Иман иілген Иран - на weekend.bugin.kz
Абай Тағыберген - на weekend.bugin.kz Абай Тағыберген

Иран – мол қазынаның үстінде отырған мемлекет

Иран тарихына көз жіберсеңіз, көп деректерге, сол кездегі елдердің ахуалын біле аласыз. Тарихтан белгілісі, Иран жеріне адамзат тым ерте аяқ сала бастаған. Біздің заманымыздан бұрын 3-мыңжылдықтарда Иранның оңтүстік-батысында алғашқы мемлекеттер ірге қадай бастайды. Кейіннен Орталық Азияның арий тайпалары қара жерді мекен етіп келеді. Сондықтан кейбір зерттеушілер Иранды арийлердің жері деп санайды. Арғы-бергі тарихтан сыр шерту үшін бөлек тақырып қозғау керек. Біз тек Иранның негізгі тарихына тоқталсақ. Талай елдің қатулы қабағын көрген Иран халқы өз ұстанымынан таймай, ішкі дербестігін сақтап қала алады. 

ХІХ ғасырдың аяғында Иран Еуропа мемлекеттерінің жартылай қол астына өтеді. Иран жерінің солтүс­тігіне Ресей, оңтүстігіне Ұлы­б­ри­тания ықпалын жүргізді. Әйт­се де, отар елге айналдыруды мақсат тұтқан ағылшындар Иранды толықтай жаулап алады. Алайда, ел ішінде ағылшын үстемдігіне қарсы толқулар көпке дейін жүрді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Иран КСРО және Ұлы­британия мемлкеттерімен одақ­тас­тық келісімге келеді. Кейіннен ел ішінде соғыстар жүреді, Иран экономикасы тұралап қалады. Әйткенмен 1979 жылға дейін Иран халқы еркіндікті сезіне алмады. Тек 1979 жылы Имам Хомейнидің табандылығы арқылы тәуелсіздікке қол жеткізеді. Алайда Иранның республика болып қалануы көптеген елдерге ұнай қой­мады. Мұнан кейін де елде иран-ирак соғысы өрбіп, халықтың жағдайы нашарлайды. Жалпы Иран тарихы бізге осылай жетті.

Иран – мол қазынаның үстінде отырған мемлекет. Негізгі табыс мұнайдан түседі. Мұнайды өздері өңдеп, өздері сыртқа шығарады. Мұнан бөлек, ирандықтар ерте кез­ден ата кәсіп қолөнерге ден қой­ған. Дәстүрін дәріптеген, өт­кенін ұмытпаған ирандықтар табиғи байлыққа кенеліп отырса да, ерінбей еңбек етуден талмайды. Табыс түсірер тірек салалардың бірі мал шаруашылығында да пай­да шаш етектен. Жаһан елдері арасында мақта, зығыр, темекі өнімдерімен танымал. Сондай-ақ, көпшілік айтып жүретін Иран кі­лемдері де бұл елдің қолөнер кә­сібінің қарқынын айқындап тұр.

Иранда демографиялық ахуал жақсы. Бүгінде 80 миллионнан асып жығылатын халықтың жылдан-жылға артуы Иранның қай салада болмасын, алға басуына септігін тигізуде. Тұрғындардың жартысынан көбі – жасөспірімдер. Ел астанасы Тегеран аумағына тұтас Қазақстан халқы сыйып кетеді.

Иран туралы сөз қозғағанда оның киноиндустриясын айтпай кете алмаймыз. Соңғы кездері Иран халқының кинотуындылары ел асып, шетелде насихатта­лып жүр.Бастысы, ирандықтар кино саласында арзан атаққа, не фильм санына жұмыс істемейді. Имандылыққа үндейтін, жақсылыққа шақыратын, ой қалдыратын кинотуындылары арқылы көпке танылуда. Ресми дереккөз­ге сенсек, Иранда жылына 60-тан аса кинофильмдер түсіріледі. Әлбетте, кино түсіруден АҚШ пен Үндістанға жете қоймас. Десе де, таспаланған туындылар әлем­дік фестивальдердің тұғырынан түспей келеді.

