Тәттілер империясы өмірге қалай келді? - на weekend.bugin.kz
Кана Байузаков - на weekend.bugin.kz Кана Байузаков

Кімге Mars немесе Snickers шоколадының дәмі таныс емес?

Біздің арамызда қайсысымыз Orbit сағызын шайнамады? Кім M&M`S-тен қандай шарик шығатынын табуға тырысты? Кімге Mars немесе Snickers шоколадының дәмі таныс емес? Кім Whiskas жарнамасын көріп елжіремеді? Бұл аталмыш тауарларды кез келген әлем түкпіріндегі дүкендерден таба аласыз. Бірақ оларды жеместен бұрын оған тереңірек үңілдік пе?

Шығу тарихы

1883 жылы АҚШ-та кезекті Франклин Клеренс (Фрэнк) Марс атты нәресте өмір есігін ашты. Бірақ Фрэнктің ата-анасының жағдайы қиын болғаны соншалық – ол балалықпен ерте қоштасып, 19 жасында чипсы сатумен айналысты. Осылайша оның саудасы жүріп, бай болмаса да, жеке үйге қол жеткізіп және болашақ әйелі Этель Хилиге үйленеді. 1911 жылы Фрэнк «өз-өзіңе жұмыс істегенде ғана бай боласың» принципіне сүйеніп, өз үйінде карамель кәмпиттер жасап, жеке бизнесін бастайды. «Бақты іздеп таппайсың, ол кездейсоқ сәтте өзі саған келеді» деген рас-ақ. 1920 жылы ұлы Форрест дүкеннен әкесі Марсқа шоколад әперуді талап етеді. Бірақ ол кезде шоколадтар тек өлшеніп сатылатын әрі бағасы өте қымбат болатын. Міне, баласының кездейсоқ тәттіні талап етуі әкесінің ойы­на қолайлы, қол жетімді шоколад жасау идеясын түсіреді. Осылайша Фрэнк әйелі, бизнес серігімен ойын бөлісіп, 1923 жылы Milky Way шоколадын дүниеге әкеледі. Milky Way батончигінің небәрі 5 цент болуы және ерекше дәмділігінің арқасында 1925 жылы АҚШ-та шоколадтар нарығында көшбасшы орынға шығады.
Snickers
«Көшбасшы атану әрі қиын, бірақ сақтау одан да қиын» демекші, Марстың отбасы Milky Way-мен ғана шектелмей, әрі қарай да жаңа шоколад түрін ойлап табуға тырысты. Жаңа шоколадты жасап шығару барысында өзінің сүйікті жылқысы өліп, соның құрметіне 1930 жылы Snickers атауын береді. Сол кездің өзінде көпшіліктің көңілінен шыққан Snickers өнімі бүгінгі таңда да қажеттілігін азайтпады. Мысалы, 2009 жылы Profi Online Research сараптамалық орталығы күн сайын әлемдегі әрбір бесінші азамат шоколад сатып алатындығын, оның ішінде Snickers-тің көп сатылатынын анықтады. 1930 жылы пайда болған шоколад неге қазіргі кезге дейін халықты жалықтырмады? Себебі Snickers-тің өзгелер­ден басты айырмашылы­ғы – құрамына жаңғақ қосылатындығы. Бір шоколадты жасауға 16 жаңғақ жұмсалады. Бүгінгі таңда бір күнде 15 млн «Snickers-тің жасалатынын ескерсек, онда 99 тонна жаңғақтың 24 сағат ішінде шығындалып кеткенін көзімізбен көреміз. «Snickers» сөзі әлемде тек біреу ғана емес. «Snickersnee» неологизмдік тұрғыдан «ұзын қанжар» дегенді білдірсе, «sneakers» cөзінің ағылшындық нұсқасы «кроссовканы» аңғартады. Snickers-тің өмірге келуін құт деп айтсақ қателеспейміз. Себебі, екінші дүниежүзілік соғыс барысында америкалық әскерлер аталмыш өнімді ас ретінде пайдаланды. Тек қана тағам ретінде шектелмеді. 1984 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарын да, 1994 жылы футболдан өткен әлем чемпионаты Еуро-1996 турнирінде ресми демеушілердің қата­рынан табыла білді. 2009 жылы Ұлыбританияда «Snickers» шоколадының көлемі 7%-ға кішірейтіліп, бағасы сол қалпында қалғанына қарамастан, тұтынушылардың саны көбеймесе, азайған жоқ.
