Қыз кезінде бәрі жақсы  - на weekend.bugin.kz
Ернар Нұртайұлы - на weekend.bugin.kz Ернар Нұртайұлы

Бүгініміз болашағымыздың жемісі

Негізі баршамыз байқап жүрсек те мән бере бермейтін мәселені қозғамақпын. Жігіттер отбасын құрғанға дейін ал қыздар тұрмысқа шыққанға дейін бәрі сыптай сымбатты, шетінен сұлу. Ал отбасын құрғаннан кейін аз уақыттың ішінде бұрынғы сымбаттылық өзіңіз сене алмайтын арманға айналады. Байқап, зер салып қарасақ, біз сымбаттылыққа сатылымдағы зат секілді қарайды екенбіз. Сатылып кеткенше сыртын безендіріп, жылтырасын деп май жағып, құрты көрінбесін деп жасырып, әдемі-ірілерін алдыға қойып әбігер боламыз. Ал отбасылы болған соң бәрі өзгереді. Ең алдымен толамыз, толып болған соң семіреміз. Себебі толықтық пен семіздіктің арасы бір тұтам. 

Сымбаттылық өзімен бірге біраз жақсылықтарды алып кетеді екен. Бұрынғы жылдамдық, шапшаңдық, шыдамдылық, пысықтық, көңілді күй т.б. азаяды не мүлде жоқ болып кетеді. Себебі артық салмақ жылдам, шапшаң, пысық болуға мүмкіндік бере бермейді екен. Ал осы жағдайды ойлап уайымдаған көңілде көңілді күй қайдан болсын. Керісінше уақыт өткен сайын күйзеліс тереңіне тарта береді. Уайымнан шаршаған жүйкеміздің сіркесі су көтермейді. Қашан да қоршаған ортамыз өзімізді мазақтап тұрғандай көрінеді. Бас қосқанда сымбатты бойдақ достарымыз, бойжеткен құрбыларымызды көргенде қызғаныш қысып, ызаға булығамыз. Үйге келген соң "Арықтаймын" дегеннен басталатын амалдарды үйіп-төгіп мақсат қоямыз. Артық салмағымыздан бұрын жүйкеміз жұқарып, күйзеліс көліне "күмп" ете қаламыз. Табандылық танытып, ықыласты ниетпен кіріскен кезде нәтижеміз де жақсарып қалады. Бірақ өкінішке орай бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Тыйымдарға төзе алмаған жүйкеміз сыр бергенде өзімізге бостандық жариялап, бұрынғы артық салмаққа артығын қосып аламыз. Осылайша қол жететін жерде тұрғандай көрінген арманның ауылы алыстай түседі. Бұған отбасында болатын сынақтардан келетін стресс, депрессия т.б. қоса беріңіз. Бар өшімізді тамақтан аламыз. Уақыт өте келе сымбатты болуға тырысу деген мақсат жоспарлар тізімінен мәңгілікке өшіп кетеді. Ең сорақысы осы. Адам амал етіп тырысса, Аллаһтың қалауымен алынбайтын қамал жоқ. Тек жақсылап, жүйелі жұмыс жасау керек. Тыйымнан бұрын сананы тазалау қажет. Сыптай сымбатты бола алмасақ та семіздіктен арыламыз деген алғашқы мақсат керек. Ал семіздіктен арылсақ, сымбаттылық қол бұлғап өзіне шақырып тұрады. Осы қозғаған тақырыбым бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен дәл бүгінде қоғамға қажетті мәселе. Себебі қазіргі кезде туындап жатқан кейбір мәселелердің көбінің шешімі осында жатыр. Мысалы ерлі-зайыптылық өмірдегі ұрыс-жанжал, екеу ара адалдықтың жойылуы, перзент сүйе алмау, ажырасу т.б.. Ал денсаулық саласындағы жүрек талмасы, қан қысымы, варикоз, қант аурулары, стресс, депрессия т.б.. Жалпы қоғам қозғалысына әсер ететін еріншектік, жалқаулық, шыдамсыздық т.б.. Бұл мәселенің шешімі көп. Әркім әрқалай айтады. Тіпті кейбіреулер біздің күйзелісімізді кәсіп қылып алған. Әр қабылдауына қомақты қаражат жұмсаймыз. 

Сымбаттылықтың сыры өз санамызда. Егер Аллаһқа тәуекел етіп, амал қылып, дұға жасасақ, әлі-ақ сымбаттылыққа қол жеткіземіз. 

Негізі айтайын дегенім жастық шақ адамға амал ету, тәжірибе жинау үшін беріледі. Біз жас кезімізде әсіресе ерлі-зайыпты өмірге аяқ басқанға дейін саналы түрде өз ағзамызды зерттеп, қандай затты қалай қабылдайтынын білуге тырысқанымыз жөн. Сосын тәтті, ұнды, майлы заттардан өзімізді керекті деңгейде тоқтата алуды дәл осы бойдақ кезде игеру қажет. Бізде бойдақ кезде тыю бар да саналы түрде бекіту жоқ. Мысалы кейбір жас жігіттер мен қыздар өздерін саналы түрде отбасылы болғанға дейін немесе мақсатты түрде тек сәтті отбасын құрып кету үшін ғана тамаққа қатысты қатаң тыйымдар қойып алады. Сосын "Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады" деген сөз әрекетке ауысады. Мұны байқау қиын емес. Қоғамдық көлікте басы айналып құлап жатқан қарындастарды, дүкенде тек йогурт сатып алып жатқан қарындастарды көру жеткілікті. Аллһ адам ағзасы сондай шебер жаратқан күтім көрмесе, кесапатын көрсетеді. Жас кезде тамақтан қысып қинадыңыз ба, жас келгенде сізді қинайды. 

Сондықтан ағзаны саналы түрде бірізділікке тәрбиелеу керек. Бойдақ кездегі бақылауды отбасылы болған соң бірден бос қоя беруге болмайды. Сондай-ақ бойдақ кезде ағзаны көрінген нәрседен тыя бермей, пайдалы затты керекті мөлшерде қабылдап үйрету қажет. Қылдай болуды мақсат қылғанша деннің саулығын ойлаған дұрыс. Бүгінгі әрекетіміз болашақ жемісіміз. Уақытша сымбаттылық емес, әрдайым деннің сау болғанын мақсат ету керек. Бұл мәселеде ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйеу болса, мәселе тез шешіледі. 

Аллаһ баршаңызға сымбатты да салауатты болуды нәсіп етсін! 

0 Пікір Кіру