Ұрпаққа ұлағат болар кино бар ма? - на weekend.bugin.kz
Balym Asanqyzy  - на weekend.bugin.kz Balym Asanqyzy

Кино әлемінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы

Кино әлемі бүгінгі күнде кез-келген елдің мәдениет айнасына айналып үлгерді. Техникалардың күн санап қарыштап дамуымен қатар, кино саласы жаңа туындылары дүниеге әкелу үстінде.

Бұл туындылардың ұлттың ажырамас бөлігі болып табылатын мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосатыны да ақиқат.Әсіресе жаңа заман азаматын тәрбиелеу мақсатында көгілдір экраннан көретін әрбір туындының маңызы зор. Олай дейтінім "Ел болам десең экраныңды түзеу" бүгінгі ата-ананың ұранына айналып үлгергені. Иә, бұл да өзінше дұрыс пікір. Заман арбасын сүйреп алға жылжыған сайын талабы да күшейіп келеді. Яғни, кешегі ата-әжелеріміз оқитын ертегіні теледидардан тамашалаймыз керек десеңіз, анамыздың аузынан еститін бесік жырын да теледидардан естиміз. Кез келген дүниенің екі жағы болатыны сияқты бұл нәрсенің де жақсы жағын жоққа шығара алмаймыз.

Менің ойымша, тарих беттеріне сіңген шынайы оқиғаларды біз кітаптан оқып сол заманның бейнесін көре алмаймыз, ал дәл сол оқиғаларды теледидардан көру арқылы ата-бабаларымыз жүріп өткен жолын жүрек түпкірінде сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ киносының алтын қорына айналған "Қыз Жібек" көркем туындысы әлі күнге өз көрермендеріне ұлы сезімге деген адалдығын паш етумен қатар, халқымыздың бай салт-дәстүрін насихаттап келеді. Көрерменнің көзайымына айналып, ана қамқорлығы мен мейірімін арқау еткен "Тақиялы періште" фильмінің қазақ киносындағы рөлі бір төбе. Қанша уақыт өтсе де мейірімділік пен ізеттілікті жанға сыйлайтын тамаша туындылар бүгінгі жастардың тәрбиесіне үлкен әсер ететіні даусыз.

Бүгінде, жасөспірімдердің арасында кітап оқудан гөрі, кинофильмдер мен мультфильмдерге деген қызығушылық күрт артуда. Міне, осы себептен де көгілдір экран төрінде балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне оң әсерін тигізетін төл туындылар санын көбейту киноиндустрия саласында жүрген әрбір азамат үшін ұрпақ алдындағы парызы деп білемін. Көгілдір экран тәлім-тәрбие мен ұлттық өнегені қалыптастыратын алтын көпір. Келер ұрпақтың ұлттық тәрбиемен сусындап, рухани мәдениетке бай болып өсуі күнделікті өмірде тамашалап жүрген фильмдеріне тікелей байланысты.

0 Пікір Кіру