"Лондоннан шақырту келді" Ержан Максимнің анасы алдағы жоспарымен бөлісті - на weekend.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на weekend.bugin.kz Қаракөз Амантай

Ержан Максимнің алдағы жоспары қандай?

Ресейлік "Голос. Дети" жобасында екінші орын алған Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек шоудың нәтижесі мен Ержанға қандай ұсыныстар түсіп жатқанын айтты.

"Talklike" бағдарламасына берген сұхбатында Гүлмира Әлібек: "Голос. Дети" байқауының нәтижеcі жарияланғаннан кейін әттеген-ай деген жеріміз болды. Өйткені Ержан әнді бар күш-жігерімен, даусы кішкене жетпей қалса да, жоғары деңгейде айтып шықты деп ойлаймын",- деді.

"Голос. Дети" жобасы

Жоба барысында Валерий Меладзе Ержан тек қазақша сөйлегендіктен, онымен жұмыс істеу қиындау екенін айтқан болатын. Бірақ қиындау болса да, ол соған тұрарлық талант деп бағалады. Сондықтан Меладзе Ержанмен біраз қазақша сөйлесе бастапты.

"Валерий Меладзе Ержанға: "Кел қасыма отыр, айналайын" дейтін. Бағдарлама эфирінде тек "айналайын" дегені ғана естіліп қалыпты. Ол кісінің қазақ тілін қайдан үйренгенін сұрадым. "Маған қазақ тілін Батырхан үйретті" деп жауап берді",- дейді Гүлмира Әлібек.

Оның айтуынша, байқау барысында Ержанға көптеген әндер ұсынылған. Алайда Ержан Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әнді орындаймын деп шешіпті.

"Бірнеше ән ұсынылды. Біреуінде акцент болса, енді бірі даусына келмейді. Ержан кішкентайынан жоғары диапазонды әндерді жақсы көреді. Ержан Димаштың ізін қуып келе жатқан інісі деп ойлаймын. Өйткені барған жерінде Димашты аузынан тастамайды. Димаштың репертуарындағы әндердің көбі ұнайды. All by Myself пен Adagio әндерін таңдады", - дейді әншінің анасы.

Гүлмира Әлібектің айтуынша, "Голос. Дети" ұйымдастырушылары бұл әндердің бала үшін қиын екенін айтқан. Алайда Ержан айтқанынан қайтпай, мамандармен жұмыс істеп, дайындалыпты.

"Валерий Меладзе Ержан Adagio-ны айтқанда, даусына зақым келеді деп уайымдайтын. Көзіне жас толатын. Көптеген адамдар Валерий Меладзенің бала үшін мұндай қиын ән таңдауы дұрыс емес деген пікір жазып жатыр. Ол кісінің ешқандай кінәсі жоқ. Ержан осы әнді айта алатынына сенімді болды. Айтып бере алды деп ойлаймын", - дейді ол.

Ержан Димаштың әндерін тыңдағанда шабыттанатынын айтады. Димашпен бірге өнер көрсетуді армандайды екен.

"Славян базарына" екеуіміз бір сахнада өнер көрсеткенбіз. 10-15 баланы іріктеп, өзінің "Бақытты бала" атты байқауына қатыстырды. Мен сол байқауда бас жүлде алдым. Осы жылы байқауға қонақ болып барамын",- дейді Ержан.

Гүлмира Әлібек жүргізушінің "Голос. Дети" байқауында Микелла Абрамованың жеңіске жетуіне қаражаттың көмегі болды ма деген сауалына да жауап берді.

"Алсу өте қарапайым, өзі де, қызы да өте жақсы. Ақшам бар деп, шалқайып жүретін кісілер болады ғой. Ондай мінезін байқаған жоқпыз. Бірге отырып, бірге тамақ ішіп, әңгімелесіп жүретінбіз. Ақша жағы көмектесті деп айта алмаймын. Мүмкін халық, шынымен, солай дауыс берген болар",- деді Гүлмира Әлібек.

Ержанның алдағы жоспары

Ержан маусым айында өтетін МУЗ-ТВ арнасының концертіне шақырту алған.

"Арман Дәулетияров өзі хабарласты. "Қазір Америкадамын, көріп, естіп жатырмын. Қазақ бауырымның осындай үлкен қошеметке бөленіп жатқанын естіп, өте риза болдым" деді. Жазда МУЗ-ТВ премиясына шақырды. Ол осы құрметке лайық. Димаштың да осы концертке қатысатынын естігенбіз. Шақырғанда төбеміз көкке жетіп, сенбей қалдық. Мен сіздермен біргемін. Әрқашан қолдаймын деді. Ержанның өзі жеке ән орындауы тиіс", - дейді әншінің анасы.

Жобадан соң Ержанға бірнеше ұсыныс түскен екен. Қазір ол отбасымен бірге таңдау жасауда.

"Лондоннан хабарласты. Британияның Х-фактор жобасына шақыртып жатыр. Ойланып отырмыз. Сабақтары қалып қойды. Оның үстіне, Ержан ағылшын тілін оқуы керек. Енді басты мақсат – Ержанды музыкалық мектепке беріп, білімін шыңдау. Түсіп жатқан ұсыныстарды отбасымызбен, мамандармен ақылдаса отыра, шешім қабылдаймыз. "Голос. Дети" бағдарламасынан бөлек, Юнайтед деген компаниямен бір жарым жылға келісімшарт жасадық. Оның аясында жоба финалистері тур жасайды. Жоғары көтерілгені жақсы ғой, бірақ елімізде болса екен. Әлі кішкентай, даусы сынады дейді ғой. Сондай кездерден өту керек. Есейе келе көре жатармыз", - дейді Гүлмира Әлібек.

sputniknews.kz 

0 Пікір Кіру