Екі жол
Milky Way отбасы мақсатын өміршеңдікке айналдырды, Snickers сауда нарығын кеңейтті. Сол сәттерде Марстың ұлы Форрест Йель университетін тәмамдап, бизнес саласына ат басын бұрды. Әкесінің көлеңкесінде қалмау үшін Ұлыбританияда жеке өзі шоколад саудасын басынан бастады. Ол АҚШ-та танымалдыққа қол жеткізген өнімдермен шектеліп қалуды жөн деп таппай, 1934 жылы Mars-ты ойлап тапты. Сол жылы әкесі өмірден озды.
«Ерімей ыстықта, ериді ауызда»
Дағдарыс уақытында өмірге сапалы, жаңа ыңғайлы заттар келетіні белгілі. 1937 жылы Испанияда азаматтық соғыс жүріп жатқан еді. Форрест те жолы түсіп, Испанияда жергілікті кондитерлердің жаңа өнімдерін көзбен көреді. Сол кезде Испандық солдаттардың шоколадтарды дер кезінде жей алмай, қатты еріп жатқанын байқайды. Мәселені түсінген Форрест M&M’s кәмпитін өмірге алып келді. Ол кәмпит Екінші дүниежүзілік соғыста танымалдыққа ие болады. 1954 жылы АҚШ-та танымал брендтердің қатарынан табыла білді. 1982 жылы космосқа ұшатын ғарышкерлердің тамақтарының тізімінде болды.
1964 жылы әкесінен қалған компанияны біріктіріп, АҚШ-қа қайта оралады. Тәтті тағамдарда бәсекелестікті жойған Форрест 1968 жылы мысыққа арнап Whiskas-ты ойлап тапты. Бір қызығы, ол Whiskas-тың жарнамасын «10 мысықтың 8-і Whiskas-ты таңдайды» деп біраз уақыт халыққа көрсетіп келді. Тек бірнеше жылдан кейін ғана жарнамалық комитеттің шағымдануымен «10 мысық иесінің 8-і Whiskas-ты таңдайды» деп түзеттірді. Артынша итке арнап Pedigree өнімін нарыққа енгізді.
Отбасылық мұра
Mars компаниясының сапалы әрі ұзақ уақыт бойы танымал болуына не әсер етті? Біріншіден, Форрест әрбір шығарылған өнімнің сапасын қатаң түрде бақылап отырды. Компаниядағы қызметкерлердің қатесін көрсе, оны бетіне басып айтатын. Осыған қарап-ақ сіз ол қатал басшы болды деп ойлайтын шығарсыз? Жоқ, ол өнім сапасының жоғары болуы үшін жұмысшыларға бар мүмкіндікті жасап берді. Екіншіден, Mars компаниясы өзге компаниялардан ерекшеленіп отырды. Басты ерекшелігі – қызметкерлерде жеке бөлмелердің болмауында болатын. Барлық қызметкерлер бір үлкен аумақта жұмыс істейтін, Форрест бұл әрекетін командалық жұмыс істеу де сапаны арттырады деп санады.
Қорытындылайтын болсақ, 2007 жылы Mars компаниясында 48 мың қызметкер жұмыс істеп, кіріс мөлшері 25 млрд долларды құраған. Mars компаниясын құрған Форрест өз қызметін мұрагерлікке қалдырып, оның немерелері: Жаклин, кіші Форрест және Джон бүгінгі таңда компанияның өміршеңдігін жалғастыруда.

0 Пікір Кіру