Хабибтің спорты дінге жат па? Теологтың пікірі - на weekend.bugin.kz
Bugin.kz - на weekend.bugin.kz Bugin.kz

Хабиб – әлемге мұсылмандарды танытқан жан

Соңғы уақыттары Хабиб танымал болған сайын, оған сын айтушылар да көбейді. Әсіресе, имамдар мен мұсылман ғалымдары Хабибтің айналысып жүрген спортын көп сынға алатын болды. Дінімізде «кәсіби бокс пен ММА спортымен айналысуға бола ма әлде болмай ма?» деген үлкен дау басталды. Танымал имамдар мен ұстаздардың кейбірі мұны «харам» деп, мұсылмандарды бұдан аулақ болуға шақырып жатыр. Ал ресми муфтият болса үнсіз, сабырда отыр.

Осы орайда мұсылман халықтарының арасында талас-тартысқа айналған спорт түрлері жайында өз ойымды жеткізуге бел будым...

Ең алдымен, мынаны анықтап алғанымыз жө: Ислам спортпен айналысуға тыйым салмайды, керісінше, оған үндейді. Спорттың адам өмірінде қандай үлкен маңызға ие екенін бәріміз білеміз. Әсіресе, қазіргі қала өміріне өте керек нәрсе. Бәрі компьютердің алдында отыратын заман. Бұл денсаулыққа өте зиян. Сондықтан ара-тұра қозғалып, қимылға келіп отыру үшін спортпен айналысуымыз керек.

Дініміз ер адамның мықты болғанын қалайды. Мықты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек. Күш-қуаты көп, батыл да батыр мұсылмандардың дінге әкелер мысы басым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер азаматтарды елі мен жерін қорғауға шақырған. Сондықтан спорттың кейбір түрлеріне ерекше мән берген. Яғни, ер азаматтың күшін көбейтіп, әскери өнерін жетілдіретін, қимыл қабілетін қалыптастыратын спортпен машықтануға үндеген. Ал бұған күрес те, бокс та жатады.  

Күреспен айналысуға бола ма?

Күрес жарақаты көп спорт болғандықтан, онымен айналысуға келгенде имамдардың ойы екіге бөлінеді. Бірі онымен айналысуға болады десе, бірі болмайды дейді. Бірақ егер мұсылман өзін және өзгелерді қорғау үшін күреспен айналысамын десе, оған күрестің кез келген түрімен айналысуға рұқсат етіледі. Бұған имамдардың барлығы келісіп отыр.

Мәселен, Шафиғи мәсхабының ғалымдары жекпе-жекте қолданылатын қаруларды екіге жіктейді де, қолдан атылып, ұшып шығатын қаруларға бір ауыздан рұқсат береді де, қолда тұратын қаруларға кейде рұқсат етеді де, кейде тыйым салады. Алғашқы қарудың түріне садақ, найза, тас, гір, тағы басқа ұшатын, лақтырылатын қарулар, екіншісіне қылыш, семсер, тағы басқа қолда тұрып айқасуға қолданылатын қарулар жатады.

Ал екінші қаруды қолдануға тыйым салатын имамдар "мұндай қару адамды жарақаттауы, өлтіруі мүмкін" дегенді айтады. Ал рұқсат етуші ғалымдар "мұндай қаруларға рұқсат етілмесе, соғыста қолданылмайтын еді ғой" дегенді алға тартады. Қазір бұрынғыдай қылыштасатын уақыт емес, әрине. Спортта тек семсерлесу (фехтование) ғана бар. Оны денсаулыққа зиян келтіреді деп айту қиын.

Бірақ Шафиғи мәзһабының ғалымдарының бөлген жекпе-жектің екінші түріне күрес, каратэ, бокс, самбо сынды кең таралған спорт түрлері де  жатады. «Ал бұған рұқсат етілген бе?» деген сауалды қазір екінің бірі қояды.

