Жастардың уақытша мотивацияға тәуелділігі немесе жасөспірім мен мотивация егіз ұғым - на weekend.bugin.kz
Ақмарал Берекет - на weekend.bugin.kz Ақмарал Берекет

Мотивацияға тәуелді жастар мен мотивация беретін авторлар

Адамның алға қойған мақсатына жетуіне құлшындыратын психологияда кең қолданылып жүрген ұғымның бар екенін білетін боларсыздар. Ол тіпті адамға кез келген істі бастап, оны ойдағыдай аяқтауына көмектеседі. Иә, бұл – сіз ойлағандай «мотивация» ұғымы. Қолданылу ыңғайына қарай қазақша "ниет", "түрткі", "кірісу", "жігерлену", "ынталану" сөздерінің мағынасына жақын келеді. Алда айтар әңгіме де осы мотивация жайында болмақ.

Жастардың мотивацияға тәуелділігі

Жалпы адамзатқа кез келген істі бастап, одан нәтиже алу үшін бір тылсым күш қажет. Бұл - қазіргі жасөспірімдердің 90%-ының пікірі. Тіпті ол күшті «мотивация» деп атайды. Оларға білім алу үшін, кітап оқу үшін, сұранысқа ие маман болу үшін, жалпы кез келген әрекетті жасау үшін осы бір мотивация ғана жеткілікті секілді. Мотивация өткінші, уақытша күш қана. Оның әсері асып кетсе бір аптаға жетеді. Бұны біле тұра, жасөспірімдер мотивацияға тәуелді. Осы тұрғыда студенттердің жалпы мотивация мен оған деген тәуелділік туралы пікірлері:

Мөлдір. Мотивация өмір сүруге құлшынысы жоқ, өмірден баз кешіп жүрген адамдарға қажет. Қазіргі таңда жастардың біразы мотивациялық тренингтерге барып, дәріс алып жүр. Оның себебі - үйінде сол адамға шабыт беретін адамның жоқтығы. Тек жастар емес, сонымен қатар орта буын өкілдеріне де мотивация керек. Негізі мотивация деген жай ғана сандырақ секілді.

Қуантай. Мотивация, менің ойымша, сананың құр сөзге алдануы. Оның пайдасы бар болса бар шығар, бірақ көп емес дер едім. Қазіргі таңда жастар сол құр сөзге тәуелді секілді. Себебі барлығы «анандай жерде мотивациялық тренинг өтеді екен», не болмаса «мына бір жерде мына кісі мотивацияны тегін береді екен» деп босқа уақытын өткізіп жатыр. Адам өзін өзгертем деп шешсе, ешкімнің ақылына жүгінбей, түпкі санамен ғана жұмыс жасап өзгерте алады.

Айгерім. Мотивацияны адамның жұмысына немесе жақсы көретін ісіне ынтасын оятатын әсер алудың бір түрі дер едім. Қазіргі жастар мотивацияға тәуелді, себебі оларға жалқаулықты жеңу үшін мотивация керек. Алайда ол адамның ниетіне байланысты. Шын жүрегіңмен қаласаң, барлығын өзің-ақ істеуге болады.

Мотивацияның түрлері

Ішкі мотивация - сыртқы ортаның қалай болуына қарамастан мотивациялық талпыныс ішкі ниеттен оянады. Онда міндеттің өзі құштарлық және шаттық туғызады. Ішкі мотивацияның артықшылығы, ішкі құштарлық оянған жағдайда адамның өз артықшылықтары түгел іске қосылады және орындауға міндетті қабілет пен өнерді өздігінен үйренеді.

Сыртқы мотивация - мотивация тұрақты талпындырушы ретінде көбінесе сыртқы орта талаптарына бағынады. Сонда кіріс, мәртебе, мансап секілді сыртқы нәрселердің талабымен мақсатқа белсенділік оянады. Сонымен қатар ол белсенділік ішкі мотивация ниетімен қайшыласып жатады. Яғни, өз талпынысын соншылық сүйе қоймайды, бірақ қажеттілік үшін соған барынша талпынуға мәжбүр болады.

Оң мотивация адамды еркін шабыттандырып, жігерлендіріп, белсенді етіп, үміткер етіп, қайтпас қайсар етеді.

Теріс мотивация  адамды салғырттандырып, енжар етіп, үмітсіз етіп, босбелбеу етіп, шегіншектетеді.

