Бұрымның да киесі бар, соған лайық иесі бар - на weekend.bugin.kz
Салтанат Қарасай - на weekend.bugin.kz Салтанат Қарасай

Қайда кетіп барасың, қайран бұрым...

«Бұрымы ұзын қарындас,

Жарым боп, менің бағымды аш.

Қылықты қыздар болса да,

Бұрымды қыздар табылмас!

Ғафу Қайырбековтың осы бір әнін талайлардың білетіні анық. «Қазақ қызы» десе, ә дегеннен-ақ көзімізге өрілген бұрым, шашбау, шолпы елестей кетеді. Бұрым жайында айтылар аңыз да, әңгіме де көп. Ендеше, біразын тарқатып көрейік...

«Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін» – деп Абай атамыз жырласа, тарихтағы әз Тәуке ханның «Жеті жарғысында» бұрымға қатысты заң да бар екен. Ондағы «Кек пен жаза» бөлімінде әртүрлі қылмыстарға берілетін жаза жөнінде айтылған. Сондай жазаның бір түрі – бұрым кесу. Нәпсіқорлыққа байланысты қолға түскен ердің атының құйрығын кесіп, ардан аттаған қыздың немесе күйеуі бар әйелдің бұрымын кесу жайлы айтылған екен. Сол замандарда бұл аса ауыр жаза болып есептелген.

Бұрымның қасиеті жайлы тағы бір дерек: қыз баланың шашын ешқашан дәл ортасынан бөлмеген, маңдайынан қиғаш етіп тараған. Себебі, әйел заты дүниеден өткенде ғана оның шашын дәл ортасынан екіге бөліп, екі омырауын жауып көмеді екен. Бұл Жаратқанның алдына барғанда ұятты жерін жауып тұрсын деген белгі дейді үлкендер. Сол себепті де қыз баласы шашын ұзын етіп өсіру әдетке айналған. Ерте замандарда қазақ қыздары ешқашан шашын жаймаған. Тек қаралы хабар естіп, сүйген жары өмірден өткенде ғана шашын жайып жоқтау айтқан екен. Сол себепті де, қазақ қыз баланың шашын жайғанын көп ұната бермейді әрі ол тазалыққа да қайшы келеді. Әсіресе, ас әзірлейтін кезде әйел азаматшалар әрқашан шашын жинап, орамал тағуы қажет.

Бұрындары бұрым жайлы жиі айтатын едік, бұрым туралы әндер де көп болатын. Ақындар да қыз сұлулығын жырға қосса, өлең алдымен бұрыммен басталатын. Соңғы кездері бұрым жайлы әңгіме тек журналистердің мақалаларында айтылатын халге жетті. Себебі, қазіргі қыздардың көпшілігі жеті жарғының жазасын қолдан жасап алып жүр...

Соңғы уақыттарда бұрымды қыздар азайып, қысқа шаштылар көбейді. Ал  сирек кездесетіндіктен бе, сол «бұрымдылардың» бұрымына елдің назары бірден ауып, шаштары түсіп, сиреп кетті дегенді естиміз. Бұны үлкендер «көз тиген» деп те жатады. Нәтижесінде, көз тиген бұрымның да өмір сүру ұзақтығы қысқарады...

Бұрынғының бұрымдыларын сөзге тиек етсек, тек мақтаулар айтылатын. Себебі, бұрынғылар бұрымның қадір-қасиетін терең ұғынып, салт-жоралғысын жасай білген. Жоғарыда айтылғандай, бұрымның да киесі бар әрі сол ережелерді сақтай отырып, бұрымды да бұрынғылар ерекше күте білген, яғни соған сай иесі болған.

Міне, осылайша уақыт өте келе адамдар да өзгерді. Олардың сырт келбеті, жүріс-тұрысы, мәдениеті мен өмірлік ұстанымдары да өзгерді. Әрине, жасампаздық заманында, демократиялық қоғамда ешкімге пікір айтып, сын тағудан аулақпыз. Тек, баяғының бұрымдарын да сағынамыз кейде...

0 Пікір Кіру