Секвойя ағаштары ғаламдық жылыну үдерісін тежейді - на weekend.bugin.kz
Гүлмира - на weekend.bugin.kz Гүлмира

Секвойя

Әлемдегі ең ежелгі және ең үлкен ағаштар – секвойялардың көмегімен жер бетіндегі климатты толығымен өзгертуге болады. АҚШ ғалымдары осындай жаңалық ашып отыр.

Калифорния штатындағы Сьерра-Невада таулы аймағында зерттеу жүргізген  альпинистер адам баласы үшін маңызды миссия атқаруда. Олар әлемдегі секвойя ағаштары арқылы жер бетіндегі климатты түбегейлі өзгертуге болады деп сенеді. Бұл мақсатқа мамандар жас бұталарды пайдалануда. Игі шараға табиғатты қорғау жөніндегі жергілікті үкіметтік емес ұйым мұрындық болған. Бұл алып ағаштар жер бетінде 30 ғасыр бұрын пайда болған. Секвойя бойы мен ені қатар өсетін ерекше өсімдік. Олардың ұзындығы 110 метрден асып, ені 7 метрге жетеді. Салмағы да ірі – 2 мың тоннаға дейін басады. Ғалымдардың айтуынша, осындай үлкен қасиеттерге ие алып ағаштар ауа қабатында түзілген зиянды газдарды үлкен көлемде сіңіруге қабілетті. Мұндай артықшылық қазіргі ғаламдық жылыну кезінде ауадай қажет.

Джейкоб Миларк, Табиғатты қорғау үкіметтік емес ұйымының директоры:

- Бұл ағаштардың генінде айрықша қасиет бар деп білеміз. Әсіресе, бұл ерекшелік ғаламдық климат өзгеріп, адамзат дамуына айтарлықтай қауіп-қатер төндіре бастаған бүгінгі заманда көмегі зор болады деп есептейміз. Секвойялардың 3 мың жыл бойы жойылмай, қасқайып тұрғаны генінде айрықша қасиет барын көрсетеді.

Джим Кларк, альпинист:

- Біз мына бұтақтарды секвойяның 70 метр биіктігінен алдық. Осы материалды жинау үшін алып ағаштардың ұшар басына шығамыз. Мұны биологиялық ғажайып деп атауға болады. 3 мың жыл бұрын өсіп-өнген ағаштың бір уыс тіні дәл осындай талды өсіріп шығарады.

Кларк бұл бұтақтарды Мичиган штатындағы зертханаға өткізеді. Онда көшеттерді мамандар құнарлы заттармен байытылған арнайы контейнерге отырғызады. Әрі қарай олар күлгін түсті жарықтың аясында тиісті ылғал мен температурада өсіп-өнеді. Өкінішке орай, осындай ерекше жағдай қарастырылғанымен, көшеттердің көбі өркен жая алмай, өліп қалады. Мамандардың бұл іспен айналысып келе жатқанына 20 жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында бұл ұйым 170 көшет өсіріп, олардан алынған 300 мың тұқымды әлемнің 7 елінің аумағына еккен. Бірақ саны азайып қалған алып ағаштардың ғаламдық жылынудың бетін қайтарып, ауа температурасын қайта салқындатуға шамасы жетеді дегенге күмәнмен қарайтын мамандар да бар.

Тод Доусон, биолог:

- Қазір жер бетіндегі ғаламдық жылыну үдерісі жылдам жүріп жатыр. Сондықтан осыған сай шешімдер тез қабылданып, қысқа мерзімде жүзеге асатындай болуы керек. Ал баяу өсетін өсімдік бұл міндеттің үдесінен әсте шыға алмайды.

Бұл тұрғыда Доусонның мәселені шешуге байланысты өз ұсыныстары бар. Ол ғаламдық жылынуды тежеу үшін жанармай ретінде пайдаланылатын шикізат отынын өндіруді шектеу керек деп есептейді. Сонымен бірге, биологтың пайымынша, жер бетінде зор аумақты алып жатқан тропикалық ормандарды сақтау анағұрлым ұтымды тәсіл болар еді. Ал секвойяның пайдасына сенетін топ АҚШ-тың батыс бөлігіне барып, алып ағаштың мың данасын егуді жоспарлап отыр.

0 Пікір Кіру