Мотивация беретін қазақстандық авторлар мен кітаптар

Бүгінгі күнде кітап жазып, оны шығару еріккеннің ермегіне айналып кеткендей. Кішігірім атағы бар адамдардың біраз бөлігі өз өмірінен ой толғайды әйтеуір. Бірақ оларды да кінәлай алмаймыз. Өйткені қазақ қоғамы, әсіресе қоғамдағы жастардың біразы соны талап етіп отыр. Қоғамның қалағанын ұсыну - кез келген адамның міндеті. Қоғамдағы жастардың мотивацияны қажетсінетіндігін ескерсек, Қазақстанда да мотивациялық кітаптардың өмірге келуі заңдылық дер едім. Қазақ жастарына қазақша мотивация беріп жүрген авторлар мен кітаптар тізімін назарларыңызға ұсынамын.

Қуаныш Шонбай – «Екінші болма». Автор бұл кітабында жеке адамды және бизнесті дамытуға қатысты әртүрлі ой-пікірлерімен бөліседі. Ол қазақша жеңіске жету теориясын ұсынады. Оның ойынша жалпы жетістікке жету теориясы жеңіс, нысана, шабыттан құралады. Мотиватор Шонбай ол ұғымдарды былай түсіндіреді:

«Алдыңа мақсат қою қиын. Бірақ осы мақсатқа қол жеткізген соң, көп адамдар жұлдызды ауруға ұрынып, босаңси бастайды. Сондықтан үлкен жетістікке емес, оның жолындағы кішігірім жеңістерге ұмтылу керек».

«Мақсатты емес, мақсатқа апарар жолды белгілеп алу керек. Ал, нысана – сол жолдағы әр кезеңде белгілі бір мәселелерді шешу. Сондықтан да мақсат емес, нысана белгілеп ал, сол кезде жеңіс жолында жүресің».

«Шабыт – қазаққа етене жақын ұғым. Шабыттансаң, айтыскер ақындарымыз сияқты бірнеше көлікке қол жеткізесің, кітап жазасың, музыка шығарасың, бизнес жасайсың».

Кәмшат Бекжігітова – «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт». Автор бұл кітабында өзінің басынан өткен оқиғаларды қалай шешкенін айтады. Ол оқырмандарына ақыл айтпайды, жай ғана кеңес беріп, шешілмейтін мәселенің жоқ екендігін түсіндіреді. Оның ойынша, «кім-кімді де тағдырдың теперішінен құтқаратын күш - ата-ана, дос-жараң, қоғам, орта емес, сол адамның – нақ өзі». Автордың кейбір кеңестері:

- өзіңнің жалқаулығыңмен, өзіңнің әлсіз тұстарыңмен жұмыс істеу керек;

- алған теорияны күнделікті өмірде пайдаланған дұрыс;

- өзіңді тек өзіңмен салыстыр;

- кез келген адамды немесе жағдайды өзің қалағандай етіп өзгерт;

- өмір бойы жан-жақты дамы;

- аффирмациямен тұрақты түрде жұмыс істе т.б.

Шыңғыс Мұқан – «Көшбасшылық». Автор бұл кітабына әлемдегі көшбасшылық тақырыбын зерттеген ең үздік 10 кітапты енгізген. Ол кітаптар: «Көшбасшы болу хақында» (Уоррен Беннис), «Тиімді басшы» (Питер Друкер), «Өзгерістің алдында бол» (Джон Коттер), «Эмоционалды көшбасшылық» (Дэниел Гоулман, Ричард Бояцис, Энни Макки), «Күрсеуі қиын көшбасшылық» (Рональд Хайфетц), «Көшбасшылық сынағы» (Джеймс Кузес, Барри Познер), «Жақсыдан – жасампаздыққа» (Джим Коллинз), «Дұрыс бағыт» (Билл Джордж, Питер Симс), «Неге деген сұрақтан баста» (Саймон Синек), «Нағыз лидерлік» (Дин Уильямс). Демек бұл кітапты оқыған адам он кітапты оқи алады. Бұл кітапта «Авторлардың түйінді бір мәселеде пікірі бір арнада тоғысады: лидердің басты жұмысы – өзгеріс». Яғни бұл кітап аударылып, жинақталып шығарылған.


0 Пікір Кіру