Керемет кино түсіру үшін не керек?  - на weekend.bugin.kz
Думан - на weekend.bugin.kz Думан

23 жасында 7 мың долларға кино түсіріп, Голливудты жаулаған киногердің құпиясы

Әлемде әр салада өзгеден өзгеше, сапасы не саны басым болған нәрселерді жазып қоятын Гиннес атты рекордтар кітабы бар. Сол кітапқа кинематография саласынан Роберт Родригес кіріпті. Оған себеп, бір өзі бірнеше маманның қызметін өте жоғары, кәсіби деңгейде атқаратындығы болса керек. Мәселен, сценарист, режиссер, оператор, продюсер, қоюшы суретші, спецэффектер, композитор, монтажер және актер. Голливудтық әріптестері оны «Бір адамдық кинокоманда» дейді екен әзілдеп. Алғашқы «Музыкант» (El Mariachi) атты фильмін прокатқа шығарғасын, берген сұхбаттарында «Менің фильмімнің титрінде есімім көп қайталанатынын байқаған боларсыздар, сол себепті де фильм түсіру барысындағы мәселелер жайлы, қызығы мен қиындығы туралы сұрақтардың бәріне бір өзім еш кідірместен толық жауап беремін, өйткені бәрін өзім жасағанмын» дейді.

Мексикалық болашақ жұлдыз мектепте оқып жүріп комикстер салып, достарына көрсеткен екен. Олардың таңданып қызықтағанынан шабыттанып, түрлі сюжеттер құрап, сүйікті ісін жалғастыра берген. Кейін камераға қолы жеткесін отбасындағы сегіз бала мен ата-анасын қосып түрлі қысқа метражды фильмдер түсіреді. Әрине, бәрі керемет болмаған. «Алғашқы фильмдерім түкке тұрғысыз еді, бірақ әр қайсысын түсірген сайын тәжірибе жинап сабақ алып отырдым» дейтіні бар. «Бас ауру» аталатын қарындасы мен інілері түскен қысқаметрлі фильмі 13 кинофестивальден жүлделі орын алады. Сонымен қатар, Робертке тәп-тәуір қаржы әкеледі. Алғашқы толық метрлі фильмнің идеясы туған соң, оны түсіруге қажетті көбірек ақша жинаудың қамын жасайды. Біраз ізденеді, бірақ өзі жап-жас, еш киномектепте оқымаған жігітке қалталы кісілер мен продюсерлер сеніп ақша ұстатудан қорқады, көк тиын да бергісі келмейді. Сондықтан медициналық эксперимент жасайтын орталыққа барып 3 мың АҚШ долларына қанын сатады. Досы әрі басты рөлді сомдаушы Карлос өз меншігіндегі жерін сатып 4 мың долларын ұсынады. Бір айлық медорталықта эксперимент жасалу үстінде жатып, фильмінің сценарийін жазады.

