Сізді қорғайтын Заңдар  - на weekend.bugin.kz
Мереке Зейноллақызы - на weekend.bugin.kz Мереке Зейноллақызы

Сіз өз құқығыңыз туралы не білесіз?

Өзіңізді заңдық тұрғыда қорғай аласыз ба? Біреуге - жалған, біреуге - шындық, адам құқығының тапталу фактілері жиі орын алады. Тәуелсіз заманда, ақпарат айдыны толассыз уақытта, өкінішке орай өз жеке басымызға байланысты құқығымызды білмей жатамыз. 

Бүгінгі мақалам көпке пайдалы болар деген ниеттемін, себебі ҚР «Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясындағы» (әрі қарай Декларация) әрбір адамды қорғайтын тармақтар туралы қозғамақпын.

Алдымен, жеке өмірден бастасам, отбасыға бөгде адамдардың араласуынан, не болмаса әлеуметтік желі арқылы жеңіл сөз тарату арқылы жас шаңырақты арандату фактілері баршылық. «Күйеуімді тартып алды, күйеуіме жалған сөз таратты» деген сылтау сізді еш қорғамайды. Жалпыға бірдей Декларацияның 12-бабы бойынша «Әр адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше араласуынан, озбырлық жасап баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғуынан, ар-намысы мен абырой беделіне нұқсан келтіруінен қорғалуға құқығы бар». Ендеше, өз тағдырыңыз - өз қолыңызда. Өз отбасыңызды қорғаңыз!

Сөз еркіндігі, ой еркіндігі, дін еркіндігі. Сіз ҚР азаматы ретінде өзіңіздің ұстанымыңызды Декларацияның 18-бабына сәйкес еркін бола алуға құқығыңыз бар: «Әр адам ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар; бұл құқық өз дінін немесе наным-сенімін өзгерту еркіндігін, өз дінін, наным-сенімін жеке өзі, немесе басқа адамдармен бірігіп тұтып, жария түрде, немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, діни салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды»

Тағы бір актуалды тақырып - еңбек құқығының бұзылуы, уақытылы демалыс ала алмау, қызметтік түсініспеушіліктер. Сіз Тәуелсіз елдің азаматы ретінде Декларацияның 23-бабына сәйкес тармақтарды талап етуге құқығыңыз бар:

«1. Әр адамның еңбек етуге, жұмыс түрін еркін таңдауға, әділ және қолайлы еңбек жағдайына, жұмыссыздықтан қорғалуына құқығы бар.

2. Әр адамның құндылығы тең еңбегі үшін, нендей бір кемсітусіз, тең еңбек ақы алуына құқығы бар.

3. Жұмыс істеп жүрген әр адам өзінің және отбасының ылайықты өмір сүруін қамтамасыз ететіндей әділ және қанағаттанарлық және қажет болған кезде, басқа әлеуметтік қамсыздандыру құралдары арқылы толықтырылып отыратын, сый-сияпатқа құқылы.

4. Әр адам кәсіподақтарын құруға және өз мүдделерін қорғау үшін кәсіподақтарына кіруге құқылы».

Сонымен қатар, қоғамдық өмірге, мәдени салаға белсенді араласуға декларацияның 27-бабына сәйкес:

«1. Әр адам қоғамның мәдени өміріне еркін қатысуға, өнерден рахат-ләззат алуға, ғылыми прогреске ат салысуға әрі оның игілігін пайдалануға құқылы.

2. Әр адам өзі автор болып табылатын ғылыми еңбегінің, әдеби немесе көркем шығармаларының нәтижесінде туындайтын рухани және материалды мүдделерін қорғауға» құқығыңыз бар.

Тағдырыңыз өз қолыңызда және оны заңдық тұрғыда қорғайтын заңнамалар бар екенін ұмытпаңыз. Көбінесе, адам моральдық және материалдық тұрғыда өз құқығын қорғай алмағандықтан зардап шегіп жатады. Заңдық сауатсыздық біздің қоғамда бар, өкінішке орай. Сондықтан үнемі өз құқықтарыңызды білетін, сауатты тұлға бол біліңіз. Алдағы уақытта заңнамалық сауаттылық турасында қажетті деген заң тармақтарымен бөлісіп отыратын боламын. Сіз Тәуелсіз дамыған мемлекет азаматысыз және мемлекет Сізді қорғайтынын естен шығармаңыз!


 


 


0 Пікір Кіру