Кешіріңіз, мен – Чмомын! - на weekend.bugin.kz
Асылан Қуанышұлы - на weekend.bugin.kz Асылан Қуанышұлы

Бұл - ешқандай көркем шығарма емес. Әріптер тізбегі ғана. Оқудың қажеті шамалы.

Көкірегі желді, кеудесі қуыс мына пақырыңыздан ештеңе күтпей-ақ қойыңыз. Егер бұл мәтінді оқып отырғандағы мақсатыңыз сөздер әлемінен ой аулап, эстетикалық ләззат алу болса, онда шамамен он минутыңызды шығындайтыныңызды ескертіп, әрі қарай жалғастырмауыңызды сұраймын. Себебі, тақырыптан байқағаныңыздай былапыт сөздер араласқан. Екіншіден, бәрі де ойдан шығарылған. Сенудің керегі жоқ. Үшіншіден, бұған дейін айтыла-айтыла таптаурын болған сөздердің әріптерін құбылтып, яғни, басқаша таңбалап қайта ұсынып отырған жәйім бар. Төртіншіден, тыныс белгіден де, сөздік қолданыстан да қателер өріп жүр.

Сонда да жалғастыра бермексіз бе? Мақұл. Тағы да ескертемін, барлығы ойдан шығарылған. СЕНУГЕ ТҰРМАЙДЫ. ОҚУҒА ТАТЫМАЙДЫ!!!

Кеше көше бойлап келе жатып төрт бүктелген, сыртына «ОҚЫМА» деп жазылған қағаз тауып алдым. Ішінде былай жазылыпты: «Кешіріңіз, мен – «Чмомын». Әңгімені әріден бастайын, біздің ауылда жетінші сыныпты бітірген оқушылардың (ер балалардың) екі түрлі уайымы бар. Әуелі таң азанмен оянып сабаққа бару, сонан соң сегізінші сыныппен қатар басталатын «көше тәртібі». Ауылдағы «ағалардың» жұмсағанына бару, әрбірімен амандасып жүру, түнде көшеге шығу және ең бастысы «жиналыстарынан» қалмау – жазылмаған заңның басты ұстыны. Сабақ пен кітаптан көз ашпайтын әрі өмірінде таяқ жеп көрмеген әзіз басымның «чмо» болатын жөні бар. Өйткені, төбелесе алмаймын, көшеде де жүргім жоқ. Сөйтіп, сыныптастарымның да, басқа құрдас балалардың да біреуімен араласқан емеспін. Не керек, «Чмомын». Құрдастарым «ағалардың» жүрген жолынан сәл қия басқанда таяқ жеп жатса, мен құс жастықты жастанып жата беремін. Өмір көрмегенмін. Оқып болдыңыз ба? Онда орнына қайта қойыңыз, менің «Чмо» екенімді бәрі білсін».

Кім екенін де ойлаған жоқпын, қайтадан төрт бүктеп тастай салдым. Арбат. Кілең жастар. Қай еріккеннің жазып кеткені маған не керек, баяу жүре бердім. Аз уақыттан соң алдымнан бір ибанатты қыз шықты. Қолында бозқараған (біреулер бөртегүл деп те айтады, негізі «сирень» ғой). Құшырлана иіскеп қояды өзі. Ақырын ғана қасына барып:

– «Сиреньді жақсы көресіз бе?», дедім. 

– Иә, – дейді. 

– Онда неге жұлдыңыз, толық гүлдеп үлгермепті ғой? – деймін-ау ділмәрсып.

– Шынымен, ә? – дейді әлгі ибанатты қыз.