Ол орталықтан шыға сала, таныстарын, көршілерін жинап түсіру процесін бастап кетеді. Кімде не бар, соның бәрін киносында тегін пайдалануға тырысады. Досы мен таныстарының үйін, кафесін, көлігін, итін дегендей бәрін тегін түсіруге алып, кино павильонын жасайды. Екі апта еңбектенудің арқасында фильмі түсіріліп бітеді. Магнитафонына әртістердің диалогін қайталап жазып, ең ауыр жұмыс - монтаждауға отырады. Нәр татпастан асхана мен дәретханаға бармай тәулік бойы тапжылмай жанкештілікпен монтажын жасайды. Киносы толық дайын болғасын, өзі тұрған қалашықтан қашықтау жерде Мексика туралы фильм түсіріп жатқан Голливудтың кинокомандасына барады. Оларға алғашқы толық метражды киносын көрсетеді. Аз ғана ақшамен, тәуір дүние жасағанына риза болған ол кісілер Голливудтық агенттерге жол сілтейді. Фильмді прокатқа шығарушы кинокомпаниялармен бір жылдан аса уақыт келісе келе, фильмі үлкен экранға жол тартады. Осылайша, 23 жасында екі-ақ аптада жеті-ақ мың долларға түсірілген киносымен 2 миллион доллар пайда тауып, алып голливудты аузына қаратқан атақты режиссерге айналады. Жұлдызды жолы басталып талай тамаша туындыларды түсіреді. Өзгеден тағы бір ерекшелігі, біздің шөбере-шөпшектер тамашаласын деп құпия киносының премьерасын ғасырға, яғни 2115 жылға арнап тастаған екен. Әлгі Мексикада испанша түсіріп, Америкада көрсеткен арзан киносы кәдімгі мектептерде испан тілі сабағында көрнекті құралға айналған. Сол киносы жайлы жазған кітабы бүгінде есі дұрыс киногерлерге әліппе тәрізді екен әуелі. Кино түсіріп, кітап жазып қана қоймай, киногерлерге дәріс оқиды. Дәрісі қысқа да нұсқа, 10 минутқа созылған киносабақтар ғана. Дәрісіндегі айтылған ақпараттар мынау.

- Әйгілі режиссерлердің бірі айтқан екен, «Киноның қыр-сырын екі аптада меңгеруге болады» деп, меніңше ол кісі артық кетті.

- Біз бәрін он-ақ минутта үйренеміз. Сіздер режиссер болғыларыңыз келеді ғой?! Иә, өте дұрыс. Демек, сіз режиссерсіз. Сіз режиссер болғыңыз келсе, онда режиссерсіз деген сөз. Сондықтан визиткаларыңызға режиссермін деп жазып достарыңызға, туыстарыңызға таратыңыздар. Қайталап айтам, кино әлемінде режиссер болуды армандаған сәттен бастап – сіз, режиссерсіз. Осыны ұмытпаңыз!

- Тек қана шығармашыл болу аздық етеді. Жан-жақтылық қажет. Яғни, технар болу,техниканың майын ішу керек. Шығармашыл адамдар шығармашыл боп туылады. Егер сондай болсаңыз Құдай берген екен.

- Өкінішке орай техналар ешқашан шығармашыл болмайды. Алайда көптеген шығармашыл адамдар, тума талантына сеніп басқа ештеңе үйренбейді. Есесіне солар технардың көмегіне жүгінеді, соларға мұқтаж. Техниканы меңгеріңіз. Егер сіз шығармашыл технар болсаңыз, онда сізді ештеңе тоқтатпайды.

- Тәжірибе. Тәжірибеңіз бар ма? Әрине бар. Сіздер фильм көресіздер. Енді тек түсіруден тәжірибе жинау керек. Қолыңызға камера алып, өз фильміңізді түсіргенде өте көп нәрсе үйренесіз. Нағыз тәжірибе сол. Қателік жіберіңіздер. Әрине қателік, қателік болуы міндет емес. Бәрі субективті түрде.

- Өнерде біреудің жіберген қателігі өзгеге сабақ болады. Осыны қолданыңыз. Мұның өзі өнер екенін айтыңыз. Өз қателігіңізді айтыңыз, сұраңыз. Сізден де көп сұрайды.

- Сценарийден бастаңыз. Барлық сценарийстер бірдей жазады. Әркім өзінше жазсын. Сізді ерекше ететін де - сол. Сізге сценарийстер курсына жазылуға болады. Бірақ киномектептерге бармаңыздар. Ол жерден басқалардікіндей фильм түсіруді ғана үйренесіз. Бізге жаңа, ерекше фильм керек.