Қазір ата-аналардың көбі балаларын осындай спорт түрлеріне беріп, мықты, батыл болып өссін деп тілейді. Бұл дұрыс, бұған рұқсат етілген. Бірақ адамның жүзінен, бетінен ұруға тыйым салынған.

Ақша үшін күресуге бола ма?

Мұхаммед ибн Әли ибн Рукананың жеткізген хадисінде Рукананың Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.ғ.с) күрескені айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оны бірнеше рет жеңген де екен.

Ал осы оқиғаны баяндаған Сайд ибн Жүбәйрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) олжа үшін күрескені айтылады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Батха жерінде жүрген кезінде оған қой бағып жүрген Рукана (кейде оның ұлы Язид) келіп, күреске шақырған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Руканаға: "Жекпе-жекке не тігесің?" деп сұраған көрінеді. Сонда Рукана "қой тігемін" деп жауап береді. Күресте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жеңіп кетеді. Сонда Рукана тағы да жекпе-жекке шақырып, тағы бір қойын бәске тігіп, тағы да жеңіліп қалады. "Ер кезегі – үш" дегендей, Рукана әлі де жеңілгенін мойындамай, үшінші рет күресуге шақырады. Тағы да бір қойын бәске тігеді. Үшінші рет те жеңіліп қалады. Сонда Рукана: "О Мұхаммед, Алла атымен ант етемін, мен ешкім жеңіп көрмеген еді!" деп жеңілгенін мойындап, Ислам дінін қабылдаған екен. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған қойларын қайтарып беріпті.

Осы хадисті мысал ретінде алып кейбір имамдардың "спортшыларды рұқсат етілген спорт түрлерімен айналысып, соған сыйақы мен марапаттау алуға болады" дегенімен келісуге болады.

Өйткені бұл имамдар спорттық кездесулерді даладағы, көшедегі төбелес пен "қырылыс" емес, ұйымдастырылған шара деп баға береді. Жекпе-жекті тоқтатын арнай судья, төраға және дәрігерлер болады дейді. Олар адам денсаулығына зиян келетін жерде, спортшылардың арасына түседі, арашалайды. Спортшының да жекпе-жекке қатысуға не қатыспауға еркі бар. Жеңілгенін мойындайды не "төбелескісі" келмейтінін айтуы мүмкін. Оны ешкім төбелес деп күштемейді.

Қылмыс көп елде күреспен айналыспа деген не сөз?

Имамдар қандай да бір бәтуа берердің алдында қазіргі заманның жағдайын, аймақтың тыныс-тіршілігі мен реалиясын толық қамтығаны жөн. Әсіресе, ТМД елдеріндегі жағдай басқа мұсылман елдеріндегі жағдайға қарағанда бөлек. ТМД – қылмысы мен қараңғы көшелері көп аймақ. Түнде де, күндіз де мастар жүреді. Жанжалқой, ұрынғыш, төбелескіш адамдар көп. Олардан қорғана алудың өзі – өнер. Мәселен, Ресейде мұсылман-жұмысшыларды сабау фактілерінің азаюына мұсылман спортшыларының әлемге танымал бола бастағаны себеп болған екен. Тіпті, бір гастербайтер UFC чемпионы атанған.

Әскерде «дедовщина» атанып кеткен дүние – бұл да әлімжеттіктің бір түрі. Әскерде де, көшеде де өзің үшін "тұрып бере алуың керек". Басқаша болмайды.

Сондықтан имамдар бәтуа айтып, үкім шығарар кезде жан-жақты қарастырғаны дұрыс. Ал жағдайды ескермей, шариғат кітаптарында жазылған үкімді айтып, күреспен айналысуға тыйым салуға, әсте болмайды.

Әлем Хабиб арқылы мұсылмандарды тануда...

Дінімізде мұсылман емес елдерде өмір сүріп жатқан мұсылмандардың жағдайын қарастыратын арнайы «фикх әкәллият» ілімі бар. Мәселен, ислам банкі мен банкинг жүйесі жоқ елде мұсылмандар қалай шариғат үкімдерін бұзбай баспана не пәтер сатып ала алады? Күрестен ислам федерациясы жоқ елдегі талантты мұсылман спортшылардың өмірі не болмақ? Спортпен айналысудан бас тартуы керек пе?

