Тойға кететін ысырап немесе той өткізудің жаңа тәсілі - на weekend.bugin.kz
Абылай Қара - на weekend.bugin.kz Абылай Қара

Қазіргі кездегі той өткізу жүйесі дұрыс па? Ақталып жатыр ма? Басқа да той өткізудің оңтайлы жолдары бар ма?

Қазіргі уақытта той жасау, той өткізу ежелден тойшыл қазақтың әлі де өмір салтының бір бөлігі болып отыр. Дегенмен, бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақтың осындай ұқсастықтары болғанмен, біз мүлдем елестете алмайтын дәрежеде айырмашылығы жер мен көктей.

Мәселен, ең үлкен маңыздылыққа ие үйлену салты мен тойын қарастырып көрсек. Қазіргі заманда біздер үйленуге байланысты орындалатын құдандаласу, бесік құда, ата-аналар тарапынан баласына сай жар іздеу және осыған сәйкес өткізілетін салттар мен рәсім-тойларды ысырып тастап, қайда апарары белгісіз бағытқа кетіп бара жатырмыз. Иә, бұл рәсімдерді заман талабы немесе басқа да себептермен ақтап алғысы келеді. Ақтағаны жөн болар еді-ақ. Бірақ, бұл жаңашылдық біздің отбасымыздың берік болуына емес керісінше, жаңа құрылған отбасының шаңырақ көтермей жатып шайқалып, екі жастың екі жаққа тарқауына алып келуде.

Бұл әңгіменің әлқиссасы екі жастың танысуынан басталады. Бұл тақырыпқа байланысты үлкен көлемді мақала жазылу керек, бірақ менің айтар дүнием қазіргі кездегі Қазақстандағы той өткізу кезінде экономикалық һәм ақша-малдай болатын “ысырапшылдықтың көкесі” туралы.

Әңгімеге тұздық болуы үшін, қазіргі кездегі той рәсімінің қалыптасқан жағдайы немесеststusquo-сын бір елестетіп өтейікші. Әдеттегіше, кешкі уақыт 18:00-ге басталатын той 20:00-де басталады. Орындық басы кемі 5000-8000 теңгеден басталатын удай қымбат мейрамхана. Қонақтар жиналу үстінде. Колонкалар бақырып тұр. Қонақтар жиналды-ау деген бір уақытта асаба жігіт атып шығып жаттанды мәтінін судыратып беташары бар, бата беру, кезекпен сөз беру, ортасында өтпейтін бейәдеп әзілдері, арнайы дайындалған кәсіпқой той әншілері мен бишілер-шоушылары, топтық және жаппай билері және тағы басқалары бар.Даңғырлақ музыка мен колонка әсерінен ел-жұрт тойдан демалып емес шаршап шығатын болды. Бәлкім, тойға ішіп-жем үшін ғана келетін қонақтарға бұл дүние ең оңтайлысы шығар. Бірақ мұның сыртында тойдың кредиті мен таныстарынан алған “қарызымды тойға түсетін ақша жабар ма екен ?!” деген ата-ана уайымы, “әй, осы мұншама шығынданып бекер шаңырақ көтердім бе?!” деп ойға шомып, өтірік күліп тұрған жас отауды, тойға көңіл мен рухани азық баратын емес, “ол менің тойыма келді, мен де барамын, той сыйлығын өздері бергендей қып берейік” деген ішкі бақай есебі бар қонақтарды көре аламыз. Осындай ойлармен біз тойдың қазыналық, рухани қасиеттерін ойлауға-ашуға ойымыз, мұршамыз, уақытымыз жетпейді. Осылайша, айналасы 6-7 сағатта қазақтың ең қастерлі дүниесі өткенмен, біз осы заманда үшбу қазынамызды бекерге шашып отырмыз.

Енді ойланар сәт туды деп есептеймін. Қазіргі тойлардан алатын рухани дүниелердің кемшін болуы және осы кемтар тойдың өзі қалтаны тонап жатса, мұндай тойдың не керегі бар?! Сол себепті, мен тойға жаңаша бағыт немесе реформация керек деп есептеймін. Бұл идея мүмкін, бұрыннан бері айтылып, өмірде қолданылған идея деп те қол сілтейтіндер де бар шығар. Бірақ, бұл жоба осы заманғы ысырапшылық пен даңғазалықтан құтқарады деп ойлаймын.

Менің жобам, тойды қазіргі заманғы шетелдіктер тойлайтындай ашық аспан астында немесе қабырғасы жоқ шатырдың астында өткізу. Бұл жоба, бір кездері,тоқсаныншы- екі мыңыншы жылдары халықтың сүйікті той өткізу тәсілі еді. Кейінірек, той бизнестің табысты кәсіптің көзі екенін білген-көрген кісілер үлкен-үлкен жылтыр да әсем тойхана мен мейрамханаларды салып, халықты осы мейрамханаларда той жасауға үгіттеп, еліктете бастады. Сомен, бір-бірінен жаңа ғимаратта өткізілген тойды көрген ағайын, мейрамхананың оңтайлылығын көріп, шатырдан төрт қабырғаға көше бастады. Дегенмен, бұған көшуге сол заманғы мейрамханалардың бағасының салыстырмалы арзан болуы, шатырлы тойдың сол кезеңде машақатының көп болуы, азық-түлікті тасымалдау мен сақтаудың қиындығы, ұйымдастырудың қиыншылығы, техникалық жарақтардың төмендігі, т.с.с. Көріп тұрғандарыңыздай, осындай мәселелер ең оңтайлы той өткізу тәсілінің тұрмыстан ысырылуына әсер етті.

