Марқакөл көлі - на weekend.bugin.kz
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ - на weekend.bugin.kz Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ

Марқакөл көлі жайындағы аңызды білесіз бе?


Марқакөл Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Қазақстандағы әдемі көлдерінің бірі. Көл Азутау және Күршім жоталарының аралығында орналасқан. Көлдің ұзындығы 38 км, ені 19 км болса, тереңдігі 27 метр. Марқакөл теңіз деңгейінен 1449,3 метр биіктікте орналасқан. Көлге бір емес, 100-ге жуық өзендер мен бұлақтар келіп құяды.

Көлге құятын өзендердің ірілері – Қарабұлақ, Матабай, Жиренбайтал, т.б. Суы тұщы және миералды. Йод, фтор, бром сынды химиялық элементтер бар. Жағасының оңтүстік жағы тік құлама жартасты, ал шағын өзен-жылғалар құятын тұстары батпақты. Суының мөлдірлігі сондай көлді айнала орналасқан биік таулардың және әсем шыршалардың келбеті көлдің бетінде айқын көрініп керемет көрініс береді.

Жағалауында шырша, қарағай, қайың өскен әдемі орманды алқап бар. Балыққа да бай. Табан, сазан, аққайран, хариус, майқан, қарабалық, мөңке балық т.б балықтар бар.Ағаштардың арасынан қоңыр аю, бұғылар, түлкілер және жабайы мысықтарды, маралдарды, құндыздарды, бүркітті, тіпті сирек кездесетін қызыл қасқыр, қара ләйлектерді және басқа да қорғауға алынған жан-жануарларды көруге болады. Мұнда Марқакөл қорығы ұйымдастырылған. 

Ел ауызында Марқакөл жайында аңыздар өте көп. Соның бірнешеуіне тоқталып өтелік. Ерте кезде көлдің орнында кең жазық дала болыпты. Бұл жерде алуан түрлі әсем жасыл шөптер өскен екен. 
Оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра алмай, қатты мазасызданыпты. Бір кезде су атқылап шығады.Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетіпті. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы-марқаларды су астында қалып қалады. Осыдан барып пайда болған көлді «Марқакөл» деп атаған екен, – деген аңыз ел ауызында қалса, енді бірде былайша баяндалады:
Бұл өте ертеде болған оқиға екен. Таулардың арасында жазықта бір кішкене ғана тап-таза бұлақ ағып жатыпты. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ қанша тырысқанымен шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайлымды басады. Сөйтіп жайлымның орнына көл пайда болады. Содан бері бұл көл Марқакөл деп аталып кеткен екен. Марқакөл жайындағы аңыздар міне, осындай!


0 Пікір Кіру