Нарықтан жеңілген өнер - на weekend.bugin.kz
Абай Қаржаубайұлы - на weekend.bugin.kz Абай Қаржаубайұлы

Болу мен болғансудың арасын қайтіп айырмақпыз?

Марсель Дюшан деген француз және американ суретшісі бір күні дүкеннен жаңа писсуар сатып алып, оны 90 градусқа айналдырып, төменгі жағына қазақшалағанда «ақымақ» дегенді білдіретін «R. Mutt» деген жазу жазып, бұл – сол кезде өте жоғары бағаланған өзінің «Фонтан» деген жаңа туындысы екенін жариялайды. Бұл 1917 жыл еді. Арада тура бір ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ең қызығы, бұдан он бес жыл бұрын, яғни 2004 жылы «Дейли телеграф» газеті британдық өнер нарығының бес жүзге тарта ең алпауыт, ең талғампаз сыншыларын жинап өткізген сауалнамада Дюшань туындысы 64 пайыз дауыс жинап «ХХ ғасырдың ең ұлы туындысы» атанды.

Тағы бір мысал. 1991 жылы Адриан Херст деген ағылшын суретшісі 6 мың фунтқа акула сатып алады. Сонсоң оны маринадтап Англияға әкеледі. Аквариумға орналастырып, «данышпанымыз» оған ат қояды: «болмайтындай көрінген өлім туралы ой» дегенге саятын. Содан кейін «Саачи» агенттігі балықты 50 мың фунтқа сатып алады. Ал 2005 жылы маринадталған балық Нью-Йорктегі заманауи өнер Музейіне 14 миллион долларға сатылғанда британ өнері мұхит асып кетті деп бүкіл Англия демін ішіне тартты. 

Бізге дейінгі мұқым адамзат көзінің қарашығындай көріп, тірнектеп жасаған мәдениет, өнердің басты құралы – шығармашылық қиял, шеберлік, тәжірибе, еңбек деген дүниелердің бүгінгі күні қажеті шамалы екені жоғарыдағы мысалдардан-ақ көрініп отыр. Задында, шеберлік – бізге қадым заманнан келе жатқан өнер мен кәсіптің күре тіні. Қытайда әлі күнге дейін өзін-өзі бағалайтын дәрігер өзіне дейін дәрігер болған тоғыз атасына дейін санамалап беріп мақтанады. Троя туралы мифтің ғасырдан ғасырға жетіп, Гомердің шедевріне айналағаны сияқты, Қытайдағы сүйекке ою салу, ағашқа өрнек салу, ойыншық жасау өнерінің ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырғаны сияқты қазақ қоғамында да жеті атасынан емес, жетпіс атасынан ел басқарған немесе жыршылық, бақсылық, ұсталық, зергерлікті ұстаған әулеттер ХХ ғасырдың басына дейін болып келіп, қоғамда тек өзіне тән орыны бар, қазіргі тілмен айтқанда «әлеуметтік топты» құраған-тын. Есте жоқ ескі замандардан бері бұндай адамдар тек сый-құрметке бөленген, тұтқынға, құлдыққа түссе де – өлтірілмеген. Абыл күйшінің түркімендерге тұтқын боп барып, сыйлы қонақ боп қайтқаны – сол ескі жіптіктің ізі. Қайта бұндай өнерпаздарға бар жағдайын жасап, олардың қолынан жауһар дүниелерді алып қалуға, пайдаланып қалуға тырысқан.Египет пирамидаларында парсы сарындарының, еуропалық өнерде  араб мәнерінің болуын да осымен түсіндіруге болады. Бұл өнерпаздар санға мән бермеген – бар күшті, бар қабілетті сапаға, әр туындысын «жүзіктің көзінен өткендей» ғып жасауға тырысқан. Тиісінше, тапсырыс беретін әр шонжар, бай-бағланның қалауы да – осы: өзінен басқа ешкімде жоқ дүниелі болу. 

