Ерлан ЖҮНІС: Кей оқырман авторды сүйетіні сонша, оны өліп қалған екен деп ойлайды - на weekend.bugin.kz
Nurshat Yersaıyn - на weekend.bugin.kz Nurshat Yersaıyn

Абадан ақынның кітап жайлы ой толғамдары

Кітап жеуге жарамайды, әйтпесе, оқырман көбейер еді.

***

Кей оқырман авторды сүйетіні сонша, оны өліп қалған екен деп ойлайды.

***

Ағаш – Кітап – Ағаш! 

*** 

Авторға ғашық болу – азап, оқырманға ғашық болу – тіптен сорақы! 

***

Балаларды өздеріңіз оқымаған кітаптан қорғаңыздар. 

***

Жазылмаған кітаптан қауіпті ешнәрсе жоқ!..

***

Кітапты жыртқанда шығатын дауыс – автордың дауысы.

***

Авторы өлгенде… неге ешкім кітапқа көңіл айтпайды?!

***

Оқырманның автордан артықшылығы: ол авторды балағаттай алады.

***

Түнде кітапты жастанып ұйықтайтындардың бәрі авторды құшақтай бермейді.

***

Бала мен кітаптың отпен ойнауы – өрт қаупін туғызады.

*** 

Екі оқырман дауласса, автор жапа шегеді. Екі автор дауласса, оқырмандікі – дұрыс.

***

Аш авторлардың қоғамы құрылса, олардың антиподы кітаптары болады. Аш кітаптардың қоғамы құрылса, олардың антиподы авторлары болады.

***

Кей кітап оқырманды оқиды.

***

Кітапханашылар ерте қартаяды.

***

Оқымай-ақ қойыңыз, бәрібір авторы көріп тұрған жоқ…

***

Жеке кітапхана – махаббат галереясы. Ол жерге ғашығыңның ғана суретін қоясың. Сондай-ақ, жеке кітапхана – өзіңнің жеке жындыханаң.

***

Кітабыңды бірнеше ылғалдан қорға, әсіресе, спирт пен көз жасынан.

***

Кітаптарды ғасырларды сапырылыстырып оқу керек. Ол – уақыттар аралығында көшіп жүру секілді сезім сыйлайды. Уақыт машинасы – кітап.

0 Пікір Кіру