Мұңайма «Құсни сәулем» - на weekend.bugin.kz
Қайрат Дидар - на weekend.bugin.kz Қайрат Дидар

Әнді сүйсең, менше сүй...

Әннің де әні бар, достарым! Мен ескі әндерді жақсы көремін. Анау, қазіргі тілмен айтқанда «хит» дейтіндер бар ғой. Әкем оны «ит» дейді. Тамағын жыртып, мағынасыз дүниені келсін-келмесін айта беретіндерді мен де ұнатпаймын. Жастарша айтқанда «старомоднаямын». Ескі кітаптардың сарғайған парақтарын жақсы көремін. Көңілі нәзік жан сияқты сәл байыпсыздық танытсаң өкпелеп қалады. Үлбіреп тұрып қолыңда саған бар сырын шертетін кітаптың аңқыған иісін қалай жақсы көрмейсің?

Таңертең жұмысқа келдім. Қолыма Расулдың «Тырналар» кітабын алдым. 209-БЕТ... Расул Ғамзатовтың Мұхтар Әуезовке арнауын оқыдым. Одан кейін «Ана тілі» өлеңі:

«Болдым ба ең соңғы ақын бүгінде,

Өлеңдерін жазар авар тілінде?» - деп күңіренеді. Мұхтар атам бақытты екен, елі тәуелсіз. Ал бауырлас авар ұлты үшін жаным ауырды. Мұхтар елді ойлады ғой. Бір ғана өне бойы қазақтың салт-дәстүрі, ең бастысы, қазақтың болмысы тұнып тұрған «Абай жолын» жазып кетті емес пе? Қазақтың мықтылары кезінде осындай ойлар толғады. Ал қазіргі интеллегенция нені ойлап жүр екен?

Оқыдым. Жоғалдым. Оқып болып креслоға шалқая кеттім.

Жаңымда екі орыс редактор әйел бар еді. Бірі ішкі бөлмеде, бірі қатарлас компьютерде. Ұрсысып отыр. Шүлдірлесіп сатыр-сұтыр қақтығыс болып кеткен соң, құлағыма наушникті салып, «Құсни сәулем» әнін қостым.

Еееейй, Құдірет-ау, ойпаң жермен бауырлап басып, көтеріледі-ау, шіркін, әуен мұнша нәзік сырды төгілтіп көкке қарай бара жатқанда қалай шыдап отырасың? Жаным ұшып, тәнім балқып барады. Шарықтап қоңыр үнмен бірге кетіп бара жатыр. Енді міне қайтып келеді, Құдай-ау! Ән ғайыптан құлдилап сезімнің нөсерін төгіп келеді ғой! Мендегі жүрек лүпілдеп барады. Оны қарсы алуға шыдар ме екен? Әлдебіреу оңашада сүйгенін жоқтап, қоңыр ғана үнмен зарлы әрі әуезді әнді төгілткенде бауыр етің бірге езіледі! Мен редакцияның шатырынан ұшып шықтым. Қаланың үстімен ен жайлауға көсілдім. Жасыл даламда жүрегім Қарагермен бірге жүйткіп барады. Мен тұлпармын! Мен қазақпын! Аздаған мұңы бар менің жаным жан емес ән, менің санам сана емес өлең, жүрегім ет емес махаббат.

Ән бітті. Көзімді ашсам редакцияда отырмын. Екі орыс әйел әлі ұрсысып отыр екен. Осы сәт көңілім түсіп кетті. Ойлы жас мен сезінгенді сезе ала ме екен? Онын жанын қазақтың әндері тербей ме екен? Мына әнді естісе, кім де болса ұғынар ме еді?! Шіркін -ай! Жетесіздер, тыңдамайды ғой, білмейді де ғой!

Қарапайым редакцияда екі редактор қазақша білмейді. Мерекелік шараларға барасың, мәжіліс жиындарын көресің, ел ағаларын көресің. Бәрі де екі тілде сарнайды. Құдай-ау, екі айыр тіл жыланда ғана болады емес пе?

Қасым Жомарт Тоқаев атам келді. Мен оған осы айыр тілді «жыландар» мен мұтылғандарды қайтарады деп сенгім келеді.

Менің айтқым келгені ән ғой. Әнді айтам, керемет ән. Егер кеудесінде титтей де болсын сәулесі бар қазақ болса осы жәйді толғансын, «Құсни сәулемді» мұңайтпасын.

Дидар Қайрат

Журналистика факультетінің

 II-курс студенті






0 Пікір Кіру