Еркек теңсіздігі - на weekend.bugin.kz
Nurshat Yersaıyn - на weekend.bugin.kz Nurshat Yersaıyn

Ұлым ынжық болмасын десеңіз...

Қайбір жылдары ХХ ғасырда әлемге айқай салып "әйел теңсіздігін" көтеріп шарқ ұрған едік. Ақырында әйел теңсіздігін алды. Жоқ, қайта асып  түсті ма  дерсіз. Байқадыңыздар ма, теңсіздік тауында ерлермен қатар биікте тұрамыз деп секіргенде асып кетіпті. Әйел ешқашан ермен тең бола алмаса керек. Ол туралы Алла Тағала құранда да "Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын" делінеді. Дінді айтпағанның өзінде ерте қазақ қоғамында да ерлердің дәрежесі қашан да жоғары болғаны белгілі. Еркек қабырғасынан жаратылған әйел ердің алдына түсіп сөз алмаған, жолын кесіп өтпеген, киімдерін жоғары қойып құрмет көрсеткен. 

Еркек – түздің адамы. Бала-шағасының ішіп-жемі мен басқалай да тарықпауына жағдай жасаған. Сол үшін де қадірі  артқан. Еркек тапқан табыста береке болады деген де тегін емес. 

Ал бүгінгі қоғамда бұл үрдіс бұзылған. Үйде де,  түзде де еркекке қарағанда әйелдің әлеуеті артып тұр.

Әйелдің қырық жанды екені рас. Еркек істейтін істі  ол да жасай алатынын көрсетіп жүр. Десе де өзіне тиесілі емес шаруаны қоса алып жүргеннен әйел затына тән нәзіктігі жоғалады. Үйді де, түзді де дөңгелетіп, ақшаны да тауып, баланы да бағып, еркекке тиесілі жұмысты тартып алғандаймыз. Сосын еркектер жалқау деп шағымданамыз. Қалай жалқау болмайды бәрін өзіміз тындырып, қолыңнан келмейді, табысың аз деп басып тастасақ? Одан еркектің басында "Қойшы соны, менсіз де істей алады ғой" деген ой туындап, енжарлыққа салынады. Қолы, ойы бос еркек құр жата ма, ермек іздейді. Құмар ойындар мен зиянды әдеттерге әуестігі артады. Бойындағы бар энергиясын сыртқа жұмсаған әйел үйге шаршаңқы, ашушаң  келіп, бала тәрбиесіне  де көңіл бөлуге шамасы  келмей жатады.

"Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектіі басын даң қылады" дегендей егерде сол еркекке "сенің қолыңнан келеді, біз саған сенеміз" деп жігерлендіріп, ара-тұра ақылыңызды айтып  отырсаңыз сіз де, ол да жетістікке жетер едіңіздер.

Әрине, әйелдер де бүгінгі заман ағымына сай жан-жақты  білім алып, биік белестерді бағындырып,  жаңа технологияларды игеруге құқылы. Әйтсе де ертеден қалыптасқан қазақ отбасы институтын бұзбауы керек. Бұрында да небір асқан ақылды, парасатты,  батыр апа-әжелеріміз болған. Ел билеген ерлер өз кезегінде бәбішесімен ақылдасып, кеңесіп отырған. Айтқысы келген ойын ері арқылы айтқызған.  Сол сияқты қанша жерден ақылды, білімді болып, көп ақша тауып, жоғары қызметте болсаңыз да еріңізді сыйлай біліңіз. Оның салдары алдымен үйде өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңызға әсер етеді. Ондай отбасындағы әкенің рөлін, орнын көріп жүрген бала әкесіне ұқсағысы келмесі анық. Сонда ол кімді үлгі тұтып, кімге еліктеп өспек?..

Ынжық, қызтеке ұлдар мен желөкпе, көкбет қыздар осындай үйден шығады. Ұл бала үшін әке деген ең мықты, жігерлі, қайратты адам. Бір сөзбен айтқанда,  әке - бала үшін идеал. Өкінішке орай, бүгінгі әкелердің беделі төмендеп, балаға идеал болудан қалып бара жатқандай.

Қыз бала тәрбиесінде де әкенің өзіндік орны бар. Ол қыз баласының ұятты, ибалы, инабатты болуына ықпал етеді. Бүгінде қыз бір жаққа сұранар болса, анасының рұқсатын алып кете барады. Әкесі қызын сұрай қалса билік жасап, рұқсатын берген шешесі  "Қайтесің, мен жібердім, жас қой қатарымен қыдырып қайтсын" деп тыйып тастайды.

Әке табиғатынан қаталдау болса, ана бала десе ет жүрегі елжіреп тұратын мейірім иесі. Ер адамның міндетін атқарған әйелде еркекке тән мінез бен қылық бой көрсетеді. Содан болар, әйелдер арасында қылмыс пен тастандылардың көбеюі.

Сонымен әйел еркекпен теңесе алмайды дедік. Әйел еркекпен тең болмағанымен ерекше құрметке ие. Бабаларымыз қыз баласына құрметпен қарап, аялап өсірген. Жары мен анасына да ілтипат білдіріп, қадірлей алған. Сыйлағаннан құл, саты төмендеп кішірейгеннен күң болмаған. Қыз баласы үшін биязылығымен баурап , нәзіктігімен жаулап, сыпайы да сыйлы жар, келін, ардақты ана болғаннан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?! Ертең ұлым нағыз ер болып өссір десеңіз, үйдегі  еріңізді сыйлауды бүгіннен бастаңыз. Отаны мен отбасын қорғаушыларымызды, қадірлеп, құрметтеп жүрейік, арулар!

1 Пікір Кіру