«Zhas Project» жобасы туралы не білеміз? - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Аталған жоба – Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы

Бүгінде қоғамның басты қозғаушы күші болып табылатын жастарға мемлекет тарапынан көптеп көңіл бөлініп келеді. Олардың шетелдің іргелі оқу орындарында еркін білім алып, ғылым саласында жетістікке жетуге бар жағдай жасалған. Сондай-ақ елімізде жүріп-ақ өнерін өрістетіп, кәсібін дөңгелетемін дегендерге де ешқандай кедергі жоқ. Бұдан өзге түрлі жобалар қолға алынып, іске асырылуда. Әрине, мұның барлығы жастардың жарқын болашағы мен еліміздің ертеңі үшін. Мәселен, сондай бастаманың бірі –жастар корпусын дамыту жобасы. Аталған жоба – Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Озық ойлы, тың идеялы жастардан құрылған топтар салауатты өмір салты, туризм, ғылым мен техника, ауылды дамыту, патриоттық және азаматтық позиция, мәдениет және бос уақыт, экология және абаттандыру, волонтерлық бастамалар, отбасылық құндылықтар бағытындағы жобаларын ұсына алды.

Міне, осы тұста біздің «Тұлғалық қабілетіңді дамыт» курсы да орын алып, қатысуға мүмкіндік иелендік. Елбасының жастарды қолдау бағдарламасы арқасында өз еліміздің ризашылығын алатындай жоба бастауға мүмкіндік алдық. Үздік деп танылған жобамыз  1 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантқа ие болды. Сонымен қатар жобамыз 6 ай бойына халыққа тегін әлеуметтік пайдасын тигізу мақсатында халқымыздың ризашылығына ие болады деген сенімдеміз!

Аталмыш жоба осыдан төрт ай бұрын бастау алған болатын. Мені ең алғаш осы жобамен таныстырып, осындай мүмкіндікті сыйлаған тобымыздың лидері, phd  докторант, коуч-тренер -  Қарақожаева Алия ханымға алғысым шексіз. Жобамыздың  іргесі сауалнама арқылы басталды. Сауалнамадан түскен ақпаратты зерттеу нәтижесінде 500-ге жуық қыз-келіншектер қамтылып, сараланып іріктеуден өткізілді. Қамтылған орта: 20-55 аралығындағы қыз-келіншектер, көпбалалы аналар. Тренингіміздегі ең көп қамтылған жас мөлшері - 33 жас. Олардың ішіндегі: 61,1% жұмыс істемейді, 38,9 % жұмысқа қабілеті бар. Өз өміріне қанағаттану деңгейі басым көпшілігінде 10 баллдан  орташа 5 баллдық шкаламен бағаланды. Басым көпшілігі, яғни 87,4 %  күйеуде, 11,4% ажырасқан, 1,4% жесір. Білім деңгейі: 65,3% жоғары, 29,1% орташа, 5,6% мектеп аралық білім.

«Тұлғалық қабілетіңді дамыт» тренингіміздің  мақсаты: тұлғалық даму курстарын жүргізу, өзін-өзі табу, қаржылық сауаттылыққа үйрету, кәсіби бағыт-бағдар беру, кемшіліктермен жұмыс істеу,- ті +ке айналдыра отырып жаңа қабілеттерін ашу, өмірге деген жаңа көзқарас танытып өз орнын табуға көмектесу болып табылады. Әрбір қыз-келіншекпен жеке-жеке жұмыс істеу болып табылатын тегін тренингіміздің алты айда қоғамға тигізер пайдасы зор екеніне еш күмәнім жоқ.

«Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз»,- Елбасымыздың  айтқан осы сөзі бізге үлкен міндет жүктейді. Сондықтан, еліміздің беделін өсіріп, зор табыстарға жетуге тілектеспін.«Zhas Project» жобасына осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін алғысым шексіз! Ал, біз өз тарапамыздан  қыз-келіншектерден  «алғыс естіп» ісімізді шыңдай береміз,- деп уәде етемін!

Авторы: Гульвира Нурмаханбетова 

0 Пікір Кіру