Қоқиқаздар жайлы не білеміз? - на weekend.bugin.kz
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ - на weekend.bugin.kz Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ

Балапандарына бас-көз болатын "тәрбиешіні" таңдайтыны рас па?

Қырлы төсті құстар тармағына жатады. Дене бітімі ерекше, тұмсығы имек болып келеді. Тұмсығы орта тұсынан бірден төмен қарап иіліп, қоқиып тұратындықтан «қоқиқаз» деп атаған. Ұшып бара жатқан кезде қоқиқаздың қанатты лапылдап жанған отқа ұқсас болғандықтан оларды кейбір жерлерде халықтар «от немесе жалын құс» деп атайды екен.

Дене тұрқы ірі әрі жабайы қаздан аумайтын болғандықтан халық арасында «қызылқаз» деген атауы да бар екен. Бойы әдетте 90-120 см болса, мекиендерінің салмағы 3 келі, қораздарының салмағы 4,5 келі болады. Қанаттарының ұзындығы 35 – 49 см. Ересек қоқиқаздардың қауырсындарының түсі ақ, қызғылт, ұштары қара, ұзындығы 11-16 см болады екен.

Қоқиқаздар топтасып тіршілік етеді. Олар жүздеп, мыңдап бірге ұя салады. Ұядағы екі немесе үш жұмыртқаның кезектесіп басады. Алғашқы екі айда құрамы бай құс сүтімен қоректендіреді. Жеген тамақтарын асқазандарында қорытып, тұмсығын балапанының аузына апарғанда қаннан тұратын ашық түсті сұйықтық ағады екен. Бұның сыры әлі күнге дейін жұмбақ. Ересектері ұшып кеткенде балапандарды қарауға бір немесе екі «тәрбиеші» қалады екен. «Тәрбиешінің» міндеті жүзден астам балапандарды жүзуге апарып, қайтқанда ұясына дәл апаруы әлі күнге дейін адамдарды таңқалдырмай қоймайды.
Қоқиқаздар – жыл құстары. Наурыз және сәуір айларында ұшып келсе, қазан мен қараша айларында Иран, Ауғанстан, Пәкістан сияқты елдерге ұшып кетеді екен. Қоқиқаздар көбіне шаянтәріздестер мен ұлулар, жәндіктердің дернәсілдерімен,балдырлар мен су өсімдіктерінің тұқымдарымен қоректенеді. Ұя жасауға да су түбіндегі тұнбаны пайдаланады. 2002 жылғы мәліметтерде Қазақстан аумағында 15-18 мыңда қоқиқаз ұя салады делінген.
Қазақстанда Теңіз, Шалқартеңіз көлдері мен Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, Асаубалық, Қоқай, Есей, Қорғалжын, Сұлтангелді, Үлкен және Кіші Қаракөл су айдындарында қызғылт қоқиқаздар кездеседі.
Қазақстанда қоиқаздарды қорғау мақсатында Қорғалжын қорығы ұйымдастырылған. Қорғалжын қорығының символы да осы қоқиқаздар екен. Қоқиқаз АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Швейцарияның, Германияның зоология бақтарында қолда өсіруде. Қоқиқазды атуға мүлде тыйым салынған. Қоқиқаздардың азаюына көбіне оның сырт пішініне қызығып атып алуы және олардың ұя салуына қолайлы жерлердің азаюы себеп болған екен. Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

0 Пікір Кіру