Әміржан Қосанов. "...Жусан исі бойымнан аңқиды әлі..." - на weekend.bugin.kz
Асылан Қуанышұлы - на weekend.bugin.kz Асылан Қуанышұлы

"Қарлығаш" Жас ақындардың жыр жинағына енген Әміржан Қосановтың топтама өлеңдері

Қаладағы досқа сыр
Мен – құмда аунап өскен қара бала,
Өмірге көз ашқам жоқ жаңа ғана.
Көрініп қалса кейбір ерсілігім,
Сен мені «ауылдан» деп табалама.

Талайға дәл осылай тағылды мін,
Келмейді тақырыпты жауыр қылғым.
Сірә, менің бақытым орын тепкен
Арасында қала мен ауылымның.

Асыл ер, ардақ тұтар дана баба –
Бәрі де дәл кешегі қара бала.
Өркениет дегеннің шын шырқауы,
Белгісіз, ауылда ма, қалада ма?!

Туған жер бақытым да, сорым еді,
Мейлі, сен қиялшыға жоры мені.
Қаладамын, ауылдан жеткен самал
Маған нағыз шипа боп көрінеді.

Ол жақта тым ерекше күн жанады,
Көктемде бағаланар жүн жабағы.
Ол жақта әлемдегі ең бір таза
Түтінді будақтатар мұржалары.

Ол жақта тек еңбекте күш танылмақ,
Көгінен қырандары ұшқан құлап.
Сенімдірек ол жақтың жігіттері,
Ол жақтың қыздары да ұстамдырақ.

Сағыныш уайымы батпады ма?
«Бүйірі бұрып тұр», – деп тақпа кінә.
Ондағы інілерге үміт артып,
Бар сыйды үйіп-төгем қарттарыма.

Тамамдап та қалдық па жырдың бәрін,
Тыңдап өсу керек-ті қырдың да әнін.
Ауыл-ана ол жақта тәрбиелер
Ертеңгі күн қаланың тұрғындарын.

Сан қуантты бұл тірлік, сан қинады,
Кездестірсем деп жүрмін жанды ибалы.
Жақсам дағы әтірді дүркін-дүркін
Жусан исі бойымнан аңқиды әлі.

Парыз ғой әке жолын жалғау ұлға,
Жасар іс, тұрар мекен таңдауын да.
Паспортым астанада тіркелсе де,
Жүрегім «пропискада» мәңгі ауылда.

* * *

Сағынышым самғар саған, сар далам,
Аспаныңдай бергей таза ар маған.
Мақтансам да – өзіңменен мақтанам,
Қарғансам да – өзіңменен қарғанам.

Аталардың ақылындай, ақ далам,
Сенен таппай, айтшы, қайдан бақ табам?
Кей пысықтар кінә тақса мойныма,
Тек өзіңді куәланып ақталам.

Әлдилеткен әуеніңмен, ән далам,
Қызығыңа құмарым еш қанбаған.
Жұдырықтай жүрегіме түгелдей
Сыйып кеткен кеңдігіңе таңданам.

Ерлері үшін еңіреген, ен далам,
Тарихыңсыз болмас мүлде елде мән.
Шұбырынды небір заман өткердің,
Бола көрші, бола көрші енді аман.

Шалғайда ұлың намысыңды жартып-ақ,
Жүр мазасыз ойларынан жыр құрап.
Жусаныңның алып кеткем бір түбін,
Өлеңімнен тұрсын исің бұрқырап.

Анаға хат

Тектілігін кім ұқпас, кімдер ұғар,
Оралатын сол бір сәт таяу маған.
Қанша ұйқысыз өткерген түндерің бар
Ойлауменен ұлыңды, аяулы анам.

Мұнда әрбір жат шуға сақ ұланың,
Ессіз өткен күндерге жоқ-ау сауда.
Хабарыңды өзіңнің сағынамын,
Хат күтуді бір қыздан доғарсам да.

Естеліктің көрінер сағымы анық,
Міндеттер де көп әлі атқармаған.
Мұнда Уставқа піріңдей табынады
Сені талай ренжіткен сотқар балаң.

Сезіледі, анашым, көркің, кейпің
Хатыңдағы әр сөзден, әр ұғымнан.
Төбемдегі жұлдыздар мөлтілдейді
Ауылдағы өзіңнің жарығыңан.

