1-2 мамыр кинопремьерасы қандай? - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

Осы аптада балаларға арналған туындылар жетерлік


Мейрамға тап келген демалыста балаларға арналған екі мультфильм, абхаздар туралы комедия, құбыжықтармен күрескен ортағасырлық жауынгер жайында хоррор және сырқатына байланысты бір-біріне жақындай алмайтын екі жас туралы мелодрама шықты. Енді толығырақ тоқталайық.

«Бес фут алыста» / «В метре друг от друга» / «Five Feet Apart»

Жас шектеуі: 16+

Джастин Бальдони есімді америкалық актердің режиссерлік жұмысы.

Фильмде муковисцидозбен ауыратын екі жас туралы айтылады. Дертіне байланысты патогенді флорамен алмасу болмау үшін ғашықтар бір-біріне жақындай алмайды, бір метрдей аралықтан ғана көре алады. Бірақ шын махаббатта шекара жоқ. Сезім күшейген сайын ережені бұзуға да ниет ұлғая бермек.

Фильм 1 мамырда прокатқа шықты.

«Аңшы» / «Время монстров» / «The Head Hunter»

Жас шектеуі: 16+

Фэнтези элементтері бар үрейлі картина.

Оқиғасы орта ғасырларда өрбиді. Бір жауынгер қараңғы орманда жалғыз тұрады және қызын өлтірген құбыжықтан кек алуды көздейді. Жақын маңда пайда болған белгісіз тылсым тіршілік иесі туралы естіген соң, солардың басын алуға аттанады.

«Атаға жеңіс үшін рахмет» / «Спасибо деду за победу»

Жас шектеуі: 6+

"Нарты из Абхазии" КВН командасын басқарған юморист Теймураз Тания өз отанында кино түсіріпті. Отбасылық комедияға өзі режиссер, өзі актер, өзі сценарий авторы болған.

Сюжет бойынша қалалық бала әкесіне ілесіп атасының ауылына барады. Жергілікті ұл-қыздар оны жылы қабылдай қоймайды. Әйтсе де баланың ауылдағы күндері қызыққа толы болады. Ал атасының соғыс туралы әңгімелері оған нағыз еркек болуға көмектеседі.

«Велосипедтер» / «Велотачки» / «Bikes»

Жас шектеуі: 6+

Бұл мультфильмінің Disney/Pixar студиясы түсірген «Көліктер» туындысымен қатысы жоқ. Дегенмен тематикасы ұқсас. «Көліктерде» сөйлейтін автомобилдер болса, бұнда сөйлейтін велосипедтер. Анимациялық туынды Испанияда жасалса да, көтерген тақырыбы бәрімізге ортақ – экология мен салауатты өмір салты.

Көркем таулардың, ормандар мен көлдердің арасында Споксвилль деген қалашық орналасқан. Бұл жерде түрлі велосипедтер өмір сүреді. Бірде қалашықат қозғалтқышы бар қонақ пайда болады. Осыдан бастап тыныш та үлгілі елді мекеннің шырқы бұзылады.

«Кішкентай жәндіктер - Мандибулалар әлемнің қиырында» / «Букашки 2» / «Les mandibules du bout du monde»

Жас шектеуі: 6+

Францияда жасалған анимациялық фильм. Бұған дейін де бірнеше сериясы мен анимациялық сериалы шыққан. Басты кейіпкерлер – жәндіктер. Сөзі жоқ картина, әсіресе, бөбектер үшін өте қызық.

Осы жолы жәндік кейіпкерлер Франциядан Гваделупа тропикалық аралына аттанады. Оларды қызықты да романтикалық оқиғалар күтіп тұр.


0 Пікір Кіру