* * *

Ақыры бес жұлдызды қонақ үйіме жетіп, «люкс-тағы» бөлмеме кірдім. Ақ жаймалы мамық төсекте жатып, теледидарды қостым. Үнді фильмі болып жатыр екен. Енді, зорайтып «өнер» деп айтатындай емес. Белгілі сюжет. Өнердің «ө» деген әріпі жоқ. Әдеттегі идеялогиялық-пропагандалық бәлдір-батпақ. Дегенмен, болғаннан кейін біраз ойланып қалғаным да бар. Қысқаша былай:
Кіл кедей-кепшіктер тұратын ауданға бір бай үнемі тыныштық бермейді, көнбегендерін өлтіріп те кете береді. Бірде сол ауданды сүріп тастамақ болады. Сол кезде бір жас жігіт әлгі байды қызының өмірімен қорқытып сәл бөгей тұрады. Сонан соң халықты жинап алып ортасында бай отырады да бүй дейді: «Бәрі қорқады. Батырмын дегендерің алдыма келіңдер!». Ешкімде үн жоқ. Батыр жігітіміз ғайыптан пайда болып, ортаға шығады да, арасындағы ең жасын (шамамен он жасар бала) қасына шақырады. Сонсоң оған: «ананы көргенде қандай әсерде боласың?» - деп сұрақ қояды. Ол былай жауап береді: «Басын таспен ұрып, жарғым келеді». Оған әсерленген жұрт байды талап тастайды. Кейіннен бай одан сайын күшейіп, жаппай қырады. Өзін тепкеннің аяғын шауып, әлгі батыр жігітті өлтіріп дегендей. Бірақ басқа шала қалған қорқақтау жігітке бет сүйегі үгітіліп кеткендігінен бет сүйек пен бас керек болып, әлгі қайтқан «Қаһарманның» бетін отамен өзіне «жапсырып» алады. Сөйтіп, халық болдай тозып, бай ауданды сүргелі жатқанда қорқағымыз батыр боп, халықты қайта бастайды. «Жамандар» жағы өлген адамның тіріліп келгенінен қорқады. Халық жігерленеді. Үйреншікті аяқталады. Жамандық жеңіліп, әділдік орнайды. Сонда жалғызы өлген қарияның сөзі: «Біз бұрын ашуымыз бен кегімізді қорқынышқа жеңдіріп қоя беретін едік. Сен біздің көзімізді аштың. Енді ауданымызда қайсарлыққа оранған әділдік салтанат құратын болады!»

Өзімнің қара өмірімдей арқамнан түспейтін қара рюкзагыма тіл бітті сол кезде. Тамағын бір кенеп алды да, лекциясын бастады дерсің... 
– Братан, бүгінгі оқиғалар тегіннен-тегін болды деп ойлайсың ба? Чмо мен сирень, содан соң мына гавно киноны – бәрін-бәрін жайдан жай көрдің бе? Тупойланбай ойланшы, анабіреулердің дебатқа түскенінен не пайда? Сатқын болмаса, түссін дейді. Айналайын-ау ол сатқын болса да түседі ғой. Әдейі жеңілу үшін. Онда тұрған не бар?! Екі қошқарды сүзістіріп қойсаң, біреуінің мүйізі сынғанша тоқтамайды. Одан да сенім керек. Сене білу керек. Валтер айтпайтын ба еді: «Күлкі тудыратын нәрсе қауіпті болудан қалады». Қазір ештеңенің зияны жоқ. Тек сене білу керек. Сатқын немесе қуыршақ дей бермей, сену керек қайсысына болсын.
– Түсінбедім?
– Ештеңеге бас қатырма, жәй ғана сен деймін. Өзіңді де әлгі «ағалар» сияқты жазалама. Әйтпесе, анау кейбір шалдарды білесің ғой, сиреньді жақсы көреді, бірақ толық гүл ашпай жатып сабағынан жұлып ала салатын. Сол секілді болып қалма деймін. Әйтпесе, олар әлгі «ағалар» секілді деймін, сен неге менің жүрген жолыммен жүрмедің деп «жазалайтын» деймін. Олардың жазасы, әрине, қазақтың қаймағы бұзылмаған қара ...(өлеңінің немесе сөзінің) қабырғасын қаусатамын деп жүрген батыстың жыныққанына ылыққан-былыққан деп сайрай жөнелетін дуалы ауыздарының дүрелері. Соны айтып тұрған кезде өзінің де кезінде қателескенін, бірақ олардың ағалары буындары қатайсын деп қалай жазса да еркіндік бергенін, қолдағанын естерінен шығып кете салатынын да білесің. Олар бастысы жас гүлдердің арасынан осы сирень деп бір жас талантты таңдап алды (толық бүрлемей жатып), сосын құмыраға салып, баптауға шыдамы жетпей лақтыра салды. Сондай болып қалма деймін. Деймін, деймін, деймін.

– Әй, сен дымды да білмейді екенсің. Жаңағы «Чмо» мен «аға» деп мысал келтірдің бе? Менің «Чмо» болғым келеді...

– Мен жеткізе алмадым. Сен түсінбедің. Әңгіме тәмам. Одан да сен бүйт: қазір ноутбукті қолыңа ал да, осыны блог деп жазып шық. Кім оқиды екен?

– Мақұл. Қалай бастайын?

«Көкірегі желді, кеудесі қуыс мына пақырыңыздан ештеңе күтпей-ақ қойыңыз...»

0 Пікір Кіру