Transforma: Сұраққа жауап береді  - на weekend.bugin.kz
Aizhan Qurmanbai - на weekend.bugin.kz Aizhan Qurmanbai

Театр - өмірлік сұрақтарға жауап табатын орын

Transforma – SmartPoint ко-воркингіндегі заманауи, мәдени кеңістік. Жәй ғана бос кеңістік емес, адамның санасын жаңа арнаға бұратын, тосқауылдарды жоятын креативті кеңістік. Мұнда келушілердің көпшілігі таптаурындардан аулақ жүретіндер немесе әбден мезі боп қашқандар. Transforma алаңында театрлық қойылымдар, музыкалық кештер, кинокөрсетілімдер, түрлі тақырыптарда дәрістер мен сурет көрмелері болып тұрады. Мұнда өткізілетін шаралардың көпшілігін жалпы халық қабылдай бермеуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл кеңістіктегі өнерпаздар көпшілік жерде айтыла бермейтін, табу, тыйым салынған тақырыптарды көтеріп жатады. Әсіресе, мұндағы тәуелсіз театр лабораториялары ұсынатын қойылымдардың мән-мазмұны ерекше. Өзге мемлекеттік театрлар көрсете алмайтын қоғам шындығы, адамның күрделі болмысы, жалпыадамдық құндылықтардың өзгеруі секілді дүниелер бұл кеңістікке келушілерге өзгеше формада көрсетіледі. Қоғам шындығы, адамның күрделі болмысы, жалпыадамдық құндылықтардың өзгеруі секілді дүниелер бұл кеңістікке келушілерге өзгеше формада көрсетіледі.

«Transforma» алаңындағы маусым айының жаңалығы – Польша Республикасының Алматыдағы Бас Консулдығының демеушілігімен поляк режиссер Иоланта Юшкевич қойған «Мать» («Ана») қойылымы болды. Пьесаның авторы – театрдағы абсурдтың негізін салушылардың бірі Станислав Игнаци Виткевич.

 Спектакль туралы сөз қозғамас бұрын пьеса авторы жайлы бірер сөз айтқан дұрыс болар. Сонда спектакльдің ерекшелігі де ашыла түседі. Станислав Игнаци Виткевич – поляк жазушысы, суретші, философ. Оның өнерге деген көзқарасы өзгелерден айрықша. Виткаци өнерді өзге бір әлем деп қабылдады. Өнер – өмір сүрудің бөлек саласы деп ұғынды. Ол театрдағы «Мінсіз пішін» теориясын енгізді. Сол арқылы театрға өзгеше рең бере білді. Ол шығамаларын асқан талғампаздықпен жазғандығы әр туындысынан байқалады. Бір қарағанда, миға қонымсыз, ақылға сыймайтын қисынсыздығымен де ерекшеленеді. Абсурд дүниелер. Ол сол арқылы да адамның ішкі жан-дүниесіне қозғау салып, оның имиджінің биіктей тусуіне, интеллектуалдық потенциалының жоғарылауына әсер ететіндей. Оның бұған дейін ArtиШок театрының сахнасында қойылған «Сапожникиі» де, Transforma сахнасында қойылған «Мать» («Ана») пьесасы да – абсурд пьеса.      

«Мать» («Ана») – жалғыз басты әйел мен оның ұлының арасындағы тым қиындап кеткен қарым-қатынас жайлы. Режиссер Иоланта Юшкевич тек поляктарға ғана емес, барлық елдерде бар өзекті мәселелердің басын құраған бұл пьесаны жоғары деңгейде сахналай алды. Көрермен режиссер екпін сала көрсеткен ана мен баланың арасындағы үзілген қарым-қатынастан, басымен кеткен ұл, адами қасиеттерінен айрылған ананың сахнадағы кейпіне қарап моральдық құндылықтар туралы ойланары сөзсіз. Өзге де үй қызметшісі - Дорота, жеңіл жүрісті қыз – София Неряхина секілді кейіпкерлердің болмысына қарап көңіліне талай дүниені түйеді. Кейіпкерлердің арасындағы диалогтағы адам болмысы, дін, қоғам жайлы айтылған философиялық ойлардан да миына салмақ түсіріп, өзінің тар шеңберінен шығуға ұмтылады.

Спектакльдің көркемдігін арттырып тұрған хореография мен декорацияға да қарап, олардың да бір-бір ойды арқалап тұрғанын ұғынып, өз таным көкжиегіңнің деңгейінде интерпритациялайды.

Ал ең бастысы – адам болмысының тым күрделеніп бара жатқандығын біліп, өзінің де ішінде бір «нақұрыстың» бар екенін мойындап қайтады.

...Құрметті оқырман, күнделікті тірліктен бір сәтке қол үзіп, тәуелсіз театрдың табалдырығын аттап, өз болмысыңызбен бір сәтке кездесіп, сұрақтарыңызға жауап тауып қайтыңыз!

0 Пікір Кіру