26 қыркүйек кинопремьералары - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

Брэд Питт әкесін іздеп ғарышқа аттанады

Бүгін ғарыштағы Брэд Питт, Мишель Уильямс пен Джулианна Мурдың текетіресі, Ибицадағы француз отбасы мен тылсым құбылысты камераға түсірген америкалық шоумендер.

«Жұлдыздарға ұмтылыс» («К звёздам» / «Ad Astra») [16+]: Басты рөлде Брэд Питт ойнаған фантастикалық драма.

Картина ғарыш тақырыбына арналады. Сюжет бойыншаамерикалық астронавт аса құпия зерттеумен айналысу үшін көп жыл бұрын ғарышқа ұшып жоғалып кеткен әкесін табуға аттанады.

Актерлік құрамда, сондай-ақ, Томми Ли Джонс, Дональд Сазерленд секілді кино ардагерлері бар.

«Тойдан кейін» («После свадьбы» / «After the Wedding»)[16+]: 2006 жылы шыққан аттас картинаның ремейкі. Басты рөлдерде Мишель Уильямс пен Джулианна Мур ойнайды.

Фильмде Үндістанда қайырымдылықпен айналысатын Изабель есімді келіншек туралы баяндалады. Оған ірі корпорацияны басқаратын бір әйел бірнеше миллиондық қаржы бермекші болады. Олар Нью-Йоркта кездесіп, осыны талқылайды. Бірақ Изабель сол әйелдің күйеуімен танысқаннан кейін қауіпті ойынның ортасында қалғанын біледі.

«Жынтективтер» («Призрачный патруль» / «Deadtectives»)[16+]: Комедия элементтері бар америкалық хоррор.

Сюжеті жын-періге арналған реалити шоудың жүргізушілері төңірегінде өрбиді. Олар Американың түрлі иесіз үйлеріне кіріп, тылсым құбылыстарды түсіреді. Шын мәнінде олардың көрсетіп жүрген нәрселері түкке тұрғысыз, сол себепті шоудың рейтингі түсе бастайды. Көрермендердің назарын аудару үшін жүргізушілер Мексикада тылсым құбылыстарымен белгілі бір үйге барады. Сөйтсе бұл жерде шынымен қорқынышты аруақтар мекендейді екен.

«Ибица» («Ibiza»)[16+]: Белгілі актер Кристиан Клавьенің қатысуымен түсірілген француз комедиясы.

Сюжетте жаңадан қосылған Филипп пен Кэрол есімді жұп туралы айтылады. Кэролдың екі баласы бар. Филипп оларға ұнау үшін бәріне де дайын. Тіпті, үлкен баласына демалысты Ибицада өткізуге уәде беріп те қояды.

«Қаһарман» («Герой») [12+]: Ресейдің ірі бюджетті экшн-триллері. Басты кейіпкерді Александр Петров ойнайды.

Фильмде жасөспірімдерден барлау агенттерін дайындайтын мектепте тәлім алған Андрей есімді жас жігіт туралы баяндалады. Арада көп жылдар өткен соң әлдебіреулер оның соңына түседі. Еуропада қашып жүріп, Андрей махаббат пен сатқындықтың дәмін татады, шпиондық ойынның тұзағынан құтылуға тырысады.

Сонымен қатар марқұм актер Антон Ельчин туралы«С любовью, Антоша» («Love, Antosha»)деректі фильмі жарыққа шықты.


0 Пікір Кіру