Мүгедекпен өткізген алғашқы түн (әңгіме) - на weekend.bugin.kz
Nurshat Yersaıyn - на weekend.bugin.kz Nurshat Yersaıyn

Түнектегі жарығым

Ол бөлменің тас қараңғы болғанын қалады. Бірақ қырсық ай терезеден түнеріп тұр. Ол да басқалар сияқты өзін табалағысы келіп тұрғандай ызғарлы жымияды. Шіркін, кірпігінің үстінен қорғасын құйып тастар ма еді? Әлде, әлде... Жоқ, жоқ... Алланың аманаттап берген сау мүшесіне қалай қиянат жасасын? Осы көздер еді ғой сұлулыққа сұқтанып талай серіге есі кеткен. Көзбен емес, көңілмен сүй деген рас-ау...

Әлібек ше? Әлібек серінің серісі еді-ау! Тіпті жанында жүрген құрбыларының өзі іші қылп етіп қызғанып қалатын. Бақытты күндердің бірі еді ол... Бірақ сонысы сері емес, сайтан болып шыққан жоқ па? Адам деген тым қиялшыл келеді екен ғой. Пендешілікке салынып көп жағдайда адамды сыртынан бағалаймыз. Осындай сарсаң ойларға салынған Самал ең болмаса таң атпаса екен деп ұйықтап кетті...

Самалдың жүрегі жараланады екен деп таң атпай қоймады. Түк болмағандай тылсым дүние тіршілігі тағы жалғасатынынан белгі бергендей күн керіліп ұясынан көтеріле бастады...

Бетін күн сәулесі қытықтағанда әдеттегідей көзіндерін ашуға ерінген қалпы керіле созыла біраз жатты. Қолдарын тағы бір көтеріп тастай бергенде төсекке емес басқа бір жерге түскенін байқап атып тұрды. Қараса күні кеше ғана өзінің күйеуі атанып үлгерген Мұраттың үстіне түскен екен. Абырой болғанда ояна қоймапты. Қырынан ары қарап жатыр екен. Бет жүзіне енді ғана анық қарауға мүмкіндік туып тұрғандай еді. Оң жақ қырынан қарағанда әжептеуір сүйкімділігі бардай көрінді Самалға. Ал арғы қырынан немесе алдынан әлі анық қарап көруге батылы жете қоймады. Жарты бейнеге қарап ойға шомып отырғанда Мұрат шалқасынан аунап түсті. Самал лезде теріс қарап бетін басып алды. Ашу үстінде өзінің не істеп не қойғанын әлі ұғар емес. Қолдарына қарап өзінің дірілдеп отырғанын байқады. Бірақ бұлай жасауға болмайтынын түсініп, өзін үйретуге бекінді. Мұраттың жүзіне анықтап қарамақ болды. Сол жақ бетінің қыртысталған матадай, ал жағының тым арық екенін көрді. Самал адамды (жігітті) көзіне қарап ұнатушы еді. Көзінің әдемі болғанына қатты мән беріп, сондай көз иелеріне еріксіз ғашық болатын. Мұраттың сол жақ қасының жоқтығы болмаса аса жаман еместей көрінді. Көзінің қарасы жоқ жанары ашыла бергенде, Самал шошып кетті. Жүзі тіпті сұсты болып көрінді. Енді қайта тіке қарай алмасын сезді. 

Көздерін ашқанда жүзіне барлай қарап отырған аққұба жүзді сұлуды көрген Мұрат жұмақта ояндым екен деп ойлап қалған. Бірер секунд өтер-өтпестен аққұба жұзді арудың көздері дөңгеленіп барып тарс жұмылғанын көргенде шошытып алғанын түсінді. 

Самал беташардан кейінгі алғашқы күннен бастап келіндік қызметіне кірісіп кетті. Көршілерге тәтті шай да берілді. Барлығы ойдағыдай өтті. Тек үйге шай ішуге келген көршілердің, көшеде көрген ауыл адамдарының, кейбір алыс-жақын туысқандардың сыртынан тесіле қарап, күбірлеп өтетіні жанына қатты батады. Ондайда өзін қылмыскердей сезінетін. Кейбірі естісін деп әдейі қаттырақ «Тегінде осы қыздың бір бәлесі бар, әйтпесе бір көзі жоқ бір аяғы протез Мұратта несі бар? Басқа жігіт құрып қап па? Өзі толған айдай толықсыған, уыздай үлбіреп тұрған қыз ғой» деп көпіртіп өтетін. Өз туысқандары да жан-жақтан табалап, әке-шешесін әбден титықтатып жатқан болар. Кішкентайынан бәсекелесіп өскен ағасының қызы Марал да әбден масаттанатын болды-ау. Онсызда ес білгелі Самалдың өзіне қарағанда әлдеқайда сұлу екендігін, небір серінің есі кете жүгіретіндігін үнемі күндеп отырушы еді. Адамдар неге сонша қатігез? Неге бәрін білмей жатып өсек-аяңға жақын болады? Неге жақсы жағынан ойлап түсінуге тырыспайды? Мені бәрі бұзылған қыз деп ойлайды. Сол үшін ғана Мұратқа тұрмысқа шықты деп ойлайды. Мұраттың жол апатынан келген келеңсіздіктері болмаса, келбетіне үлкен дақ салғаны болмаса, қайбір беті жылтыраған жігіттерден адамгершілігі жүз есе артық қой. Иә, Әлібек те сол беті жылтырағандардан болды. Жымиғаны, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, дауысы, көзқарасы – бәрі-бәрі өзіне жарасымды-ақ еді. Бәрінен бұрын Самалға оның көздері ұнайтын. Құдай кейбір қыздар жете алмай жүрген әдемі кірпік пен қасты соған берген. Керегін үнемі көп күш жұмсамай-ақ оп-оңай уысына түсіре қоятын. Университеттегі талай қыздардың арманы болған жігіт жақын араласуға ұсыныс білдіргенде төбесі көкке жетіп қуанғаны рас. Тіпті өзін бәрінен сұлу санайтын, бір топта оқитын Жанардың да жанары алаланып, ернін сылп еткізген. 

