Мерейі үстем ҚазҰУ - на weekend.bugin.kz
Ақерке Амантай  - на weekend.bugin.kz Ақерке Амантай

Қара шаңырақ

Тұла бойы тарихқа тұнған Қазақстандағы ЖОО-ның ішіндегі таңдаулысы әрі қара шаңырағы ҚазҰУ биыл мерейлі 85 жылдығын атап өтті. Жаңа бастамаларға қадам жасамас бұрын, соңғы жылдардағы ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктерімен, бағындырған жаңа белестеріне тоқталып өтуді жөн санадым. 

ҚазҰУ үшін 2017 жыл халықаралық қатынастардың нығайып, білім, технология, ғылым салаларындағы айтулы өзгерістерге қадам басқан жылы болды. Оған дәлел, Мәскеуде (Ресей) өткен XXII ғылыми оқулар: білім беруді реформалау: ол қандай болу керек?» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында университетіміздің ректоры Ғалым Мұтанұлының жасаған тұжырымдамасы. Жастарға бейбітшілік, ізгілік пен әділдік және белсенді азаматтық ұстаным туралы идеяларын жеткізуге бағытталған жаңа заман университетінің миссиясы жөніндегі Ғ. Мұтановтың тұжырымдамасында алға тартылған ойлары риясыз қызығушылықпен қабылданды. ҚазҰУ-да «Интернет-қауіпсіздік: ақпарат алмасу қауіпсіздігін күшейту» атты жетінші халықаралық семинар өтті. Кездесу барысында «Сандық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың маңыздылығы, суперкомпьютер және бұлтты есептеулер орталығын құру арқылы ҚазҰУ негізінде Жаңа Жібек жолы университеттер альянсы шеңберінде халықаралық IT-технопарктің қалыптасуы ерекше маңызды екенін тілге тиек етті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS рейтингінде (World University Rankings) 39 орынға көтеріліп, 236 орынды иеленді. 2017 жылғы Халықаралық UI Green Metric World Ranking Universities бойынша ҚазҰУ 186-шы орынды иеленіп, «жасыл даму» бойынша университеттің зор жетістіктері мен әлеуетіне куә болды.

«Қазақ телевизиясының» киелі, қара шаңырағы Қазақстан Ұлттық телеарнасының 60 жылдық мерейтойы аталып, журналистика факультетінде «Qazaqstan» оқу-шығармашылық зертханасының ашылу салтанаты өтті. Толағай теңізге құйған тамшыдай, Қазақ телевизиясыың өркендеуіне қосқан үлесім ретінде студенттік «Мобильді репортер» медиаклубының таныстырылымын көптің назарына ұсындым.

ҚазҰУ мыңдаған жүректерге үміт сыйлаған бірегей университет. Алыстан арман қуып келген қаншама түлектің үкілеген үмітін жаққан құшағы кең мақтаулы мекен. Менің журналистика факультетінің студенті атануым бойыма үлкен абырой, зор қуаныш ұялатты. Жоғары оқу орныма жасаған алғашқы қадамдарым мен үшін өте ыстық. Алаш алыптарының ізін жалғаған журналистика факультетінің ұжымы жыл сайын ұшқыр ойлы студенттердің талабын арттырып, нағыз майталман етіп тәрбиелеп шығарады. Ұлағатты ұстаз, "журналистика" факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Клара Қабылғазы, Аманқос Құлтанұлы, Кәкен Қамзаұлы, Алмагүл Алиқызы, Жидегүл Әбдіжәділқызы, Әмір Молдабеков, Бауыржан Омарұлы сынды көнені көзден өткізіп жаңамен сабақтастыра білген қаншама білікті де білгір дәріскерлерден құралған фаукльтет дарындыларды даралайтын мекен дер едім.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектер қауымына алғашқы күндерден-ақ құшағын айқара ашатын орта. Ол кімді болмасын өзіне баурап алатыны сөзсіз. Мен болашақ журналист ретінде өзіме оймақтай ой түйіп, алдыма мәртебелі мақсаттар қойдым. Мен Мәңгілік Елдің келешек ұрпағы ретінде журналистиканың ғұмырлы болуы үшін тынбай еңбек етуім қажет. Ең бастысы, егеменді елімнің келісті кірпішіндей қалансам деймін.

0 Пікір Кіру