Қорғансыз қалған қазақ қызы - на weekend.bugin.kz
Balym Asanqyzy  - на weekend.bugin.kz Balym Asanqyzy

Қазақ қызының тағдыры

Қазақ қызы – сан мыңдаған жырлар мен өлеңдерге арқау болған шоқтығы биік тақырып. Ол сиқырлы сұлулығымен, сылқым сөзімен зерек ойымен көзге түскен, талай жұртты таңдай қақтырған жаратылыс иесі.

Қазақ қызын қонақ деп сыйлап, бетінен қақпай өсірген. Қазақ қызы ежелден халқының айнасы бола білген. "Қыз өссе елдің көркі" – деп әйел қауымына ерекше көңіл аударған. Қыз сұлулық пен пәктікті, биязылық пен инабаттылықты бойына сіңірген. Қазақ қызының сұлулығы Хақ тағала сыйлаған аса құдіретті қасиет. Қос бұрым, маржандай тізілген отыз тісі, қарлығаштың қанатындай қап-қара қасы, жайнаған көзі, қыпша белі бәрі дерлік жаратушы сыйлаған сұлулық дерсің. Талайлар көз тігіп, қол жетпес гауһар тастай болған қазақ қызының тағдыры бір замандарда атақ-абырой мен билік жолында аяусыз саудаға салынды. Ескіліктің елесін де сүймеген жанға тұрмысқа шығып, өмірінде махаббат атаулыдан мақрұм болған қыздардың тағдыры талай ақын жазушының қаламынан өзіндік кескінін таба білді. XX ғасырдың тырнақ алды туындыларының жарыққа шығуына арқау болған да, осы қоғам теңсіздігі мен тағдыр тауқыметін арқалаған қорғансыз қыз, қайғыдан қаусаған әже мен жүдеу ананың зар қақсаған бейнесі. Сан қилы тағдырдың тоғысуынан қазақ әйелінің табиғаты мен қиын шақтағы қасіретке төтеп беруі, махаббаты, ар-намыссы үшін күресі айқын байқалады. 

М.Әуезовтің қаламына қанат бітірген сол заманның озық туындыларының бірі – "Қорғансыздың күні" әңгімесі. Бұл әнгімеде он үш жасар өрімдей жас қыздың қорғансыз тағдыры мен аш қасқырдай анталаған хайуан жандардың арсыздығы бейнеленеді. Ғазизаның бойында қорғансыздығы мен сіңірі шыққан кедейлігінен басқа міні жоқ. Бұл қыздың қайғыдан қан жұтқан әжесі мен ерінің жоқтығын аза тұтқан анасынан басқа жақыны болмады. Әкесінің қазасынан кейін Ғазизаның ойында "Ә, құдай, біреудің зорлығын, қорлығын көрсетпе!" деген уыз тілегі ғана болды. Дегенмен, жас қыздың уыз тілегін жаратушы қабыл көрмеді. Ақан болыстың қатігездігі мен рақымсыздығы, ар алдындағы арсыздығы ешқандай күнәсі жоқ, сұлу қызды жазықсыз жазалады. Жүрегінде ар-ұятымен, намысы да бірге жетілген бойжеткен қыздың қайыс қамшыдай өрілген қиын өмірі тұңғиыққа мәңгілікке аттануымен аяқталады.

Әйел тағдырының қиындығы мен тағдыры тездеген теңсіздігі мәселесі тек бір шығармамен шектелген емес. Тағдырдың тепкісі мен тәлкегіне ұшыраған қазақ қызының қысқа да мәнсіз ғұмырын кейінгі ұрпаққа ғибрат етер шығармалар желісі жетерлік. Бүгінгі күнге тарих желілерінен жетіп келген бұл оқиғалар қазақ тарихындағы қазақ әйелінің болмысы мен мүсінін, адалдығы мен кіршіксіз махаббатын суреттейді.

0 Пікір Кіру