Осы орайда жоғарыдағы дәстүрлі қоғамның жүйесі қалай сетінеді деген заңды сұрақ туады. Бұл  XVI ғасырда Голландия мен Нидерландыдан басталған буржуазиялық қозғалыстармен байланысты. Бұл қозғалыстардың нәтижелілігі алға жаңа мақсаттар қойды. Қолдарына билік тиген қара шаруалар ақсүйектер құсап өмір сүргісі келді. Олар пайдаланған затты бұлар да пайдаланғысы келді: үйлеріне картиналар ілгісі келді, алтын-күмістелгісі келді, т.с.с. Бірақ қайталанбайтын әрбір туындысына ғұмырын арнайтын өнерпаздар көпшіліктің сұранысын қалай қамтамасыз етсін. Ортада әртүрлі әуесқойлар, пысық делдалдар шығып, нарықты жаулай бастайды. Оның үстіне, кеше ғана құл болған қара шаруалар саф өнерді айыратын деңгейде емес еді. Ал нағыз өнерпаз «өнімсіз» еңбегі үшін ысырыла береді немесе екіншісінің жолына түседі. Содан басталған дүрмек бүгінгі күні өнер туындысының мағынасы оның сатылымының қарқындылығымен есептелуіне әкелді. Туынды сауатты жасалмаса да епті іскер адамның арқасында сатылып, өнер болып есептеледі. Бұл – өнерпаздың кәсібилігіне, нағыз өнердің қажеттілігінің жойылуына әкеліп, әуезқойлықтың өсуіне жағдай жасайды. 

Бүгін құндылықтар, өнер құндылықтары керек ақшаны төлей алатын жеке адамдардың немесе топтың тапсырысымен жасалады. Бұған қызығушылық білдіргендер өзіңнің болашақ пайдасы үшін қаржыландырып, одан саяси немесе материалдық пайда көрмек болады. Бүгін толераттылық құндылық болып саналса, ертең – ымырасыздық, бірісігүні – гедонизм құндылық болады. Сәйкесінше, құндылықтар ретінде белгілі бір беделді тұлғалар да насихатталады. Бүгін – біреу, ертең – басқа біреу, ал бірісігүні үшінші адамды дәріптеу үшін екеуін де ұмытады.

Бұл құбылыс батысқа тән дегенімізбен, бізге де таңсық емес. Қазақ өнерін қоя тұрып, қоғамның қай саласына «көз қыдыртсаң» да дилетанттардан аяқ алып жүргісіз. Бүгінгі таңда тыңдарманы ең көп «қазақ эстрадасы» бір-бірінен айырғысыз әуендік иірімдер, онда да қазақы бояуы жоқ, әр елдің, әр мәдениеттің әуендерден құралған жалаң еліктеуден туған әндерге толы.   Сөздері де мәз емес. Ол басқа әңгіменің шеті. Өнер мен мәдениет халықтың болмысына әсер ететін басты факторлардың бірі екенін ескерсек, қандай мәдениеттің халқы болуымызды бағдарлау оңай болғалы тұрған жоқ. 

Әрине, сөз – қазақтың болмысына сіңіп кеткен, қазақылық өлмейінше өлмейтін – Біржан, Ақан, Мәди, Тұрмағамбеттерден қалған жіптікті жалғап келе жатқан ат төбеліндей аз топ турасында емес. Көпшілік жайлы. Сол сияқты қалың көпшіліктің тамашалайтын қазақтың әзіл-ысқақ және басқа да отауларының деңгейі де шөпті шөңкеден айыра бермейтін өздері тәрбиелеуге тиіс қалың көрерменнің деңгейінен аса алмай отыр. Әлеуметтік желілердегі ақпараттардан, дүйім халыққа аян мысалдардың айналасында ғана ізденетін, репертуары құр мораль оқу мен публицистика құрылған, көрерменнің «қамау терін алу», «ми қыдықтату» (А.Сүлейменов) сияқты үдделерден шыға алмай отырғанына қарамастан, сол театрлардың табанын тоздырған халықты көріп, қазақ көрерменінің талғамы түсіп кеткенін аңдауға болады. 

