16 мамыр кинопремьералары қандай? - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

Осы аптада екі отандық картина прокатқа шықты

Бұл апта Джон Уик туралы оқиғаның үшінші фильмі, екі отандық картина, покемондар туралы детектив, би сайысы туралы француз мелодрамасы, қанды фестивалға арналған хоррор-комедиямен ерекшеленеді.

«Джон Уик: 3 тарау — Парабеллум» / «Джон Уик 3» / «John Wick: Chapter 3 - Parabellum»

Жас шектеуі: 16+

Басты рөлде Киану Ривз ойнайтын, суперкиллер туралы франшизаның үшінші бөлімі. Актерлік құрамға жаңадан Холли Берри, Марк Дакаскос секілді жұлдыздар қосылып отыр.

Сюжеті алдыңғы бөлімдердің желісін жалғастырады. Джон Уик жендеттердің басты шартын бұзған болатын: «Континенталь» қонақүйінің аумағында кісі өлтіруге болмайды. Енді оның ізіне әлемнің ең мықты киллерлері түседі. Өйткені Джон Уикті өлтіру кез келген кәсіпқой үшін мәртебе әрі ірі ақшалай олжаға кенелуге болады.

«Әруақ»

Жас шектеуі: 14+

Қазақ киносының мэтрі Асанәлі Әшімов ойнаған драма. «Қазақфильмде» түсірілген картинаның режиссері – Қуат Ахметов.

Сюжетте Ағатай есімді жалғыз басты қарт туралы баяндалады. Оның кемпірі қайтыс болған, екеуінен ұрпақ та өрбімеген. Ағайын-туысқандары да қалмаған. Қария өз ортасынан безіп, далаға барып тұруды көздейді. Әйтсе де ол балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек балаға кезігіп, бастапқы жоспарын бұзуға мәжбүр болады.

«Ессіз әйелдің күнделігі» / «Дневник безумной женщины»

Жас шектеуі: 6+

Блогерлікпен, Интернетте танымал болғаннан кейін кино әлемін бағындыруға талпыну – біздің ел үшін таңсық емес. Міне, Нұрлан Батыров та өзінің танымал вайн-персонажын киноға алып келіпті.

Фильмде оқыс оқиғадан кейін Нұрланның өмірінде бір әйел пайда болады. Оның түрі мен ісі жұртты шошытады, өйткені оның сақалы бар және қылықтары қалыптан тыс. Ол қайдан пайда болды, аты кім, жасы неше - ешкім білмейді.

«Биле» / «Танцуй сердцем» / «Let's Dance»

Жас шектеуі: 12+

Әйгілі «Бір қадам алға» («Шаг вперед») атты америкалық киносериалының ізімен француздар да кино түсіріпті.

Фильм сюжеті Джозеф және Хлоя есімді екі жас төңірегінде өрбиді. Джозеф үздік хип-хоп бишілердің басты сайысына қатысу үшін Парижге аттанады. Ол балетпен айналысатын Хлоямен танысады. Екеуі бірігіп, бидің жаңа стилін жасауға тырысады.

«Бладфест» / «Blood Fest»

Жас шектеуі: 18+

Комедия элементтері бар америкалық үрейлі фильм. Бұл культқа айналған қорқынышты кейіпкерлер мен жанрдың клишелерін бір жерге тоғыстырған туынды.

Сюжет бойынша хоррорды ұнататын бір топ жас үрейлі фильмдерге арналған танымал фестивалге жиналады. Оларды қорқынышты сюрприз күтіп тұр: ұйымдастырушы шара кезінде қызыл қырғын жасап, қатысушыларды өлтірмекші.

Сондай-ақ, «Капитан Шарки» («Капитан семи морей») деген неміс мультфильмі шықты.

0 Пікір Кіру