседі. Бұл курстағы ұстанатын саясатымыз – үйрендің бе, басқа біреуге үйрет, ол үйренді ме, әрі қарай үйретсін. 

Басқа курстарда ұйымдастырушылар қатысушыларға мотивация беріп қана қояды. Сіздердің бағыттарыңыз қандай? Сіздер де мотивация бересіздер ме?

Біз мотивация бермейміз, мотивацияны табатын бұлақты көрсетеміз. Оны адамдардың өздері алады. Мотивация аспаннан түсетін, біреу әкеліп беретін нәрсе емес. Оны өз ішіңнен табуың керек. Мысалы сіз күніне үш мезгіл тамақ ішесіз. Оған мотивация керек пе? Тамақ ішуге қуана барасыз. Ол - сондай нәрсе. Себебі ішкі қажеттілік деген бар. Сол сияқты адам өз ішінен өз қажеттілігін тауып, неге қызығатынын, немен айналысқысы келетінін түсінсе, мотивация пайда болады. Міне, ол іштен шығады, сырттан келетін нәрсе емес. Біз сол іштегі дүниені табу тәсілдерін үйретеміз, адамдардың өзін тануына, зерттеуіне көмектесеміз. Курста әркім өзі ізденеді. Мотивация болу үшін – бұл өмірде миссия, мақсат болу қажет. Мақсатың болмаса, мотивацияның қажеті де шамалы. 

Басқа курстарға деген бәсекелестік қауқарларыңыз қалай?

Біз ешкіммен жарыспаймыз. Адам біреумен жарысып, жеңіске жетпейді. Адам өзімен ғана жарысуы қажет. «Кешегі күнім қалай өтті», «Бүгінгі күнім кешегі күнімнен жақсы ма, жаман ба» деген сұрақтарға жауап іздеуі керек. Біз өзімізбен, кешегі күнімізбен  жарысамыз. 

Қазақстанда жалғыз біздің курс қана тиімді деп айтпаймыз. Себебі әркім өзінің білгенін үйретеді. Курсты бастап жатқан әрбір адамның өз мотивациясы бар. Менің мотивациям – ұлттың әр перзентін дамыту арқылы ұлтты дамыту. Себебі әр адам дамымай мемлекет дамымайтынына көзім әбден жетті. Ол бір жаңалық емес, бәріміз де білетін шындық. Әңгіме адам дамуына мен не істедім, сіз не істедіңіз, біз не істедік? Осы тұрғыдан келсек, мұндай курстардың көп болғаны жақсы. Курстардың ешқайсысы жаман бол деп үйретпейді, барлығы адам бол деп үйретеді. Осындай курстар Қазақстанда балалап кеткендей көрінеді. Ал шетелдерде бұл - қалыпты жағдай. Себебі ол жақта адамдар өмір бойы үйренеді, «life long learning» дейді.

Орталықтағы білім беру жүйесі қандай?

Қатысушыларға оқуға алдын ала материалдар береміз. Ол әрбір курстың алдында беріледі. Сосын олар курс кезінде жаттығулар жасайды. Курстан кейін әдеттегідей үй тапсырмасы болады. Үй жұмысын достарыңмен, ағайын-тумамен бірге істеңдер деп айтамыз. Себебі бір адам өзгерісті басынан өткізетін болса, жалғыз өзі өзгере алмайды, төңірегі де өзгеруі керек. Әр адамның мақсатын айқындауға, құндылықтарын анықтауға көмектесеміз. Қазақта құндылық туралы көп ақпарат жоқ екен. Ненің құнды, ненің маңызды екенін түсіну үшін адамға өмірінің соңына дейін күтудің қажеті жоқ. Оны біз үйретеміз.  Гарвардта оқыңаным бар, өмірден түйгенім бар, сол жерден алған білімім мен тәжірибемді осы курста қолданатын боламын. Сонда алған багажымды осы курсқа саламын. 

Орталықтың концепциясы қанша жылда жоспарланды?

Мен оны үш-төрт жылдан бері ойланып жүрдім. Америкада алғашқы сабақтарды өтіп жүргенде, «Мына дүниелер қазаққа керек, мен бұнымен бөлісуім керек» деп ойладым, оларды түртіп отырдым. Сол ойым енді жүзеге асайын деп жатыр. Мен Америкадан келгеннен кейін де жастарға біраз лекциялар оқып жүрдім. Олар бір сәттік қана еді. Ал курс толыққанды болмақ. 

Жалпы курста болатын қызықты деген тапсырмалардың бірнешеуін айта кетсеңіз...

Ол жерде шешім қабылдау (біздің әрбір қимылымыз) туралы айтамыз. Адам күніне мыңдаған шешімдер қабылдайды. Сол шешімдерден адамның күні қалыптасады. Ал әрбір күннен жыл қалыптасады. Әрбір жылдан адамның өмірі қалыптасады. 

Келіссөз, коммуникация, адамды иландыру сабағы бар. Адам ешкімді көрмей бір күн де өмір сүрмейді. Жазаның ең ауыры – адамды жалғыз қалдыру. Адам әлеуметтік жаратылыс болғандықтан, жалғыз тіршілік ете алмайды. Себебі адамға күнде басқалармен сөйлесу керек. Адамның тіршілігі коммуникациядан тұрады. Коммуникацияның өзі – үлкен өнер. 

Уақытты басқару туралы айтамыз. Адамның қайта қалпына келмейтін жалғыз ресурсы бар. Ол – уақыт. Қалпына келмейтін уақытты басқарудың өзі құнды дүние. Адамның өнімділігі артқан сайын оның табысы да көбейеді. Адамның өнімділігі уақытты басқаруына тікелей байланысты. 

Ең өзектісі – көшбасшылық пен өзгеріс. Адамға да, мемлекетке де тұрақты даму үшін, тұрақты өзгеріп отыру қажет. Бүгінгі күн кешегіні қайталамауы керек. Ол ерекше, дұрыс болғаны абзал. 

Көшбасшылық – өзіңді басқару. 

Бұл жерде де басқа курстардағы секілді курс біткеннен кейін сертификат қана беріледі ме?

Біз курсты бітірушілерге тек сертификат беріп қана қоймаймыз, «Мазмұндама» қорының ресурстарын пайдалануға мүмкіндік жасаймыз. Сонымен қатар, ТұрғынүйЖинақБанкінің жалпы құны 1 млн тұратын 5 сертификатын ойнатамыз. Өзім ауылда туып-өсіп, қалаға оқуға түсуге келдім. Баспанасыз жүруді бір адамдай түсінем. Сондықтан білім-білік беріп қана қоймай, баспаналы болуға да түрткі болайық деп отырмыз.

1 Пікір Кіру