- Сценарийді қалай жазу керек? Ақшаңыз аз, қалтаңыздың халі белгілі. Әйтпесе менің курсыма келмес едіңіз. Шынымен кино түсіргіңіз келсе, онда көп ақша қажет емес. Сіз түсіру алаңында көп уақыт өткізіп, мол ақша жұмсауыңыз мүмкін. Біз бұған шығармашылық жақтан келейік.  Сценарийді сізде бар меншігіңіз бен мүмкіншілігіңізге қарай жазыңыз. Мысалға сіздің үйіңіз... сізге арзан кино керек еді ғой. Арзан киноны қалай түсіруге болады? Жан-жағыңызға қараңыз. Сізде не бар? Егер әкеңіздің дүкені болса, онда осы дүкен жайлы фильм түсіріңіз. Анаңыз қайда жұмыс жасайды, мұғалім бе? Мұғалім жайлы түсіріңіз. Тіпті итіңіз бар ма? Ендеше ит туралы түсіріңіз.

- Мен «Эл Мариячиді» түсіргенде, менде тасбақа, гитараның қабы және өзім тұрған қала болды.  Мен осылар жайлы фильм түсірдім.  Фильміңізді қалай елестетесіз. Қалай кадрға бөлесіз? Оны жасауға болады, яғни фильмді түгелімен сызып шығу керек. Ал мен оны уайымдамаймын. Мен таза ақ парақты алам да соған қарап өз фильмімді көрем. Жай ғана көзді жұмып, экран, экранда сіздің киноңыз деп ойлаңыз. Кадрден кадрге, эпизодтан эпизодқа дейін бәрін көріңіз. Аппақ парақты алып отырыңыз да, көзіңізді жұмыңыз. Миыңыздан сіздің киноңыздан басқаның бәрін шығарыңыз. Ақырын әлде тез, көңілді не ой салатын, бәрі бір. Сосын осы көргендерді жазыңыз. Әр кадрды жазыңыз. Енді тек түсіру ғана қалды.

- Құрал-жабдықтар. Нашары әлде кереметі, бәрібір. Сізге құрал жабдыққа аса бас қатырудың қажеті жоқ. Бұл сіздің алғашқы фильміңіз екенін еске алыңыз. Сіз Спильберг емессіз ғой. Мен «Эл Мариячиде» 16S деген камераны қолдандым. Осының арқасында тез қозғалдым, көп әрекет жасадым. Себебі жеңіл. Бірақ дыбыста шуы көп. Сондықтан дыбысты қайта бөлек жаздым. Бұл камера 2 мың доллар тұрады. Аз ақша емес иә, сол үшін кімде бар, содан алыңыз. Мен сөйттім. Камерасы бар, бірақ қолданбаған біреуді таптым. Жалға алдым да киномды түсірдім. Камераға не керек, сенімді өте жақсы штатив керек. Ол орнықты тұруы қажет. Камераны штативке мықтап орнатсаңыз жеткілікті. Болды. Киноңыз тамаша болады. Фильмді штативпен түсіріңіз. Мүгедектер арбасына отырыңыз да ары-бері жүріңіз. Фильмге энергия қосыңыз. Маған ең алдымен ұнайтыны фильмде энергия мен жарықтың көп болғаны. Көптеген кинокомпаниялар осындай көп энергия мен жарықтың жартысын да жасай алмайды. Себебі оларда өте жақсы штатив, аса үлкен түсіру тобы бар. Барлығы баяу қозғалады, бәрі есептелген жансыз сияқты. Киноға жан беріңіз. қымбат құрал-жабдықтан бас тартыңыз. Өте жақсы, есесіне өте ауыр. Ең керегі сіздің екі қолыңыз. Сол дұрыс.