 Болу мен болғансу

Алайда заманауи танымалдылықтың басқа да өлшемі бар. Бүгінде даңққа бөленген адамды құрметтемейді де, қайта күндейді, кейде тіпті «ол да мен сияқты дарынсыз, бірақ оның өзіне даңқ сатып алуға ақшасы болды» деп жақтырмайды. Менен еш жері артық емес әлдебір, әншінің дейік, қандай жолмен танымал болғанын көріп отырып, менің де қолымнан келетін еді ғой деп еріксіз ойланасың. Өзін-өзі жетілдіруге деген қажеттілікті іскер продюсер табуға деген қажеттілік алмастыруда. Бүгін болудан болғансу маңыздырақ.

Осындан келіп, өнерде немесе басқа бір салада болсын табысқа қол жеткіземін деген жас ізденімпаздың кімге еліктейтінін білмей дағдаруы басталады. 

Қазіргі адамдар өзінің рухани қажеттілігін өтеу үшін жеңіл-желпі дүниелерді сезінсе –  болды. Күрделі шығармаларды көңілінен өткізуге, жүйелеуге уақыты жоқ немесе құлықты емес. Қазанғапты, Сүгірді  болсын, бір тыңдағаннан ұғына қою қиын екені сияқты, ірі жазушыларды оқу да уақытты талап етеді. Бірдеңені терең түрде түсініп сезіну үшін бар ықыласты бір жерге шоғырландырып, үсті-үстіне қарап, ойлану керек. Сол шығармаларды қабылдау үшін керек – пайымдау қазіргі әндерді қабылдауға керек емес. Ән өзі ойнай береді, сен басқа нәрсені ойлап тұра бересің. Адамзат өнерді үстірт қабылдауға үйренді. Бүгінгі күні оқырман мен көрерменнің санасы судың үстінде жүретін өрмекші тәрізді. 

Бұл құбылысқа таң қалып та керек емес сияқты. Себебі өнер әрқашан – қоғамның айнасы. Өнердегі осындай кері кетушіліктің себебін қоғамның ішінен іздеген жөн тәрізді.

Бүгін қоғамдағы процестер геометриялық прогресспен «дамып» жатыр. Саяси оқиғалардың тез өзгеруіне ілесе алмай адам жадының әлсіреп бара жатқандығы – осының куәсі. Неолит дәуірі миллион жылды құраса, агромәдениеттің қалыптасуына 10 мың жыл, ортағасырға мың, Қайта өрлеу дәуіріне бес жүз жыл кетсе, заманауи технологиялардың қазіргіше реттелуіне бар болғаны жарты ғасыр кетті және осы уақыт ішінде адамның қабылдауы түбегейлі өзгерді. Бұл өзгерістер осылай жалғаса берсе, адамның есте сақтауы қабілеті қажетсіз болып қалады.

Ғаламтор адамзаттың тарихын өзгертіп отыр. Ақпараттың көптігі мен қолжетімділігі біліміміздің тереңдеуіне көмектесіп отырған жоқ. Ақпарат көп болған сайын аз білеміз. Бұл тасқынға қандай да бір тосқауыл қоятын жағдайда емеспіз. Ішінде сізге керек емесі көп ақпараттар тасқынында оңай адасып қалуға болады. Бұл психикаға әсер етпей қоймайтыны белгілі. Музыканы қадірлеген Пастернактың айтқан сөзі бар: «Менің тыңдағандарымның ішіндегі ең жақсысы – ол тыныштық». Бүгінгі ақпарат айдыны даңғазалықтың алаңына айналды.

Бұл тығырықтан шығар жол – жеке тұлғаның дамуына барынша қолайсыздық жасау. Негізінде қолайлы талаптардан гөрі қолайсыз талаптар пайдалырақ: тірі қалуы үшін адамның қабілеттерінің дамуына мүмкіндік береді. Адамға  бәрін бірдей: теледидар, ас-суын, қолайлы жағдай, кез-келген ақпаратты дайындап берсе, заттардың құнын айырудан қалады. Өлшеусіз көп ақпаратты қабылдағаннан адамның эрудициясы өспейді. Барлық шараптардың сорттарын біліп, барлық премьераларға барып үлгеруге болады, қымбат бутиктерден де киінуге болады, бірақ бұдан өмірдің сапасы артып кетпейді. Тұрмыс сапасының мәні  тек ойлану мен басқа адамдардың өміріндегі сіздің рөліңіз бен орныңызда. Бүгінгі өмірдің философиясы мен дағдысы сізді ойлануға емес «өмірден керектінің бәрін алып» тұтынуға көндіруде.

