Алматыда Шәкен Аймановқа ескерткіш қойылды - на weekend.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на weekend.bugin.kz Марғұлан Ақан

Ескерткіш авторы – қазақстандық сәулетші Нұрлан Далбай

Алматыда Шәкен Аймановқа ескерткіш қойылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Юрий Померанцев сияқты танымал өнер қайраткерлері қатысты. 

"Бұл – жақсы бастама. Шәкеңнің алдында Қалибек, Серке, Елағаң сияқты ұстаздары болған. Шәкең бастады, соларға да болашақта ескерткіш қойылып жатса, халықтың сүйіспеншілігінің көрінісі болар еді", – деді Асанәлі Әшімов. 

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің сөзінше, Шәкен Аймановтың ескерткіші өнер майталманына деген зор құрметтен туған. 

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақаласында елге еңбегі сіңген атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ретінде дәріптеу үшін оларға ескерткіш орнату қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Соңғы жылдардың өзінде Елбасы тапсырмасымен қаламызда ел тарихынан сыр шертетін 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюда қаза болғандарға, көрнекті қазақ энергетигі Шабық Шөкинге ескерткіш ашылып, елімізге еңбегі сіңген 60-тан астам тұлғаның тұрған үйлеріне тақта орнатылды. Биыл ұлтымыздың байырғы күнтізбесіне сай келетін бірегей нысан, бағзыдағы бабаларымыздан жеткен жыл қайыру жүйесін бейнелейтін Тәңіршілдік күнтізбесі ашылды. Алдағы уақытта Төлеген мен Қыз Жібекке, Шәмші Қалдаяқовқа, Балуан Шолаққа ескерткіш орнату жоспарланған. Бүгін ашылып отырған Шәкен Айманов ескерткіші де Елбасы тапсырмасының орындалуының көрінісі, халқымыздың даңқты өнер майталманына көрсетілген үлкен құрмет", – деді Бауыржан Байбек. 

Шәкен Айманов ескерткішінің авторы – қазақстандық сәулетші Нұрлан Далбай. Мүсінге демеушілік жасаған – Астана групп холдингінің директоры, меценат Нұрлан Смағұлов. 

Шәкен Айманов – қазақтың әйгілі актері, режиссер. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ кино, театр өнерінің қалыптасуына арнады. "Біздің сүйікті дәрігер", "Атамекен", "Тақиялы періште", "Алдар Көсе", "Атаманның ақыры" сияқты өміршең туындыларды түсірген. 

Today.kz

0 Пікір Кіру