Сөз тапқанға қолқа бар ма? - на weekend.bugin.kz
Aslan Biakhmetov - на weekend.bugin.kz Aslan Biakhmetov

Сөз сүйектен өтер. Сөзге тоқтаған халықпыз, сөздің зілін сіз сезініп көрдіңіз бе?! Сөз тапқанға иландым.

Сөздің құдіреті, сөздің киесі дегенді жиі естіп жатамын, бірақ соның байыбына барып, түсінгенім осы қазір. Әр дәуірдің өз сөз зергері бар, оның қағаз бетіне түскені бар, халық аузында қалғаны бар, әйтеуір, пәленше осылай депті, деп айтылып жатады. Тарихта әділдігімен, тапқырлығымен, тілінің өткірлігімен, шешендігімен, ұшқыр ойымен талайды сөзбен естен тандырып, дауды шешіп, қарқындыны тоқтамға келтіріп, ел арасында бірлікті сақтап қалған шешен де, би де баршылық.

Менің айтпағым шешендер жайында емес, «сөзге тоқтаған халықпыз» деп жатамыз ғой, міне, сол жайында болмақ. 

Сөз деген өте құдіретті. Тіліңіз ащы болса, сөздеріңізді абайлап қолданғаныңыз абзал. Тіл - өткір қанжар, сол қанжардың уыты сөз болса, онда уытты қанжарды абайлап сермеңіз, себебі өзгенің көңіліне қаяу түсіріп алуыңыз бек мүмкін. Айтар сөзімізге әрқашан абай болғанымыз жөн, әсіресе әзілдескенде, сөз таласқа түскенде. «Аңдамай сөйлеген - ауырмай өледі», - дейді ғой, жалпы айтар сөзіңізге барынша сақ болыңыз. Сөзбен жанды семіртуге, жақсының мерейін өсіруге болады. Керек десеңіз, талайдың көкірек көзін оятуға да, жігерлендіре қайрауға, көңілін көтеруге де болады. Айта берсек, сөздің атқарар функция шаш-етектен.

Әуелі сөздің құдіретін мен қалай, қай оқиғалардан соң түсінгенімді баян етейін. Ата-әжемнің тәрбиесін Жасұлан бауырым екеуміз қатар алып, ер жеттік. Бір жылдары атамыз сырқаттанып қалып, ота жасатуға тура келген еді. Арнайы орталықта он күннен астам уақыт жатып қалған атам әжеме хабарласып, телефон тұтқасының арғы жағынан: «Жатқызғандарына он күннен асты, созбалақтап не істеп жүр өздері? Неге жасарын жасамайды? Ауылдағы мал-жанды ойлап, тыныш ұйықтай да алмай жүрмін, ертең ауылға қайтамын».

Енді қайттік, атамды райынан қайтару оңай болады дейсіз бе?! Бір жағынан атамды да түсінуге болады. Өзінің 70 жас ғүмырында төрт қабырғаға қамалып, бостан-бос отырып көрмеген. Дегенмен, денсаулық та керек.

Дәл осы сәтте атамды сөзбен не алдарын, не айқайға саларын білмей отырған әжемнің телефонына Жасұлан жармаса кетті де:

- Атау, Ассалаумағалейкүм, сіз сәйгүлігіңізді бәйгеге қосар сәтте оны әбден бабына келтіріп барып, сосын ғана бәйгеге қосасыз ғой. Сізді де сол секілді отаға дайындап жатыр, сіздің организміңіз отаға дайын болғанда жасайды, - деді.

Бұны естіп «сөз тапқанын қарай көр. Атамды көндірді- ау», - деп біз мәзбіз. Телефонның арғы жағынан атамның даусы сәл кібіртіктеніп барып шықты:

- Ә, жәрәғән онда, өздері біледі.

Сол жылы атам ота жасатып, ауылға аман оралды, шүкір. Біз оқта-текте Жасұланның тапқырлығын күліп еске алып, тамсанып қоямыз.

«Сөзге тоқтау деген осы шығар», - дедім мен ішімнен. Расында, тауып айтты. Жасұлан оқыстан тапқырлық жасамағанда кім біледі, атам сол жылы ота жасатпас па еді?

Сөзді тауып айтсаң, көп көргенді де өз сөзіңе иландыра алады екенсің.

Сөзге тоқтаған халықпыз ғой..

«Сөз сүйектен өтеді», - дейді. Бірде бір группаласымның қатты ұялтқаны бар. Концерт болсын, мереке болсын тағысын тағы, әйтеуір ортадан ақша жиналатынын білесіз ғой. Сондай бір сәтте белсенділер ортаға шығып сөйлеп, неге керек екенін айтып жатты. Сонда жанымдағы жолдасым әзілдеді ме, жоқ расын айтты ма, әйтеуір, «ақша жоқ» деп дауыстап жіберді. Бұны естіген біз де, айтқан ол да мәз. Алда отырған бір қыз біз жаққа бұрылды да, «еркек басыңмен жоқ, жоқ деуге ұялмайсың ба?» - деп қалды. Маған айтпаса да өзге үшін ұялғанымнан екі бетім ду ете қалды. Сөзі сүйегімнен өтіп кеткені соншалық, «ешқашан жоқ демеймін!», - деген тоқтамға келдім. Расында, ер балаға жоқ, жоқ деп жоқтап қалу жараспайды екен. Группаласым тауып айтты, әрі батырып айтты. Сол жерде отырған ер балаларды білмеймін, бірақ өз басым қатты бір толқып, қысылып, қымтырылып кеттім. Міне, маған сөз құдіретін түсіндірген оқиғалар осылар.

Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Сөзге шешен болсаң, сөзіңді сүйектен өткізе алсаң, Шығайбайдың жоғын алуға болады. Ебін тауып, епті сөйлесеңіз болғаны. Сөз –құдіретті. Сөзге тоқтау бар болса, қазақы мінез де бар. Тауып айту, шешен сөйлеу, сөзге иландыру біздің бір болмысымыз. Болмысымызда бар нәрселерді өшіріп алмайық. Дархан халықтың тілі жоғалмасын дейік әуелі, тіл жоғалса, сөз қайдан болсын?!

0 Пікір Кіру