Не үшін бұл жоба керек?

·       Ақша. Бұл жоба қазіргі кездегі көбінесе ауылдағы, ішінара қаладағы тойханаға кететін қап-қап ақшаны үнемдеп өзіміздің өзге игілігімізге жұмсауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде қазағымыз бар малын тойға шашатындықтан, бұл шашылыс ысырапшылдыққа әкелуде және осы ысырапшыл қасиетіміз біреулерді байытуда.

·       Уақыт. Қазіргі кезде кешкі-түңгі уақытта өткізетін 5-6сағатта өтетін тойларды күндізгі уақытта емін-еркін асықпай өткізе аламыз. Осы арқылы тойдың маңызын түсінуімізге мұрша берер еді.

·       Ұлттық идеология жағы. Осы жоба арқылы ұлттық дәстүрлерімізді және қазақтың тойында бұрында болатын казіргі тойханада өткізу мүмкін емес балалар мен үлкендер күресін мен өзге ойындар кең алаңда өткізе аламыз. Сонымен қатар, қазақтар үшін жақсылықтың қара шаңырақта өтуі зор құрмет болып табылады.

·       Сыйластық. Иә, бәріміз еститін миф немесе шындық «бұрын тойға мыңғырған адам келетін және т.с.с.» деген түсінікті тұрмысқа ендіру. Қазіргі экономикалық жағдай және тойханалардың тығыздығы 300-400 ғана адамды қамти алады. Сол арқылы көптеген ауылдастар мен сыйластар, туысқандар тізімнен амалсыз сызылып, олардың іштерінде қыжыл қалып отыр. Тойхана тегін болғандықтан, таңертеңнен кешкі уақытқа дейін бүкіл ауыл мен жекжат-жарандардың ешқайсысын қалдырмай шақыра аламыз.

·       Тыныштық һәм дем алу. Қазіргі тойларға көпшілік адамдар демалуға емес, ұялғаннан баратыны және барған жағдайда даңғырлық музыка мен колонкадан адамдар қарапайым бір-бірімен әңгімелесе алмай іштен тынып өтірік күліп отыратыны белгілі. Сол себепті тыныш шатырдың астында қауышқан қонақтар рухани әңгіменің түбін түсірер еді.

·       Жақындар жылуы. Қазіргі тойларда барлығын ақшасын төлесең дайындап бергендіктен, адамдар оңайлыққа ұмтылып сатып ала салады. Бірақ, осы арқылы біз көрші-туыстар, дос-жарандармен өзара көмектесу деген құндылықты жойып отырмыз. Оның салдары, жақындар бір-бірінің нақтылы жағдайынан хабарсыз, сыртынан жылтырағанға жақсы деп ойлайтын жағдайға жеттік. Той жұмыстарын ұйымдастыруға көп адам күші қажет болғандықтан, жақындаға деген қажеттілік туады. Олардан көмек сұрап араласу арқылы жақындық байланысымыз артып берекелі боламыз.

·       Жас шаңырақ. Жас отбасы кредитке той жасамай, өз және жақындарының көмегінің көмегімен шамасына қарай той жасау арқылы және той қамы кезіндегі ыстық-суықты бірге көріп бір-біріне деген құрмет- сыйластығы артады.Жақындарының қолдауы оларға ертеңіне сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Осы себептер 3/1 бөлігі ажырасатын қазақ отбасыларының бұл статистиканы азайтып, көңіл көншитін дәрежеге жеткізеді. Әйтпесе, көпшілік жас отаулар тойға алған кредит және басқа ақшаға қатысты дүниеге байланысты ажырасады екен. Ақшаға бола кеше ғана ақ нексін қиып, адалдан алған жас отаулардың шаңырағы шайқалып жатуы өте өтінішті һәм қорқынышты.

·       Креатив немесе жаңашылдық. Қазіргі таңда бәріміз төрт қабырғаға қамалып алу арқылы өзімізді қолмен шектеп отырмыз. Кең ашық далада өтетін тойда көптеген жаңа дүниелер мен шоуларды жасай аламыз. Флешмоб болсын, тойға қатысты дәстүрлерді жаңғырту болсын.

Қазіргі кезде тойды осылай өткізуге мүмкіндік бар ма?

·       Заманның озық жетістіктерін пайдалану арқылы бұрынғы мәселелердің бәрін шеше аламыз. Азық-түліктерді тоңазытқышта сақтау, жаңа дыбыс ұлғайту құралдары т.б.

·       Ауылды жерде өткізуге той иесінің ауласы, қалалық жерде парктер мен өз ауласы, ТК болса кешен алаңы маңында шатырды жалға алып құруға болады.

Сөзімнің соңын Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.ғ.с.) хадисімен ақтағым келеді: «Ең қайырлы той- қарапайым болғаны», «Екі жасты үйлендіру мен жаназа шығару ең оңай дүние болуы тиіс».

0 Пікір Кіру