Несие алмаудың 11 себебі - на weekend.bugin.kz
Ернар Нұртайұлы - на weekend.bugin.kz Ернар Нұртайұлы

Несиеге дуана да бата бермейді

Қазір бес адамның екеуінің несиесі бар заман. Әркім әртүрлі себептермен несие алуы мүмкін. Біз бүгін не үшін несие алуға болмайтындығы жөнінде аз-кем ақпарат бермекпіз.

1) Шариғат несие алуға қатаң тыйым салған; 

2) Несие қажет емес сатылымдар жасауға итермелейді;

3) Несиеге тәуелді болғандықтан қалаған таңдауыңызды жасай алмайсыз; 

4) Тұрмыс жағдайыңызды дұрыс бағамдай алмайсыз: несиенің ақшасы барда жағдайыңыз жақсы болып көрінеді. Шынайы жағдайыңызды несиені қайтара алмай қалған кезде бірақ түсінесіз; 

5) Үстеме ақша төлейсіз: алған 100 мың теңгеңізді 200 мың қайтаруыңыз әбден мүмкін; 

6) Несие алу әдетіңізге айналады: бастапқыда аз ақша алып қайтаруға мүмкіндігіңіз болар. Уақыт өте бұл әдетіңізге айналып, кейін көп ақша алғанда басыңыз бәлеге қалар;

7) Әр айда несие төлейтін уақыт жақындаған сайын уайым-қайғыдан денсаулығыңызға зиян тиеді; 

8) Қосымша байлыққа ие боламын деп қолыңыздағыдан айырылып қаласыз: несиені уақытылы төлей алмай өсім ақы өсіп кеткенде кепілге қойған мүлкіңізден айырылып қаласыз; 

9) Несиені төлеп бітпей жатып ажал келіп қалса, отбасыңызды қиын жағдайға қалдырып кетесіз; 

10) Несиеге алған затыңыздан ләззат ала алмайсыз: себебі әрдайым "несиені уақытылы қайтару керек" деген ой тұрады санаңызда;

11) Несиеге алған үйіңіз, көлігіңіз т.б. заттарыңыз тіпті ұялы телефоныңыз сынып не бұзылып қалса, оның ашуы, өкініші қатты болады. 

Несие сіз оны уақытылы қайтара алған күнде де адал болмайды. Себебі шариғатымызда несие ақшасын алу былай тұрсын, ондай келісімшартқа қол қоюдың өзіне тыйым салады. Өйткені адамның басына болашақта не келерін тек Алла ғана біледі. Осыған қарамастан несие алып, өз жанұясын қарызға батырып о дүниеге аттанып кеткендер қаншама. Талайы баспанасыз қалды. Кейбіреулері несиені қайтара алмай ішкілікке салынып, әйелімен ажырасып, түбінде ұрлық-қарлық жасап, темір торға қамалды.

Халқымыз басына тиіп, өз көздерімен анығына жеткенде банктер де қалай да несие алғызудың айла-шарғыларын жасауда. Міне, осының нәтижесінде "пайызсыз несие", "пайызсыз бөліп төлеу", "алғашқы кепілсіз несие" деген сияқты ұғымдар ойлап тапты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні арам ақшадан еш пайда болмайды. Қарыз алсақ та, қарнымыз аш болса да, несиеміз жоқ болсын!

0 Пікір Кіру