Бесаспап ұстаның бейнесі - на weekend.bugin.kz
Рыскелді ЖАХМАН - на weekend.bugin.kz Рыскелді ЖАХМАН

Қас қағым сәт қалам ұшымен...

Осыдан тура бір ай бұрын Сыр бойындағы қас қағым сәтті сәтті кадр ете білген белгілі фототілші Болат Омарәлиевтен хат келді. Мәтіні мынадай: «Сіздің ауылда ер жасайтын атақты ұста бар еді. Соны осыдан 25 жыл бұрын суретке түсіргенмін. Аты-жөнін есіме түсере алмай отырмын»...

Алақандай ауылда мен көзін көрген бірнеше ұста бар. Олардың да бейнесі көз алдымда дей алмаймын әрі ол кісілердің келместің кемесіне мініп кеткеніне де көп болды. «Расында кім екен?» деген ой мені мазалады. Түстеп танымасам да, шамалап жобаладым. «Осы кісі көрік те қыздырушы ма еді?» дедім суретті сөйлетушіден. Барлық жағынан ұста екенін айтты. Ал, мен болсам, суретті телефоныма жүктеп алып, ауылдағы үлкен кісілерден сұрап, нақтылай түсейін деп шештім. Атамыз туралы мәліметтерді аз уақытта алуым керек болса да, суретті жақындарына көрсетуге асықпадым. Сірә, қызғанған секілдімін...

Ширек ғасыр бұрын түсірілген суреттегі кісі соғыс ардагері, ұста, шебер Кенжеғұл Әлімбаев атамыз екен. Ішкі түйсігім алдамапты. Оның үстіне, кішкентайымыздан ұстаның жұмыс істейтін дүкенін көріп өскеніміз бар. Бүгінде шебердің қолынан шыққан дүниелер ауылдың әрбір үйінен табылады. Хәкім Абай айтпақшы, ер данасы қиыннан қиыстырады емес пе? Атамыз өмірден өткенше ағаштан ер жонып, темірден түйін түйіп кетті.

Кенжеғұл Әлімбаев 1915 жылы 1 қыркүйекте «КИМ» колхозында (Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылы) дүниеге келген. Отбасында ағайынды 4 жігіт болған. 1939 жылы Сүлеймен деген ағасына жала жабылып, «Халық жауы» деп атылған. Осы жылы Әбдіқадыр деген ағасы екеуін майданға алып кетеді. 1940 жылы құрал жасайтын шеберханада жұмыс істейді. Ал, 1941 жылы соғыс басталып кетіп, штабпен бірге соғысқа аттанады. Соғыс кезінде Сталинград, Курск түбінде болған шайқастарға қатысып, ел үшін қан жұтып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосады. 1945 жылы Елва өзеніне келген кезде Кеңес өкіметіне өтіп, сол жерде ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. 1946 жылы соғыс аяқталған соң Польшадан елге қайта оралған.

Соғыстағы азаматтық борышын адал орындағаны үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, т.б. медаль-ордендермен марапатталған.

«Әлі есімде, үйі бір құмның етегінде еді» деп еске алады тұлғаларды суретке түсіруімен дараланған фототілші Болат Омарәлиев. Суретті көргенде нағыз ауыл өмірі көз алдыңызға келеді. Қаршадайынан еңбекке араласқан баланы, бозбаланы байқайсыз. Арғы жағындағы әжеміздің сүйсіне қарап тұрғаны ше? Түсіне білгенге, бұ суретте бақыттың бейнесі байқалатындай...


0 Пікір Кіру