...Бұл күндері алыс-ау туған жаға,
Істерім де жатыр-ау бастан асып.
Ауылда күн бұлыңғыр боп тұрса да,
Ел үстінде, сене бер, аспан ашық.

* * *

Қызғалдақтар, арулар, қызғалдақтар,
Бүгін менің ішімде сыз бар, дақ бар.
Бұл өмірден іздесең жылулықты,
Ең алдымен қарды кеш, ызғарды ақтар.

Дүниенің есігін аштым дағы,
Жанарымда жаңа ашқан жас тұрмады.
Мен білемін, сұс қарды ерітетін –
Күн менен бәйшешек қар астындағы.

Әшекейін қырау мен құздан таққан,
Сен менің көктемімді қызғанба, ақпан!
Жыл он екі айда бір солмайтұғын
Жаным менің жаралған қызғалдақтан.

* * *

Келеді ұшып, көзіңді сал ақынға,
Қуаныш пен қайғының қанатында.
Шыққан жерім белгілі о бастан-ақ,
Белгілі ғой мекенім братын да.

Көтерем-ау тағдырдың жүктегенін,
Ешкімнен мен жамандық күтпеп едім.
Өмір болса – сапар-ау белгісіздеу
Арасында белгілі нүктелердің.

Ғашық болғым келеді 

«Шын ғашықтық қосады мұңды мұңғ», –
Деген сөз бар. Сенбей бұл сынды ырымға,
Ғашық болғым келеді жанарға бір,
Ғашық болғым келеді бір бұрымға.

Кездескенде қарсы алсын мені күле,
Үйге енгендей енейін сеніміне.
Ғашық болғым келеді, жай қызға емес,
Ақ анамның болашақ келініне.

Екі жанның бақыты – жарасуда,
Жарастықты күтеді жан асыға.
Ғашық болғым келеді, ғашық болғым
Ұл-қызымның болашақ анасына.

Жетемін деп жүргенде ән шыңына,
Сан ойлардан жүрегім жаншылуда.
Өзіне сай іздеген сұлу сыңар
Ғашық болғым келмейді паң сұлуға.

Жаным, барлық ісімді теріс деме,
Теріс қылық жоқ та емес мен істеген!
Пенделердің өкілі болғандықтан,
Ғашық болғым келмейді періштеге.

«Шын ғашықтық қосады мұңды мұңға», – 
Деген сөз бар. Сенбей бұл сынды ырымға,
Маған дейін ешбір жан тарқатпаған
Ғашық болғым келеді бір бұрымға.

Шын сезімнен қалайша қашып тынам,
Көкейімде дәл қазір тасып тұр ән.
Табайыншы сол жанды, ал соан соң
Оны өзіме қалайда ғашық қылам!

Пойызда

Қиялым бір өңім, кейде түс білем,
Менімен тек жарыса алар құс кілең.
Шұбатылған поезбенен келемін
Адасуға болмайтын жол үстімен.

Далам! Әрбір бұтасынан ән ұшқан!
Дәл қазір мен жүйрік желден қалыспан.
Қайран поезд таныстарын көргендей
Әуендетіп сәлем берер алыстан.

Уақыт! Әрбір секундыңан соқ теңге,
Бір өзіңе бағынбайтын жоқ пенде.
Тарихпенен кездескендей болдым мен
Жібек Жолын поезд басып өткенде.

Құс қалдырған іздеп едім көктен із,
Таба алмадым, тек қана үні жетті еміс.
Ешкімнен де жасырмайды ештеңе,
Сондықтан да далам ашық, теп-тегіс.

Егер жайнап дәл осылай тұрса әлем,
Бар күшімді мен жолдарға жұмсар ем.
Бағаланар кейін қарай жүгірген
Асығады елге айтуға бір сәлем.

* * *

Ахау, дүние шіркін,
Сен дегенде көңіл кең.
Не үйрендім, не білдім
Мына ғажап өмірден?

Әріп болып тізілген
Сырым жұртқа жайылды.
Талай күлкім жүзімнен
Көз жасыммен шайылды.

Сөйлемедім жалған мен,
Дүние-ау, жүрме дандайсып.
Сүріндіре алғанмен,
Мені жеңе алмайсың.

Түсіне алар сөзді асыл,
Беу, дүние, жайымды ұқ.
Әрбір тамған көз жасым – 
Күлуіме дайындық.

Айттым бірақ сыр аша,
Өмірде әрбір күні – таң.
Өзге біреу жыласа,
Өз күлкімде ұмытам.

0 Пікір Кіру