Бүгінгі қоғам адамдарды белсенді болуға тәрбиелеуде һәм сондай «белсенді» тұлғаларды үлгі етіп, барынша дәріптеуде. Белсенді, қазіргі түсінікпен белсенділік деген не? Белсенділік адамның әрекетімен ғана байланысты, яғни адам әрекетте болған сайын (өзі үшін ол әрекет қызық па, одан ләззат ала ма, кемелденуіне септігі тие ме – маңызсыз) белсендірек болып саналады. Заманауи белсенділік – қарбаластық, қол босамаушылық, жұмысбастылық (занятость) қана. Ерте замандарда белсенділік туралы түсінік басқаша болған: адам еңбегі, әрекеті арқылы өзін кемелдену үстінде екенін сезінетін (сыртқы көрініс үшін емес, ішкі қажеттілікті өтейтін) әрекетті айтқан. 

Ботасы өлген інгеннің қайғысына қайғырып, күй арнаған қазақтың бүгінгі ұрпағы сол інгеннің терісін тірідей сыпырып жатса да, қыңқ етпейтініне қарамастан өздерін мәдениетті санайды. Осыдан жүз жыл ғана бұрын қазақ Тәттімбеттің күйін тыңдап отырғанда жылағанын естісе – сенбейді немесе түсінбейді. Бұл – бүгінгі қоғамның бар киелілігінен айырылып отырғандығының айғағы. «Сөздің киесі болады» деген қазақы түсініктің өркениетке ұмтылған бүгінгі қазақ қоғамында маңызынан айырылып отыр: екінің бірі ақын, екінің бірі әнші, екінің бірі ғалым. Бұрын оқығандарын пір тұтып, соған жүгінген қазақтың болмысында әлі күнге дейін іштей бір құрмет бар. Бірақ бүгіндері ерінбегеннің бәрі — ғалым. Университет қабырғасынан оқытушылардың студенттің пайымына, дарынына қарамастан ғалымды тәрбиелеуден бұрын жеке есебі үшін мақала жазуға барынша үндеуімен саны бар да сапасы жоқ мақалалар жазылады. Ең сорақысы, әлгі «жас ғалым» өзін шын ғалыммын деп ойлайды. «Түйенің танитыны жапырақ» дегендей ол ғалымдар ғылымға қызмет жолы деп қана қарайды. Өзі өмір сүріп жатқан кезең үшін пайдасы бар ма, әлемдік ғылымда не жаңалық болып жатыр, қайсысы дұрыс, қайсысы керек – талдау, сараптау жоқ. Философия жоқ. Бүгін қоғам неге шөліркеп тұр? Оны ешкім ойлағысы келмейді. Қазақ қоғамына әлі диагноз қойылған жоқ. Басы ауырға балаға іш аурудың дәрісін бергендей күй. Оның үстіне «жаһандану» деген нөпірге еруге, неден тайынбай болса да, дайын отырған билік басындағылар, байшыкештер.

