19 қыркүйек күнгі кинопремьералар - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

Джеки Чан мен Шварценеггер Рэмбомен бәсекеге түседі

Бұл аптаның фильмдері жұлдыздарға толы. Олардың арасында Сильвестр Сталлоне, Джеки Чан, Арнольд Шварценеггер, Джеймс Франко, Натали Портман, Майкл Фассбендер, Райан Гослинг, Руни Мара, Кейт Бланшетт, Ольга Куриленко бар. Сонымен қатар отандық режиссер Нияз Әбдіғапардың әлеуметтік драмасы шықты.

«Рэмбо: Соңғы қан» («Рэмбо: Последняя кровь» / «Rambo: Last Blood») [18+]: культқа айналған кейіпкердің соңғы көрінуі. Бесінші бөлім 1982 жылдан бері келе жатқан франшиза аяқтайды деп хабарланды.

Сюжетте өмірінің соңғы күндерін Мексика шекарасына жақын жердегі фермада өткізіп жатқан Рэмбо көрсетіледі. Танысының қызы жоғалып кеткеннен кейін оны табуға көмектеспек болады. Іздеу барысында Рэмбо наркокартелдің жендеттеріне ұрынады.

«Айдаһар мөрінің құпиясы» («Тайна печати дракона») [6+]: Ресей мен Қытай бірігіп түсірген картина. Актерлік құрамда Джейсон Флеминг, Арнольд Шварценеггер, Чарльз Дэнс, Рутгер Хауэр (марқұмның соңғы рөлдерінің бірі) сынды жұлдыздар бар. Бұл жоба - 2014 жылы шыққан «Вий» картинасының жалғасы.

Ағылшын саяхатшысы Джонатан Грин Петр Бірінші патшадан Ресейдің Қиыр Шығысының картасын әзірлеуге тапсырыс алады. Ол көп қызыққа толы ұзақ сапарға аттанып, Қытайға ат басын бұрады. Ғалымның қара сиқырға деген күмәні тағы сынға түседі.

«Күн балалары»/ «Дети солнца» [14+]: Нияз Әбдіғапар түсірген қазақстандық драма. Рөлдерде Азиз Бейшеналиев, Шәріп Серік, Әсемгүл Ибраева, Нияз Әбдіғапар, Ержан Түсіпов ойнайды.

ДЦП, аутизм және Даун синдромы секілді диагнозға ұрынған төрт адамның оқиғасы. Фильмде мүгедек жандардың күн сайын қандай қиындықтармен бетпе-бет келетіні көрсетіледі. Олар үшін өмір – күрес пен сынақ. Қиындықты олар қайсарлықпен, еңбексүйгіштігімен және жігерімен ғана жеңе алады.

«Зеровилль» («Zeroville») [18+]: Джеймс Франконың режиссерлік жұмысы. Фильмге Меган Фокс, Сет Роген, Джеймс Франко, Уилл Феррелл, Джеки Уивер, Дэйв Франко, Джои Кинг, Дэнни МакБрайд, Крэйг Робинсон секілді актерлер түсті.

Сюжетте киноға құмар студент-архитектор туралы баяндалады. Ол Голливудқа аттанып, киноның, секстің, есірткінің, рок-н-роллдың, күйреген ірі киностудиялардың және өркендеген тәуелсіз режиссерлер әлеміне тап болады. Кинематограф әлеміне енудің соңы фиаскомен аяқталатынын ешкім күтпеп еді.

«Yesterday» [12+]: Дэнни Бойлдың фэнтези-мюзиклы. Фильм The Beatles тобының хиттарымен әрленген. 

Сюжетте адамдар әлдебір себеппен The Beatles тобының болғанын мүлдем ұмытып қалған әлем көрсетіледі. Тек оның композицияларын Джек есімді қарапайым жігіт қана біледі. The Beatles әндерін орындағаннан кейін ол супержұлдызға айналады. Көпшілік әндердің авторы Джек деп ойлайды.

«Бөлме» («Комната желаний» / «The Room») [16+]: басты рөлдеОльга Куриленко ойнаған фантастикалық драма.

Фильм оқиғасы оқшаудағы зәулім үйге көшіп келген ғашық жұп төңірегінде өрбиді. Үйді жөндеп жүріп олар жасырын бөлмені тауып алады. Бөлменің бір қасиеті бар - ол кез келген ниетіңді орындайды. Жас әйел өзіне бала тілемекші болады. Бірақ бұның құны әлдеқайда жоғары екенін ол білмейді.

«Пайызторғай» («Щегол» / «The Goldfinch») [18+]: Донна Тарттың аттас романына негізделген америкалық драма.

Картинада Метрополитен музейіндегі теракт кезінде анасынан айырылған жас Теодор туралы айтылады. Тео бір қарияданКарел Фабрициустың картинасы мен сақина алады. Осыдан бастап ол өнердің астыртын әлемімен танысады.

«Әннен әнге» («Между нами музыка» / «Song to Song») [18+]: Терренс Маликтің музыкалық мелодрамасы. Актерлік құрамда Натали Портман,Майкл Фассбендер, Райан Гослинг, Руни Мара, Кейт Бланшеттсекілді жұлдыздар бар.

Сюжетте музыкалық карьера құрғысы келетін Фэй есімді бойжеткен туралы баяндалады. Оның Кук есімді бай әрі ықпалды продюсері бар. Оларды тек іскерлік қарым-қатынас қана байланыстырмайды. Бірде қыз БиВи есімді музыкантпен танысады. Осыдан бастап әр кейіпкерге өз өмірі үшін таңдау жасау қажеттігі туындайды.

Бұлардан бөлек «Элефант» деген Ресей комедиясы, ағайынды аюлар туралы мультфильмдер сериясының екі бөлімі прокатқа шықты.

0 Пікір Кіру