Күзетте - на weekend.bugin.kz
Алпыс Жапаров - на weekend.bugin.kz Алпыс Жапаров

Бекеннің өмірінен

Бекен бала-шағасын асырау үшін, жұмыстың ыңғайы сол болған соң, күзет фирмасына күзетші болып орналасты. Тиісті құжаттарын өткізіп біткен күннің ертесіне, оны күзет обьектісіне жіберді. Бұл обьект қаланың тау жақ беткейінде орналасқан, бұрынғы "горный гигант" кеңшарының жеріне салынған, өңкей жекеменшік коттедждер, биік, зәулім үйлер бой көтерген жер екен. Шетінен бақуатты адамдар тұрады. Үйлердің мәртебесі бірінен-бірі асып тұр. 

Бекен көшені жол-жөнекей қарсы кездескен адамдардан сұрап, іздеген жерін тауып келді. Үлкен бір қақпаның ішінде 4 зәулім үй орналасқан. Екеуі бөлек бір қожайындыкі де, екеуі Бекен күзететін қожайынның үйі. Екі қржайын да кәріс ұлтының өкілдері. Біздің Қазақстанда басқа ұлт өкілдері бай тұрады ғой. Қазақтан басқа ұлттардың барлығы пысық сияқты әйтеуір. Біз не жалқау, не өте момын xалықпыз. Әу баста екі қожайын жерді бірге алып, үйлерін де бірге салса керек. Сондықтан да екеуі жерін бірге қоршатыпты. Қоршау биік бетонмен салынған. Адам бойынан биік. Көлік кіретін үлкен қақпа біреу. Сол қақпаға кіре берісте күзетші отыратын шағын үйшік бар. Одан әрі 50метрдей қашықта, Бекен күзететін қожайынның үйіне кіретін жерде тағы бір күзетші үйшігі және шлакбаум тұр. Екі қожайын бір-біріне ренжіп қалған екен. Көрші қожайын сол себепті он шақты өзбектерге кірпіштен биік дуалмен ауласының алдын қоршатып жатты. Өзбекстаннан келген азаматтар Қазақстан үшін арзан жұмыс күші емес пе? Бекен күзететін қожайые үйінде де он шақты өзбек бар. Олар бір шағын үйде тұрады. Бұл өзбектер қысы-жазы осында екен. Қыста қар күреп, есік алдын тазалап, үйдің жылуын қамтамасыз етсе, жазда қожайынның екі гектар жерінде егілген жемістерді күтіп, баптайды. Арам шөбін жұлады, піскен кезде жемісін жинайды. Ай сайын алатын айлықтары 30-40мың шамасында. Айлықтарын жинап алады. Кезекпен ауылдарына барып, келіп тұрады.        

Қожайынның шешесі бар. Жасы 70-ке тақап қалған кемпір. Ол осы жерде бөлек үйде тұрады. Сол кемпір алдырған жиырма шақты үйрек-қаздар бар. Оларды да өзбектер қарайды, бағады. Өзбек-тәжігі бар он адам түгел намаз оқиды. Кәріс кемпір айтады: "я не против что вы читаете намаз и молитесь богу. Но чтобы мои гуси голодными не оставались". "Хәрәшө бәбуля, xәрәшө.!" деп шулайды өзбектер. 

Кәріс қожайынның әйелі қазақ. Бірақ қазақша білмейді. Қожайынның әйелін де, шешесін де қымбат джип көліктерімен тасиды. Үй иесінің жекеменшік алты жол талғамайтын көліктері бар. Оны айдайтын жүргізушілері тағы бар. Тек әйелі кейде көлікті өзі жүргізеді. Жекеменшік жерде теннис корты, жазғы қонақүй, демалыс бағы, бассеин бар. Бәрі тамаша, бәрі керемет! 

Қожайынның оққағары ұзын бойлы, Қарақалпақстаннан келген қазақ жігіт. Оның бұл кәріспен жұмыс істегеніне он шақты жыл болса керек. Әбден сенімге кіріп, етене болған соң бастығы оған қаладан үш бөлмелі пәтер алып беріпті. Інісін де Қарақалпақстаннан алдырып, жұмыс тауып беріпті. Қысқасы бұл жігіт қазақтан көрмеген жақсылықты кәрістен көріп жатыр. 

