Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын - на weekend.bugin.kz
Ақбота Абайқызы - на weekend.bugin.kz Ақбота Абайқызы

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»

Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы – тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Егер ол айналасындағыларға қайырымды, адал болып, бүкіл қарым-қатынастарын адамгершілік тұрғысынан реттейтін болса, нағыз адамгершілігі мол жан болып, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді.
Жақсылық – адамның ойы, ниеті, іс-әрекеті. Жаман пиғылдардан аулақ болып, қай кезде болса да адамға қол ұшын беріп көмектесетін, жанашырлық танытатын адамды жақсы адам дейміз.
Адамның ең асыл қасиеті – жақсылық. Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Жақсылық пен игілікті іс жасау-үлкен адамгершіліктің белгісі. Басқа адамдарға көмектесіп жүрген көптеген абзал жандар бар. Жақсылық жасау әрбір адамның міндеті.
Қазақта "Адам болып келген соң, адам болып кету қиын" деген жақсы сөз бар. Мен үшін қасиеттердің ең жақсысы – адамгершілік. Себебі, жақсы қасиеттердің жиынтығы – адамгершілік деп аталады. «Жейдесіз адамның жейде сыйлағанынан, өзін сүймейтін адамның сені сүйемін деп айтқанынан қорық» деген жақсы мәтел бар. Расымен де, біреуді сүйіп, біреуге жақсылық жасамас бұрын өзімізді сыйлап, өзімізге жанашырлық, адамгершілік сынды қасиеттерді үйрете білуіміз керек. Адамгершілік дегеніміз не? Ол – қиналған жанға жанашырлық таныту, жылаған адамды жұбату, біреудің ала жібін аттап өтпеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, табиғатты аялау, сүю, махаббатқа берік болу, сүйгеніңе адал болу, шынайылыққа ұмтылу, әділеттілік таныта білу және т.б. Біз өмір сүріп жатқан ғасырда адамгершілікті сақтап қалу өте қиын. Себебі, бізді азғыратын ақша бар, алтын бар, атақ пен даңқ бар, желідегі мыңдаған лүпіл бар. Осының барлығы біздің шынайы бет-бейнемізді көрсетіп, адамгершілік танытуымызға кедергі жасайды.
Иә, шындығында да дана Абай атамыздың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзі, сондай-ақ Хазірет Омардың: «Имандылықтың үштен бірі — Ұялу, үштен бірі – Даналық, үштен бірі – Жомарттық» деген ойы адам жақсысының мінсіз келбеті.
Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Халқымыз қайырымды- мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеген. Қайырымды-мейірімді жан – өзгелерді, басқа адамдарды ойлап, соларға қол ұшын беруші жан. Ал, адамдардың қамын жеу дегеніміз адамгершілікке келіп саяды. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.

0 Пікір Кіру