Әдеттегідей емес университетке күнде ерекше сәнденіп, сол үшін ерте тұрып шашын бұйралап баратын болған Самал. Екеуі әр үзіліс сайын жандарынан табылып, бірге түскі ас ішіп, сабақтан кейін саябақтағы серуендер күтіп тұратын күнде. Түнгісін сезімге толы сырлы хаттар, толассыз қоңыраулар болып өтіп жатты күндер. Екеуінің болашаққа құрған жоспарлары көп-ақ еді.

Сол күні алғаш рет Самал Әлібекпен оңаша кездесуге түнгісін шыққан еді. Ата-анасының ақылынан аттамай өскен Самалға бұл өте жат болып көрінді. Ішінен «Дәл қазір алдап кеткен әкем мен анам көрсе не ойлайды, масқара, өлтіреді ғой» деп ойлаумен болды. Екеуі жаяу қыдырыстап біршама ұзап кеткенін аңдамай қалды. Орталықтағы бір үйдің маңына келгенде Әлібек қалтасынан кілт алып:

– Жүр, ішке кірейік! – деді. Мұндайды күтпеген Сәуле абдырап қалды.

– Неге? Кімнің үйі? 

– Жалдадым. Екеумізге... Оңаша сырласамыз дегендей...

– (миығынан күліп) Есің дұрыс па ? Мені сенімен оңаша пәтерге кіреді дейсің бе? Не ойлағаның бар? 

– Самал, сен сонда мені кім көріп тұрсың? Не мен саған бөтенмін бе? Қойшы жаным (иығынан құшақтап), жүр оданда іште сөйлесейік. Самал иығындағы Әлібектің қолын жұлқып тастап, бетінен шапалақпен тартып кеп жіберді. Әлібектің бетінде түнгі аспанды тіліп өткен найзағайдай өрт пайда болғандай еді. Бұрынғы әдемі көздері шытынап, ашуға булығып, тым қорқынышты болып көрінді. Ары қарай тұра беруге шыдамаған Самал үйіне дейін такси ұстауға жүгіре жөнелді.


Үйге келіп ойын сараптап, болған оқиғаны көз алдынан өткізіп көрді. Мүмкін расымен оның арам ойы болмаған шығар, егер солай болса мен артық кеттім ғой. Оны шапалақпен тартып жібергендегі көзқарасы... Жоқ. Тіпті елестетудің өзі қорқынышты. Оны қатты ренжітіп алдым. Ертең қалайда кешірім сұрауым керек. Біразға дейін кірпігі ілінбей әлеуметтік желіні шарлап шығуды жөн көрді. Сол күні Вконтакте желісінде Мұрат Жаңабеков достық жіберді. Ең бірінші суретін қарайтын әдетімен бір шарлап шықты. Бірақ өзге фраза немесе картиналардан бөлек Мұраттың өз суретін таба қоймады. Кенет астындағы ойлы жазбаларға көзі түсе кетті. Мұраттың қызықты, ойлы жазбаларын оқып отырып, таңның қалай атқанын да байқамай қалды. Сол күннен бастап Мұрат оның сырласына айналған еді. 
Ертесі күні Самал Әлібектен кешірім сұрауға бекінді. Бірақ олай бола қоймады. Алдынан шыққан Әлібек Самалға жүзін бұрып та қарамастан өте берді. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Самал күні-түні өзін жазғырумен болды. Жалғыз жұбанышы интернетте танысқан Мұраты. Өте қызықты әңгімелер жазып Самалдың көңілін аулай берді. Оның ақылдылығы, адамгершілігі Самалға қатты ұнады. Мұрат интернетке кірмей, не жазбай қалса елегізіп іздейтінді шығарды. Бірақ оның бәрі уақытша алданыш еді. Басқа кездегі көңілінің бәрі Әлібекте. Әлібектің әлеуметтік желіге жаңа сурет кіргізгенін көріп есі шықты. Сене алмады. Жанар... Жанармен түскен. Иә бір топта оқитын Жанармен түскен суретіне жүрек салып кіргізіпті. Сонда қалай? Мұны қашан түсіп үлгерген? Мүмкін емес! Түнде түсіпті. Түнде кездескен... Жүрегін қызғаныштың қызыл шоғы қарып өткен Самал не істерін білмеді. Өзіне қол жұмсамақ та болды. Бірақ ата-анасын, бауырларын ойлады. Сондай қиын сәтте оны Мұрат жұбатқандай болды. Бұл өмірдің, бұл қиындықтың өткінші екендігін, бұл жай ғана сынақ екендігін еске салып, сабырлыққа үйретті. Арада бір айдай уақыт өтті. Жанар мен Әлібектің бірге жүргенін көру Самалға оңай тие қоймады. Бұл көріністен құтылудың жолын ойластыра бастады. Ал Мұрат тым жақсы жан болып көріне бастады. Тіпті өзге жігіттер сияқты не суретіңді жібер деп, не нөміріңді бер деп мазалай қоймады. Оның жаны сондай таза, мейірімді, өзі өте ақылды еді. Самалға Мұрат ұнай бастағандай еді. Сол түні екеуі таңға дейін телефонмен сырласты. Бір-бірі жайлы көп дүние айтылды. Мұрат өзінің өмірінде болған қорқынышты жол апаты жайлы айтып берді. Содан қалған бетінде тыртық барын да жасырмады. Самал Мұраттың хикаясын беріле тыңдап, ол үшін қатты уайымдағанын білдірді. Сол бір түннің ішінде екеуі үйленуге шешім қабылдап та қойған еді. 