Ал енді күзетшілерге тиісетін осы жігіт "Үйшіктеріңнің жанындағы қарды күремейсіңдер, түнде ұйықтайсыңдар, шлакбаумды уақытылы көтермейсіңдер!" деп мазаны алады. Шлагбаум , машина бірінші қақпадан өте беріп-ақ көтеріле беруі керек. Шлагбаум пультпен көтеріледі. Кейде сол пульт істемей қалады. Ал "түнде ұйықтайсыңдар!" дегені күзетшілер тәулік бойы күзетте тұрады. Түнде ұйықтамауы тиіс. Түнгі 2-3 шамасында қарды тобықтан кешіп, жарықшаммен 2 гектар жерді аралап келуі керек. Ұры-қары болса күзеттің барын білгені жөн.  Сескенеді. Тәулік бойы қақпаның жанындағы үйшікте бір, шлагбаум жанындағы үйшікте екінші күзетші тұрады. Ертесіне сағат 9-да келесі күзетшілер келіп бұл екеуін ауыстырады.

Түнгі ұйқы тәтті ғой. Түнгі сағат 3-4 кезінде көз жұмыла бастайды. Бірінші қақпадағы ұйғыр жігіт Бекеңді өзіне рациямен шақырады. "кел, кезектесіп ұйықтап алайық. Сен екі сағат, мен екі сағат, ар жағында таң атады" – дейді ол. Көше жақты көрсетіп тұратын айна бар. Креслоға отырып алып сол айнаға қарап отыруың керек. Машина келе жатса жарығы сол айнаға түседі. Онда серігіңді оят та, өзің өз үйшігіңе жүгіресің, шлагбаумды көтеріп үлгеруің керек. Бірде "қожайын Астанаға кетіпті, бүгін келмей, ертең келеді екен" деді. Әдеттегідей Бекен түнгі 3-4те ұйғвр жігітке келіп кезектесіп ұйықтауға кірісті. Бірінші ұйғыр жігіт ұйықтап кетті. Бекен айнадан көшені бақылап отыр. Үйшік іші жылы. Тым-тырыс, тіпті жалығып та кетесің. Бекен жылы жерде қалай қалғып кеткенін де білмей қалды. Терезені біреу қатты тақылдатқаннан екеуі де атып оянды. Апыл-ғұпыл жиналып шлакбаумға қарай ұшты. Келген қожайын екен. Жүргізуші оққағар жігіт. Сөйтіп басшылықтан екеуі де сөгіс алды. 

Көрші қожайынның тұрып жатқан үйі де еңселі, екі қабатты сарай. Енді және де бір Астанадағы "Ақорда" секілді үш қабатты зәулім үй салдырып жатыр. Мына тұрып жатқан үйін "ас үй етемін" дейтін көрінеді. Екі қожайынның да таңғы, түскі, кешкі астарын дайындайтын аспаздары бар. Оларды жүргізушілер ертең ерте үйлерінен әкеліп, кешке үйлеріне апарып тастайды. Осы аумақта тұратын бай көршілер бір-бірлеріне жаңа жылда, әр түрлі мейрам, туған күндерде 100-200мың тұратын ұялы телефондар, қымбат xрусталь ыдыстар сыйлайды. Байлық деген не істетпейді шіркін?!

Бекен күзететін қожайынның әкесі осы кеңшарда талай жыл директор болған екен. Кеңес одағы тараған тұста, кейіннен жер сатыла бастағанда біраз жерді өзіне жекеменшік етіп алған. Ол жерлерді қолында тұрған соң арзан бағаға алған ғой. Кейін жер қымбаттағанда біраз жерді жоғары бағаға сатып, қаладан үй, пәтер, дүкендер сатып алған. Қазір сол дүкендердің бәрінде Оңтүстік Кореядан тікелей әкелетін электр тұрмыс заттары сатылады. Әке бұл дүниеден озған, баласы сол дүкендердің иесі. Тек бұл қалада емес, дүкендер Астанада, тағы басқа Қазақстан қалаларында бар. Ақша күнде ағылып жатыр. Тұрмыс күйлі, қазаққа күйеу кәріс жігітінде арман жоқ. Көрші кәріс банк иесі. Бұл да арзан алып, қымбат сатқан азамат. Бұл қайдан ағылып келіп жатқан ақша? "Мен неге осылардай өз жерімде жүріп, тұрмыс кеше алмаймын?" – деп ойлайды Бекен. Сұлтанмаxмұт Торайғыровтың бір өлеңінде: "бір кесеге үңіліп қарай бердім, ішінде наhаx көзден жас бар ма деп" дегендей Бекен де зәулім сарайларға қызыға да, қызғана және күдікпен қарап отырады өз үйшігінде.

0 Пікір Кіру