Тянь-Шань қоңыр аюы - на weekend.bugin.kz
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ - на weekend.bugin.kz Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ

Аюдың санының күрт кемуіне оның себепсіз аулануы бірінші себеп болса, ормандарды жаппай отап, ормандардың көлемінің азаюы, ормандағы өрттер екінші себеп болады екен

Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген ІІІ санатты жойылып кету қаупі бар қоңыр аюдың бір түр тармағына жатады.

Тянь-Шань қоңыр аюының аталығы (матай) аналығынан (кірекей) ірі болады. Оның дене тұрқы (аталығында) бойының биіктігі 130-130 см болса, салмағы 600 келіні құрайды. Көбіне құрлықта жүреді. Алайда аюлар суда жақсы жүзіп қоймай, ағашқа да жақсы өрмелейді. Қонжықтары аналарының жанында бір жылдай жүреді екен. Қонжықтары үшін қасқырлар мен барыстар өте қауіпті. Қазан айының ортасынан сәуірдің ортасына дейін ұйқыда жатады. Алайда аюлар ояна сала белсенді тіршілік етеді. Көбіне шөптесін өсімдіктермен қоса, сирек жәндіктермен, майда сүтқоректілермен қоректенсе, кейде өлекселерді де қорек етеді екен. Қазақстанның Өгем, Піскем, Қоржынтау, Кетпен, Талас, Іле, Күнгей, Теріскей және Жетісу (Жоңғар) Алатауларында кездеседі. 

XX-ғасырдың орта шенінде Қаратауда жойылып кеткен. ХІХ-XX-шы ғасырдың басында Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань тауында едәуір болған, одан кейін оның барлық жерде саны азая берді. XX ғ. 70-шы жылдары Жоңғар Алатауында 300-дей, Тянь-Шань тауының Қазақстандық бөлігінде 200 (оның 20-25-і Алматы қорығында, 65-70-і Ақсу-Жабағылы қорығында) аю тіршілік етті. XX-ғасырдың аяғында Ақсу-Жабағылы қорығында 40-50-дей аю ғана қалды. Қазірде оның саны қысқаруда. Тянь-Шань коңыр аюы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанның да Қызыл кітаптарына енгізілген.

Аюдың санының күрт кемуіне оның себепсіз аулануы бірінші себеп болса, ормандарды жаппай отап, ормандардың көлемінің азаюы, ормандағы өрттер екінші себеп болады екен. Қолға тез үйреніп, цирктерде түрлі ойындар көрсетуге пайдаланылады.Қазақстанда Алматы хайуанаттар паркінде Тянь-Шань қоңыр аюы бар. Ақсу-Жабағылы, Алматы қорықтарында, Іле-Алатау, Сайрам-Өгем ұлттық парктерінде және бірқатар қорықшаларда қорғалады.

0 Пікір Кіру