Қазіргі кездегі бала тәрбиесі мәселелері - на weekend.bugin.kz
SERIKOV ADILET - на weekend.bugin.kz SERIKOV ADILET

Бала тәрбиесіндегі маңызды қағидалар

Заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы да күн сайын өзгеруде. Таңдауы да, талғамы да бөлек жастардың тәрбиесі қандай? Балаларына барлық жағдайды жасап бергісі келіп, ақша табу мақсатында тек сыртта жүретін ата-аналардың беріп жатқан тәрбиесі қандай? Қазіргі заманның жастары, өскелең ұрпақты қалай дұрыс жолға салуға болады? Біздің қозғайтын мәселе – осы.

«Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Осы мақалдың қазіргі таңда мәні қалды ма? Қазіргі таңда жастар өз бетімен, дәлірек айтқанда ғаламтор арқылы өмір сүруге дағдыланған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырластары да, мұңдастары да сол. Бар мамықты астына төседім, бар тәттіні аузына салдым деп ойлайтын ата-ананың бар ойлайтыны – баласын ешкімнен кем қылмай өсіру. Бірақ, олардың кейде ескермей, қалдырып қоятын дүниелері – балаларымен сырласпау, жеке қалмау, оларға уақыт бөлмеу, не істеп, не қойғандарынан хабардар болмау. Міне, басты проблемалық дүниеміз – осы. Жас кезінен бастап жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерге баруы немесе ерте кезінен ана атануы, қараусыз қалуы, барлық іштегі сырының айтылмай «жалғыз» қалуынан депрессияға ұшырап, өз-өзіне қол жұмсауы...тізе берсек, жалғаса беретін ұзақ тізбек. Бұл мәселенің шешімі бар ма? Әлбетте. Қалай? Мысалға алайық, бір түйінді шешудің екі түрлі жолы бар: бірі – қайшымен қию, екіншісі - сол түйінді қалай болса да қолмен шешіп алу. Бірі оңай, бірі – қиынырақ. Біз оңай жолын таңдай салып, жас өмірге балта шаба салып, келте қылмауымыз керек немесе екінші нұсқадағыдай түйінді қинап ашпауымыз керек. Біз о баста не түйінді болдырмауымыз керек немесе он қатты түйіндемеуіміз керек. Бұдан шығатын қорытыныды: баланы о бастан дұрыс бағытта тәрбиелеу керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін кішкентайынан ұрыс арқылы емес, саналы түрде жеткізе білсе, бала соны сол қалпында қабылдайды. Ашулы түрде ұрыспен жеткізген сөз ол баланың миы қабылдаған күнде де ол ережені бұзса, депрессияға шалдығып, қателігін мойындауға қорқа бастайды. Бәрі осылай түйінделе-түйінделе үлкен шешілмес мәселеге айналады.

«Жеті жасқа дейін балаңды хандай күт, жеті жастан кейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Көптің сөзінің жаны бар. Он бес жас – баланың жаңа дүниелерге елітіп, ешкімді тыңдағысы келмей, өзінің позициясын көрсеткісі келіп тұратын өтпелі кезеңінің бастау алар шағы. Демек, сол кезеңдерде балаға психоллогиялық қолдау керек. Ол кімнен болу қажет? Әрине, ең біріншіден, баланың ата-анасы баланы қолдап, қолпаштап, досындай сырлас болып, тәрбиелей білу қажет. Оның жағдайын түсіне отырып, досы ретінде артықшылығы мен кемшіліктерін, қателіктерін емін-еркін айта алар болса, ол барлығын сол кезден түсініп бастайды. Егер оған ұрып-соғу арқылы түсіндіремін десеңіз, тек кері кеткеніңіз. Оның соңы жоғарыда келтірілген мысалдардағыдай тек қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы бек мүмкін. Сол себепті бала тәрбиесінде баланы досыңыз етсеңіз ата-ана мен бала арасындағы өзге бөтендік шекара жоғалып, ерекше қорған көрініс табады.

Жасөспірім бала – жаңа өсіп келе жатқан жас бұтақ. Оны қалай баптасаң, солай өседі, сондай жеміс береді. Сіздің әрбір жасаған қимылыңыз – сіздің берген тәрбиеңіз екенін ұмытпаңыз. Бала – ата-анасының айнасы. Ата-ана қалай тәрбиелеп қалай бағыттайды, бала солай қарай ұшады.

0 Пікір Кіру