Екеуінің жоспары бойынша алғашқы кездесуден-ақ Мұрат Самалды алып қашады. Самал кездесуге жеңіл-желпі ғана боянып (Мұрат қатты бояуды ұнатпайтынын айтқан), толқын шашын бос жіберіп, ұзындау ақ көйлек киіп шыққан-ды. Екеуі қала маңындағы өзен жағасында кездеспек болды. Өзенге қарап тұрған ақ көйлекті арудың жанына ақ көлік келіп тоқтады. Көліктің дауысын естіген Самал толқып кетті. Мұраттың келгенін сезді. Бірақ бұрылып қарай қоймады.

– Ақ көйлекті періште ару жағада жалғыз не істеп тұр екен? 

– (күліп, еркелей) Ақ боз атты ханзадасын күтіп тұр. Самал артына бұрылып қарады. Аяқ асты жымиған екі езуі ұсқынсыз ғана орнына жиылып бара жатты. Бұл көрініс Мұратқа өте ауыр тиді. Сұлудың жанарындағы үрейді көріп безіп кеткісі келді. Самал төмен қарап үнсіз тұрғанда Мұрат теріс бұрылып көлікке жақындай берді. Кенет қыздың "Тоқта!" деген дауысын естіп қатып қалды. Бірақ артына бұрылып қарамады. Қыз жанына ақырын аяңдап келіп, жанарын жерге салған күйі «біз қалай келісіп едік?» деп көлікке отыра кетті. 

– Кешір! Мен сені қинамаймын...

– (қыз біраз үнсіздіктен кейін) Кеттік!

Келін болып түскен күндегі ата-енесінің қуанышы Самалды да толқытып жіберген еді. Ол жақсы жандардың ортасына түскенін сезді. Бәрі шетінен Мұрат сияқты ашық-жарқын жандар екен. Шымылдықтың ар жағында отырғанда да, беташардан кейін де бұған Мұрат келе қоймады. Шошытып алмайын деген болар. Алда-жалда айқасып өтер болса екеуі де жүздерін төмен салып үн-түнсіз өте шығатын. Алғашқы неке түнінде де жарық жақпастан үн-түнсіз теріс қарап жата кеткен. Бірақ ай сәулесі түскен бөлме іші жарық еді. 

Самал тым көп ойланды. Мұраттың мінезін алға тартып өз-өзін жұбатумен болды.

* * *

Арада уақыт өте ол расымен ең көркем мінез иесіне жолыққанын түсінді. Іссапраға кеткен Мұратты көруге қатты асығып жүретін болды. Бұл жолы отағасын олар екеу болып күтіп жүр...


4 Пікір Кіру
  • Bisultan Rustemov 18 Сәуір, 2019

    Керемет. Самал дұрыс таңдау

  • Жәнібек Сұлтан 19 Сәуір, 2019

    Керемет жазылган.Такырыбы кызыкты.шынымды айтсам окып отырып, кино коргендей куй кештим.Самалдай кыздар биздин бугинги когамымызда коп болса гой ширкин

  • Машшалах керемет туынды! Сұлулық бетте емес жүректе екенін осыдан да ұғуға болады.Жарайсың керемет!))

  • Сәния 02 Мамыр, 2019

    Тамаша жазыпсың, оқиға көз алдымда өткендей әсер қалдырды. Шабытың шалқи түссін, жазарың көп болсын. Тағы да ғажап әңгімелеріңді күтетін боламын