Қолына қашау мен балға ұстамаған баладан жұмысшы маманы шықпайды - на weekend.bugin.kz
Абай Тағыберген - на weekend.bugin.kz Абай Тағыберген

Ниякүл Нәбиқызының жұмысшы мамандығына қатысты өз айтары бар

«Кәсіптік сала қыз балаға қол емес» деген біржақты пікір осы салада маман даярлап, жұмысшы мамандығының машақатына берілген жандарға қарата айтылмаған сынды. 30 жылын кәсіптік салаға, оның ішінде дәнекерлеуші мамандығына арнаған, маман даярлау ісінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Ниякүл Нәбиқызының жұмысшы мамандығына қатысты өз айтары бар. Ұстаз бүгіннің престиж мамандығынан бас тартып, сұраныстан түспейтін кәсіптік сала иелеріне бағыт-бағдар беруде жүйенің дұрыстығы қажет деген қағиданы ұстайды.

Ниякүл Нәбиқызы, дәнекерлеуші мамандығы кез келген қыздың жүрегі дауаламайтын сала.  Сіз бұл мамандыққа кімнің ықпалымен түстіңіз?

– Мені ешкім жетелеп осы салаға апарған жоқ. Бала кезден қалыптасқан ер мінезділігімнен шығар, осы дәнекерлеуші (сварщик) маманы болуды жаныма жақын деп таныдым. Бастапқыда әкем қарсылық танытқанын жасырмаймын. Менің бағытымның дұрыс екеніне көзі жеткесін келісімін берді. Мен кәсіптік салаға 1979 жылы келгенмін. Мектеп оқып жүргенде Бақытбек Садықұлы деген ағамыз мамандыққа кәсіби бағдар жасап, мені қызықтыра кетті. Сөйтіп оны 3 жыл оқығаннан кейін жолдамамен Қарағанды индустриалды педагогикалық техникумын «Пісіру өндірісінің технологиясы» мамандығында білім алдым. Өндірістік оқыту шебері, техник-технолог біліктілігін алып, 1986 жылы Қызылордаға келіп, осы коллежде қызметке кірістім. Еңбек жолымды арнаулы пән оқытушысы ретінде бастап, бүгінде тәрбие бағытында тер төгіп, директордың орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Әрине, мен тәртіпке жете мән беремін. Себебі нақты жұмысшы маманын даярлау тек құр теорияны айтып, кешке дейін уақыт өткізіп қайтуды көтермейді. Өзім білім алған кезде ұстаздарымыз теориядан гөрі практикаға жақын болуды талап етті. Көзбен көріп, қолмен ұстап, құрал-жабдықтарды көргеннен кейін баладан осыны талап етемін. Соның арқасында болар дәнекерлеуші-пісіруші мамандары «Ниякүл апайдың» шәкірттеріміз деп үнемі айтып жүретін көрінеді. Тіпті маған еліктеп, колледжге сварщик боламын деген қыздар да келген.

– Сол қыздар дәнекерлеуші маманы болуға нақты бекінді ме?

– Кәсіптік сала болғаннан кейін баланы қызықтыру үшін мектептерге насихат, түрлі іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастыратынбыз. Сол басқосулардың бірінде қаладағы №4 орта мектепте оқитын бір қыз «мен дәнекерлеуші маманы боламын» деп колледжге келді. Ол кезде бір мамандыққа қазіргідей 25 бала емес, 35-40 бала қабылданады. Кәсіптік саланың құрылымы да кең. Қыз балаларға арналған бухгалтер, оператор ЭВМ, тігінші, аспазшы мамандықтары көп болса да, Ғазиза есімді қыз пісіруші маманы боламын деп тұрып алды. Сөйтіп мамандыққа түскен 35 ер бала және бір қызды оқыттық. Сол Ғазизам 2013 жылы Елбасының қабылдауында болып, дәнекерлеуші қыз бала ретінде шақырту алып, құрмет көрді. Одан кейін бұл ақпаратты естіген Бейсен Құранбек «Айтуға оңай» бағдарламасына шақырып, «Нәзіктік пен мықтылық» тақырыбына бізді кейіпкер етіп алды. Қазір сол Ғазизам «ТеңізШевройл» компаниясында қызмет етуде. Сол кездегі жалын мен үміт оты бүгінде шәкірттерімнің биік белеске көтерілуіне жол ашты. Жақында ғана бір оқушым республикалық «Жастар жаққан жұлдыз» көркемсөз оқу сайысында жүлдегер атанды.

