Оңай олжа оңалтпас - на weekend.bugin.kz
Ернар Нұртайұлы - на weekend.bugin.kz Ернар Нұртайұлы

Ұтыс ойын харам ба?

Бүгінде елімізде қомақты қаражат, қымбат ұялы телефон, он шақты автокөлік, қажылық-ұмра жолдамасы тігілген ұтыс сайыстары қаптап кетті. Ұтыс ойынға қатысушылардың қарасы да көп секілді. Олай болмаған жағдайда бұлар неге қаптап кетеді?! Тіпті жақында сондай ұтысқа бір танымал пентхаус /сарай/ тігілді.

Ойын шарттары белгілі бір затты көбіне кітапты сатып аласыз немесе белгілі бір мөлшердегі қаражатты төлейсіз. Сосын ойын нәтижесін күтесіз. Енді осы ұтыс ойындарының адал не арам екендігін анықтап алайық!

Лотерея ұтыс ойындарының тыйым салынған арам екені баяғыдан белгілі ғой. Біз бүгінде кеңінен тарап келе жатқан ұтысқа қол жеткізу үшін белгілі бір затты, мысалы, кітапты сатып алуды талап ететін түріне тоқталамыз. Ғалымдар бұл мәселеге бастарын аз қатырмаған. Іздене келе зат сатып алып ұтысқа қол жеткізу ойындарының адалдығын мына шарттар анықтайды деген:

1. ҮСТЕМЕ БАҒА ҚОСЫЛМАУЫ КЕРЕК. Мысалы: Ұтыс шарты ретінде сатып алынатын кітаптың бағасы нарықтағы бағадан қымбат болмауы керек;

2. САПАСЫН НАШАРЛАТПАУЫ КЕРЕК. Мысалы: Ойынға тігілген ұтыстарға кеткен шығынды қайтарып алу үшін кітаптың сапасын мақсатты түрде нашарлатуға болмайды;

3. НИЕТ ҰТЫС БОЛМАУЫ КЕРЕК. Мысалы: Сіздің ниетіңіз ол кітапты оқып, пайдалану емес, тек ұтысқа қол жеткізу;

4. ҚАЖЕТТІЛІК БОЛУЫ КЕРЕК. Мысалы: Баласы жоқ адам ұтыс үшін ботқа сатып алмауы қажет. Мұндай шарттар баршылық. Ал мыналары қойылатын шарттардың негізгілері ғана.

Жалпы алғанда ұтыс тігіп, зат сату шын мәнінде ара-а-а-ам тәсіл ғой. Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейін. Бір күні бір мешіт ұстазына бір жігіт хабарласып: «Аға, біз ұтыс ойынын ойнатып жатырмыз. Ұтысқа автокөлік тігеміз. Әр қатысушы 7 мың теңгеден төлейді. Осы қалай?» деп сұрапты. Ағамыз: «Сендер қызықсыңдар. Неге осы шариғи мәселені бастап қойғаннан кейін сұрайсыңдар? Неге бастамай тұрып сұрамайсыңдар?» депті. Әлгі жігіт қоймаған соң: «Турасын айтшы не үшін олай істейсіңдер?» десе, әлгі жігіт: «Сатылмай тұрған бірнеше автокөлік бар еді. Соны осындай жолмен сатпасақ, өтпейді», - депті.

Шариғаттағы адал сауданың шарттарын бұзады. Енді жақсылап ойланып көріңізші бүгіндегі ұтыс ойындар жоғарыда айтылған шарттарға сай ма?

Нарықта 2000 теңге шамасында тұратын кітапты 4-5 мыңға сатады. Ұтыста Пентхаус, қажылық-ұмра, көлік, 1000000 тұрғанда кім ниеті ықыласына сай болмақ. 

Кейбір азаматтарды «Мешітте де ұтыс тігілген жарыстар болып жатады ғой. Сонда ол қалай болды?» деген сауал мазалауы мүмкін. Жауап: ол жоғарыда айтылған ұтыс ойындар секілді екі жақты сауда емес. Яғни сіз мешіттегі өткен жарысқа қатысқаныңыз үшін ақша төлемейсіз.

Сосын мұндай тыйым салынған ұтыс ойынға қатысып, қол жеткізген қажылық-ұмраңыз қабыл болады деп үміттенбегеніңіз жөн. Себебі сол қажылық-ұмрада тауап ететін Қағба бұрын екі есікті болған. Тарихта сел шайған Қағбаның қабырғасын қайта тұрғызу үшін жинаған адал мал-дүниенің қауқары тек бір есікті тұрғызуға ғана жеткен. Сондықтан ниет жақсы деп шариғат тыйған әрекетке жол беруге болмайды.

Мұнан былай ойынның ұтысына ғана емес, бір уақыт шариғи үкіміне де қарап қойыңыздар!


0 Пікір Кіру