- Келесі жарық түсіргіш. Жарықтан қате жібермеңіз. «Эл Мариячиде» екі жарық түсіруші аспабым болды. Кәдімгі үйдегі лампа, ғимараттардың ішіндегі түсірілімде қолдандым. Жарықтандыру күңгірттеу болды. Себебі мұның күші аз. Осындай да жіберген қателіктер сіздің режиссерлік шешіміңізге байланысты.                                                                                                   

- Соңында постпродакшн. Сіз фильмді түсіріп болған соң не істеу керек?! Видеомонтажды жүйе. Компьютерлік жүйе.  Қол жетімді, аса қымбат емес. Фильмді пленкіде монтаждамаңыз. Пленка сізге жау. Пленкаға түсіруге болар, бірақ пленканы монтаждамаңыз. Компьютер өте ыңғайлы. Кинопленка баяу, қымбат, ол сіздің шығармашылығыңызды ақсатады. Пленка өте ұзын. Ойлаңызшы, түгел киноңызды пленкаға созып жазуды. Басқа да жолы бар. Мен ақшасыз түсірдім, осы машинкамен сандық форматта монтаждадым. Бәрі тамаша шықты. Таза, анық, түрлі-түсті. Көшірмесін жасап күллі Голливудқа тараттым. Түсінсеңіз пленкаға түсіру шынымен артық мәселе. Ақшаны желге шашу. Соткамен болса да, сандық форматта түсіріңіз, жұрт көрсін, бағаласын.

- Сонымен, сіз фильмді түсірдіңіз монтаждадыңыз, адамдарға көрсеттіңіз, оларға ұнады. Енді не істейміз? Ең бірінші сізге агент табу керек. Голливудта аш қасқырлар толып жүр. Соның ішінен сізге жұмыс істейтін біреуді табыңыз. Ол адам сізге табысты келісімдер жасайды, жақсы баға қояды және тамаша кино түсіруге мүмкіндік береді. Олар киноға көп ақша салады. Қараң қалғыр ондай жүйеге тапталып кетпеңіз. Ал сіз кино түсіру арзан екенін білдіңіз. Мұны Голливуд білмейді. Сіз арзанға тамаша фильм түсіре аласыз. Бұл сіздің артықшылығыңыз болады. Мен әлі күнге дейін аз бюджетті фильм түсіремін. Есесіне қымбат көрінеді. Өйткені мен сіздерге айтқан осы техниканы жақсы меңгердім.

- Сіз былай істеңіз...  Голливудқа барып аз бюджетпен мықты кино түсіріңіз. Міне сонда сіздің киноңыз сіз қалағандай болады. Бұл сізге шығармашылық еркіндік, мол ақша, өз иелігіңіздегі постпродакшнға мүмкіндік береді. Және солай болуы керек. Сіз көп ақшаның күшіне сенбеңіз. Ақшасы көп біреуге жұмыс жасайсыз, ол қандай актер ойнауы керек, не істеу керек бәрін бақылауда ұстайды. Ол көп ақша берді, одан да көп алғысы келеді. Сол себепті аз бюджетпен өзіңіз түсіріңіз. Сізге көп қаржы кеткен кино емес, киномен көп пайда табу керек қой. Сондықтан мол бюджетке тәуелді болмаңыз. Қаншалықты көп ақша тапсаңыз, соншалық еркіндік құрметке ие боласыз. Мінеки мол қаржы табу сол үшін керек.

- Осымен болды. Маған барып фильм түсіру керек. Сіздер бірдеңе түсінді деп үміттенем. Камера алып өз фильмдерін түсіреді деп сенемін. Өз идеяларын жазады деп ойлаймын. Шабыттанып жата берудің керегі жоқ. Бастаңыз. Сіздің қолдан келеді.

Дәрісіне жиналған кино құмарлар ауыздарын ашқан қалпы, есеңгіреп қалады. Сірә, бұл дәріске кино тарихы мен теория, техникалар туралы түсініксіз әдеттегі әңгіме естиміз деп келсе керек. Теорияның тас талқанын шығарып, бар мәселе бір өзіңе ғана байланысты екенін айтып, шабыттанған шақта, шалқалап жатпай дереу түсіру қажет дейді де шығып кетеді. Қанеки сіз де кино әлеміне қызықсаңыз, қиялдай бермей қимылдаңыз. Қазірден, бүгіннен бастаңыз!

 

 


0 Пікір Кіру