Иман демекші, Иран тұтас әлемге салт-дәстүрі мен дінге бе­ріктігі арқылы көпке таныс. Әр­түрлі ұлттарды бір арнаға тоғыстырып отырған жұрттың ұлт дегендегі ұстанымы бір. Жалпы, Иран халқы – қонақжай әрі көмек қолын созуға асығатын халық. Көшеде ұзақ тұрып, ойланып қал­саңыз, жаныңызға келіп қандай көмектің қажет екенін сұрап, жәрдемін береді. Бұл ислам дінінің қанат жайғанының белгісі болар. Дәстүр дегеннен шығады. Ирандықтардың үйлену саясатында өз ұстанымдары бар. Мұнда атастыру салты кең етек алған. "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген мәтелге бұлар үйлену де қиын дегенді қосады. Себебі иран қыздарының қалың малы қымбат, сол үшін ер азаматтар үйленуге алдын ала қаражат жинайтын көрінеді.

Иран десе көзге әлі де соғыстың азабын көрген, тұрмысы тұралаған адамдар ойға оралады деу қателік. Қазіргі Иран халқының дамуына қан жүгірді. Әсіресе, бі­лім саласына бет бұрып, ерекше екпін беруі ирандықтардың оқу-білімге ұмтылғанын айғақтайды. Иранның білім беру саласы бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші саты - балабақша. Мұны ирандықтар "махд-е-кудок" деп атайды. Мектепке дейінгі тәрбие беру де қарас­тырылған, алайда бұл барлығына міндетті емес. 5 жастан кейін ирандық балалар бастауыш сы­нып­қа барады. Мұны жергілікті халық "дабестан" дейді. Ескере­тіні, әлі күнге дейін Иранда ұлдар мен қыздар бір бөлек оқытылады. Тек жоғары оқу орнына барғанда бірге білім алады. Бастауышты бітірген оқушылар "рахнамаи" атты арнаулы мектепке барады. Оны 3 жыл оқиды. Бала 14-ке кел­­генде "дабирестан", яғни жоға­ры сыныпқа өтеді. Бұл кезеңде оқу­шыларға нақты мамандыққа қарай бағыт беріледі. Оқушылар 3 жыл ішінде орта білім мен жоғары оқу орнының қайсысына баратындарын таңдайды. Білі­мін әлі де жалғастыру қажеттігін сезінген оқушылар үшін Иранда қосымша 2 жыл оқуға мүм­кін­­дік бар. Ол бағыт білім саласында "кардани" деп аталады. Бү­­гінгі күні Иранда 80 мемлекет­тік оқу орны, 25 жеке оқу орындары бар. Университет студенттері де біздің елде секілді 4 жыл бака­лавр, кейін магистратура, доктарантураны оқиды.

Негізінде Иран туристерге арналмаған қала. Десе де, исламдық қағидамен тірлік ететін Иран Ислам Республикасына келушілер ең әуелі Голестан сарайы, Милад мұнарасы, Азаттық алаңы, Гранд базарына табан тірейді. Өз уақытында ау­зын айға білеген АҚШ-тың сан­кциясы Иранға көптеген қо­­лайсыздықтар алып келді. Мәселен, халықаралық төлемдер енгізуде кедергі көп. Өзге елдің төлем карточкалары бұл елде жүруге жарамсыз.

Ислам қанат жайған мекен болғандықтан шығар, Иранда шектеулер көп. Мәселен, әйелдерге ашық-шашық киінуге рұқ­­сат берілмейді. Мұнымен қо­са, ішімдік ішуге түбегейлі шек­­теу қойылған. Тіпті ресторанда қойылатын сыралардың өзі алкогольдік қуаттылығы аз. Есесіне, жергілікті шарап түріне ұқсас сусынмен салқындауға болады.

Арийлер елі атанып кеткен Иран жұрты мәдениетке ерекше мән береді. Өткеннен белгі беретін көне мұраларды қайта қалпына келтіріп, ескілікті еске тү­сіретін тарихи нысандарға мән беруі ирандық жұрттың рухани байлыққа бей-жай қарай алмайтындықтарын танытып тұрады.

Иранның бір қарағанда, Қазақстанға ұқсас тұстары көп. Екеуі де сан ұлттың басын бір арнаға біріктіріп, бейбітшілікті темірқазыққа балап отыр. Елдің туында көрсетілген жолақтардың өзі бейбітшілікке үндеп тұр.

Әр елдің ұстанымы әртүрлі де­ген осындайда айтылса керек. Иранда әйелдерге қатысты түрлі пікірлер бар. Бірі еркектерге қарағанда Иран әйелде­рінің құқы шектелген десе, бірі Иран қыздары көп зардап шеккен, сондықтан құрметпен қа­рау қажет дегенді алға тартады. Солайына солай. Өнеркәсібі өр­ге домалаған, мәдениеті мо­йын­далған, иманға иілген Иран хал­қы­ның өмірлік ұстанымы осы.

0 Пікір Кіру