Егер қазақтар да «бокс – харам» деп онымен айналыспай қойғанда, қазақстандық бокс мектебінің шеберлігін әлем тани алмас еді. Сол сияқты кавказ халықтары да күреспен айналысуды доғарса, кавказ күрес мектебі мен ММА-ды да ешкім танымас еді.

Ал «спортшыларды баюға, ақша табуға тырысады» деп айыптайындарға қазір кез келген саланың монетизацияланып жатқанын айтқым келеді. Медицина, білім беру, өнер саласы, қызмет көрсету... – бәрі-бәрі ақылы. Сол сынды спорт та ақшаға айналып барады.

Сондықтан Хабиб Нурмагомедов бауырымызды түсінуге болады. Оған екі жолдың бірін таңдау керек болды: бірі – спортты, жаттығуды тастап, аз ақшаға жұмыс істеу не жекпе-жекке шығып, көп ақша тауып, отбасын, туған-туыстарын асырап, басқа мұсылмандарға қамқорлық жасау.

Қазір бүкіл әлем Хабибке көз тігіп отыр. Оны танығысы келгендер көп. Олар Хабибті тану арқылы мұсылмандарды таниды. Хабиб спортпен тапқан табысын мұсылмандардың игілігі үшін жұмсағысы келеді. Туған ауылына аурухана, мектеп, балабақша, спорт кешенін салып беруді армандайтынын талай айтқан. Ол мұқтаж мұсылмандарға көмектесуден бас тартпайды әрі оларға көмектесуді өмірінің өзегіне айналдырған жан.

Хабибтің мұсылман әлемі үшін жасаған жақсылықтарындай амалды оны сынаушылардың, уағыздаушылардың қайсысы жасап көріпті? Хабиб – әлемге мұсылмандарды танытқан адам. Мұсылмандарды қазіргі әлемге бұлай танытқан адам жоқ әзірше.  

Сондықтан мұсылман бауырымызды сынап-мінеместен бұрын оның өмір сүріп жатқан ортасын, заман мен дәуірін ескерген жөн. Дінімізде біреуді даттаудың күнәсі ауыр. Тек Алланың ғана сот жүргізуге хақысы бар.

Егер әлемде еркін күресті дамытып, оның спортшыларына UFC төлегендей гоноррар төлеуге ниет білдірген мұсылман миллиардерлері болса, сөзсіз, Хабиб бұл жолға түспес еді. Ал ондай мүмкіндік болмаған соң, ММА-ға барудан басқа амалы жоқ.

***

P.S. Сондықтан Хабибті сынау арқылы өзін шариғат жолын мінсіз ұстанушы мұсылман ретінде көрсетіп, пиар жинаудың қажеті қанша? Қазір біреудің танымалдылығы арқылы танымал болу модаға айналып барады. Ал жақсы, Хабибті сынап жазба жазып, материал жарияладық дейік. Сонда одан түскен пайда қандай? Кімге қандай көмек жасадық? Талантты спортшылардың бағын байлағанмен бірдей емес пе? Мұсылмандардың айтатын басқа мәселесі қалмағаны ма сонда?

Одан да ондай сынаушылардың спортты ислам әлемінде дамыту үшін үкіметке хат жазып, кәсіпкерлермен сөйлесіп, ұсыныс тастағаны жөн емес пе? Сонда өнімдірек болады? UFC-дің орнына өзімізді ИСФ-мызды (Ислам спорт федерациясы) құрғанымыз артық емес пе? Бұл Ислам үшін әлдеқайда пайдалы болар еді?

Марат Смағұлов

Автор жайлы: Марат Смағұлов – Египеттегі әл-Асқар университетінің түлегі, теолог магистр, теолог ғалым. Посткеңестік елдердегі ислам дінінің дамуын, исламдағы экономика мен құқық мәселелерін зерттеген ғалым.

0 Пікір Кіру