– Ниякүл апай, қазір бұрынғыдай емес, кәсіптік салаға деген көзқарас өзгерді. 9-сыныптан кейінгі жұмысшы маманы атанатын балаға мемлекеттік қолдау деңгейін қалай бағалайсыз? Нарыққа қажетті мамандарды қалай даярлап жатырмыз?

– Мен үнемі жастарға және олардың ата-аналарына тегін кәсіптік білім алудың тиімділігін айтып келемін. Қараңызшы, Елбасы «2011-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жасап берді. 15-29 жас аралығында білімі жоқ не жұмыс істеуге мамандығы сай емес жастардың тегін жұмысшы мамандығында білім алуына жағдай жасады. Оқушыларға тегін оқу, оқу үлгеріміне байланысы жоқ шәкіртақы, ыстық тамақпен қамту үлкен қамқорлық деп ойлаймын. Біз Кеңес үкіметі тұсында мұндай мүмкіндікті көрген жоқпыз. Сондықтан ата-ана, жастар осыны түсінсе екен деймін.

Бізде мамандық таңдауда проблема көп. Дамыған мемлекеттерде 80 пайыз жұмысшы маман, 20 пайыз интеллигент өкілдерін құрайды. Ал, бізде керісінше емес пе? Сонда жұмысты кім істейді? Рас, құрылыстың көбісінде өзбектер жүр. Құбыр жөндеу, дәнекерлеу, құрылыс, ағаш шебері өзімізден болса сырттан маман тартып әуре болмаймыз ғой. Бірақ, осы екі араны кейде түсінбей, гуманитарлық бағытқа кететін жастар көп. Сұраныстың бәрі жұмысшы мамандығында.

Сұранысқа сай маман даярлауда аяқтан тартатын проблемалар бар ма? Тәжірибеңізге сүйеніп, нендей мәселені мінберге шығарар едіңіз?

– Біз мектеп емеспіз. Бала нақты маман болу үшін келеді. Құрылысшы болғысы келе ме, кіріпіш қалап, жоба сыза білуі керек. Дәнекерлеуші бола ма, өндірістің қазанында қайнауы керек, ағаш шебері болуға талпынғысы келетіндер шеге қағып, ағаш жонып үйренуі керек. Қолына қашау мен балға ұстамаған баладан жұмысшы маманы шықпайды. Осыны түсінуіміз керек. Біздер қазіргі басымдықты теориядан гөрі практикаға аударуымыз қажет. Қазір айтылып жүрген дуалды оқыту жүйесі негізінде бұрыннан бар тәжірибе.

Мен мына мәселені баса айтқым келеді. Бұрындары Кәсіптік білім басқармасы болатын. Кәсіптік сала тек педагогика емес, ол құрылыс пен инженерлікті қажет ететін сала. Кейіннен құрылымдық жағынан Білім басқармасына біріктіріп жіберді. Біздің оқу жүктемеміз орта мектеп стандартына сай келмейді. Біз нақты маман даярлау үшін қызмет етеміз. Сондықтан да меніңше, бізге қайтадан Кәсіптік және техникалық басқарманы құру керек.

– Біз осы тақырып төңірегінде өткен жылы арнайы сараптама жүргізгенде жауапты сала мамандары «Кәсіптік білім беру» туралы арнайы заң қабылданады дегенді алға тартқан еді. Алайда, заң әлі жазылмады. Кәсіптік салаға арнайылап заң қабылданса тағы қандай тетіктерді енгізу керек?

– Жасырып жабатыны жоқ, қазір бірқатар оқу ордаларында нарық талабы ескерілмей, қайталама мамандар оқытылып жатыр. Сұраныстың болмауынан жұмыссыздықтың саны да артып барады. Сондықтан елге керек құрылысшы мамандарын оқытуға ерекше ден қою керек. Сырттан маман әкелуге мәжбүр болған уақытта, қаланың құрылыс алаңына айналған шағында құрылысшы мамандарын көптеп оқыту тиімді.

– Әңгімеңізге рақмет!

0 Пікір Кіру