Балалық шақ  - на weekend.bugin.kz
Алпыс Жапаров - на weekend.bugin.kz Алпыс Жапаров

Менің балалық шағымнан

Біздің ауыл сайда, кішкене өзен бойын жағалай орналасқан. Жаз кезінде өзеннің жоғарғы жағындағы бастауларында, егіндікке қызылшаға су байланатын болғандықтан су тартылып, өзен соңында көлшік-көлшік болып қалады. Көктемгі мол сумен келген ірі балықтар осы көлшіктерде қалып қояды. Көлшіктер қалың қамыс ішінде. Мен жаз кезінде өзен жағасында трактор шабынынан қалған шөптерді шөмелейлеп, ешек арбаға тиеп, үйге таситынмын. Шөп жинап жүріп қамыс ішіндегі көлшікке көз салсам қайнар бар екен. Сол қайнарға үймелеген ірі балықтардың жондарын көріп қалдым. Ұзындықтары шынтақтай, жуан-жуан сазандар. Құйрықтарын бұлғаңдатып жатыр. Енді бір айдан соң бұл көлшік те суалып, кеуіп кетеді. Ал мына балықтар текке қырылады. Қолымдағы ұзын айырыммен балықтардың жондары тұсынан салып кеп жібердім. Бауырлары аппақ болып ауыдарылып бес-алты балық қалқып су бетіне шықты. Ал қалғаны шыпырлап қамыс ішіне қашып кетті. Бес-алты балықты сүзіп алып, үйге алып келдім. Апмам беріп, қуырып жеп тойып алдық. Көршілеріме де үлестіріп бердім. Көршілердің барлығы өз ағайындарымыз. Енді ел білмей тұрғанда резеңке етік киіп барып, суды лайлап, қалғанын да аулап алу менің ойымда тұр. Лай судан балық басын көтеріп, ауа жұтады. Сол кезде желбезегінен іліп ал да, жағаға лақтыра бер. Резеңке етік жылан шақпас үшін, қамыс аяғыңды кесіп, балтырыңды тілмес үшін керек. 

Мен ол кезде 6-7 сыныпта оқитынмын. Жазғы демалыс кезі. Велосипедім бар, бірақ камерасы әбден тесілген. Енді желімдемесең де жарамайды. Ал өзім білетін Теңізбай деген балада су жаңа камера бар. Ол камерасын әрине тегін бермейді. Теңізбайға бардым. 

- Теңіз, мен саған бір құпия айтуға келдім. Ешкімге айтпайсың ба? Уәде бер.

- Оллаxи биллаxи, айтпайм, - дейді Теңізбай

- Онда мен бір балық көп жерді таптым. Балық дегенің құжынап жүр.

- Ойбай барайық та ендеше!

- Жоқ мен саған айтқаным үшін сен ана камераңды бер. Әйтпесе ертпеймін, көрсетпеймін. 

Теңізбай ойланып тұр. Камера запаста тұрса артық болмайды. Бірақ балықты да жегісі келіп тұр. Қуырылған балық дәмі жеңіп кетті Теңізбайды. 

- Болсын. Мә, камераңды ал. Жүр кеттік балыққа. 

Теңізбай бір велосипедпен, мен бір велосипедпен көлшікке қарай зымырадық. Аяғымызда резеңке етігіміз бар. Жеттік көлшікке. Әй бір сосын бастадық балық аулауды. Құйрықтарын екі білекке сарт сарт ұрған сазандарды, желбезектерінен іліп алып, Теңізбай екеуміз жағаға лақтырып жатырмыз. Күліп, айғайлап сөйлеп жүрміз. Екеуміз де мәзбіз. Не керек жиырма шақты балық аулап, екеуміз де әбден шаршадық. Қамыстың ішінде балшық кешіп жүру оңай емес. Балық әлі көп, жетеді. "Қалғанын тағы келіп аулаймыз" деп келісіп, екеуміз ауылға тарттық. "Ешкімге айтпа" деп қоямын Теңізбайға "жаз бойы екеуміз аулайық". Ол "айтпаймын" деді. Теңіз өз үйіне кетті, мен өз үйімде қалдым.

Ертесіне тұрсам бір топ бала, ересек адамдар да бар төмен қарай көлшік жаққа бірі велосипед мініп, енді бірі есекпен кетіп барады. Ортасында алыстан байқасам Теңізбай да бар. Бәрінің аяқтарында резеңке етік, қолдарында айырлары. Мен де велосипедке міне салып, сол топқа қосылдым. Теңізбайға:

- Әй мұның қалай? - деймін ғой

- Болмады, жасыра алмадым, - дейді. 

Сөйтіп көлшіктегі де, басқа көлшіктердегі де балықтарды бүкіл ауыл болып түгел аулап алдық.

Сол Теңізбай екеуміз қырманнан бидай ұрлаймыз. Бидай үйде бар ғой. Бізге қызық керек. Қырманда Байғазы деген Қарауыл шал бар. Құлағы онша естімейді. Сол кісі қарауыл болған күні біз Теңізбай екеуміз ұрлыққа шығамыз. Байғазы шал қызыл бидайдың үстіне көрпесін төсеп алып "аx,уx" деп айғайлап қояды. Бірақ өзі ұйықтап жатыр. Жанына барып дорбалап ұрласаң да сезбейді. Әбден әдеттенгендіктен бе ұйықтап жатса да айғайлап жатады. Біз Теңізбай екеуміз ұзын дорбаны мықшита толтырып, алдымызға құшақтай ұстап, өзен жаққа қарай жөнеп береміз. Үйге әкеліп төгіп , қайта барамыз. Таң бозара бергенше екі-үш рет барамыз. Сол кезде шал да оянады. Бірде шал оянып кетіп , атына міне салып екеумізді тырқырата қуды. Қараңғыда бізді танымады. Біз адам бойындай болып өскен қалың тікеннің арасына кіріп кеттік. Және топырақ шашып атын үркіттік. Байғазы шал құлап қалармын деп қорықты ма, әлде біздің бала екенімізді білді ме , ары қумадв. Біз де үйге қайттық. Және содан соң ұрлықты доғардық. Байғазы шал да жиі оянатын болды.  

Балалық шағым осындай қызық оқиғалармен есте қалды. 

0 Пікір Кіру