Патшалық Ресейдің бодандығынан, одан кейін Кеңес үкіметінің тепкісінде, Таласбек айтатын «кері селекциядан» өткен рухы божыраған халықты небір сыралғылары бар марафонға нешетүрлі «мотивация беріп» ілесе алмай құр далақтағанына қарамай қоспақпыз. Бізді қойып, небір үлкен халықтардың өзі болмысынан ажырап жатқан бұл дүрмек бізге береді? Айналдырған 20-30 жыл ішінде болмысымыз тіптен өзгеріп кеткендігі өтірік емес. Осы жылдар ішінде ауыл жаппай қалаға көшкенімен, қалалық ұлт болып кете алған жоқпыз. Еліміздің тәуелсіздік алған тұстан бастап нарықтық экономикаға өтуіне халқымыз дайын болмай шықты. Нарықтың экономиканы енгізерде, оның үстіне біз сияқты отарланған елде, халық болмысының ерекшелігі ескерілмеді. Басқа ұлттардан гөрі, қазақ ағайындар несиеге белшесінен батып отырғандығы – соның нәтижесі. Оның іздері өзіміз мақтанатын «дархандығымыз бен ас та төктігімізде», «құдайдан аман болсақ – көрерміз» деген көшпенділерге тән стреотиптерімізде жатыр. Салдары – тек несие төлеу үшін ғана өмір сүріп жүрген көп қазақ. Жоғарыдағы стреотиптер қазақтың нәтіндегі өзгертуге келмейтін қасиеттер. Өзгерсе – қазақ болудан қаламыз.  Бізге сол қасиеттер артықшылығымызға айналатын басқа ракурстағы экономика керек. Ұлт ретіндегі негізгі қасиеттерімізден айырылмай, сақтау – басты мақсатымыз болуға тиіс. 30-40 жыл бұрын қазақ қоғамында әдепкі жағдай саналатын әмеңгерлік бүгін соншалықты жат, жабайылық көрінеді. Оны қоя тұрып, батыс киноларындай өмір сүргісі келетін келін енесімен бір үйге сыймайды. Қазақ қоғамы Реформациядан, Қайта өрлеу дәуірінен, азаматтық қоғам мен еуропалық демократияның төрт жүз жылдық қалыптасуынан өткен жоқ, бірақ бұл дүр мысал ескіргенін, бізге үлгі бола алмайтынын түсінбестен ақпарат пен жаһандану заманында еуропалық тәжірибені тез арада игеруге асығуда.

Бірде бір пікірлес досым: «сонау әріден бастап алтын өңдеуде биік дәрежеге жеткен жұрттың беріде үлкен халықтардың бәрі жасап, сонымен әлемді жаулаған отты қаруды жасай алмады дегеніне сенбеймін» деп еді. Түркі нәсілінің арғы тарихы белгілі, беріде бұл жұрттың әлемнің саяси «элитасының» қатарынан шығып қалуы да сол саясаттың лас ойындарын қабылдай алмағандыған шығар деген ой келеді. Америка штаттары Жапонияның екі қаласына атом бомбасын тастағанда, соны ойлап тапқандардың бірі неміс химигі Отто Ган өзінің ғылыми жаңалығы қаншама адамның ажалына айналғанына қатты өкінген деседі. Ол лас ойынға араласса, кейін өздерінің солай өкінерін біліп, барынша таза болғанды жөн көрді ме екен дейсің, біздің кемеңгер бабаларымыз. Біздің мәдениет қазіргі Еуропа мәдениетінен шалғайда дамыды. Ол мәдениеттің әсері әлем алақандай болған бүгін болмаса, бұрын әлсіз болды. Әлемді жалпағынан басқан шалдарымыздың небір экзотикалық табиғатты «жерұйықтарға» тоқтамай 

«Алысып жүріп ай тақырда қалған,

Қан кешіп жүріп қара дөңде қалған» (Е.Раушанов) 

Жусанына қайтып отырғандығының арқасында «дәтіңе дәрет сындырған» (Д.Кәпұлы) қалалық мәдениет болмысымызға бүгін ғана ене бастады. Бірақ нәтімізге түсе қойған жоқ. Сол инерциямен ілдәлап бүгінге келдік. Болмаса әлдеқашан «жаһанданған» «өркениетті» ұлт болып отырар едік. Задында, болмысымызға ене бастағанының өзі – қасірет. Инерция тоқтады. Енді жаһанданған үлкен әлемнің артынан өзіміздің көшпенділер екенімізді ұмытып ереміз бе, әлде тазалықтың ақ туын көтерген санғасырлық «мәңгі идеологиямызды» жандандырамыз ба? Әрине, жандандыру дегенде, бәріміз «ат мініп, атан қомдап» үдере көшіп кетпейтініміз, кете алмайтынымыз тағы белгілі. Десек те, дамудың өзімізге тән басқа жолы бар шығар... Өткенімізді саралап, болашағымызды айқындайтын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты.


0 Пікір Кіру