Аслан Қуанышұлы. "...Маңдайына қарашы жүрегімнің..." - на weekend.bugin.kz
Асылан Қуанышұлы - на weekend.bugin.kz Асылан Қуанышұлы

Асылан Қуанышұлының топтама өлеңдері

 * * *

Тұршы, жаным,
Кемірейік екеулеп түн сұрағын.
Қалғып кетсең мына әлем күнә жұққан
Құндағын ораймын деп ұмсынады.

Тағы да әлі
Түстен өңге ермек те табылады.
Айдың аппақ нұрымен шылау керек
Көктен түскен жүректің сары дағын.

Жұлдыз-жусан таратып жыр-жұпарын...
Қылғытады бүршігі үр бұтаның.
Жанарыңды байлама кірпігіңмен, 
Тұршы, жаным!

Тыңдамайды,
Уақыт мінген жас дәурен сырғанайды...
Сүт-сезімге сусаған сәби-көктем
Терезенің алдында іңгәләйді...

Тұршы, жаным!..

Əлди

Балалардың ұйықтайтын уағы болды, 
Ұйықта, Күнім, сен де енді. 
Күміс кірпік, лағыл өңді, 
мен ұнатам ай анарын емгенді. 

Еміс-еміс естілед күз шырылы, 
Оран, тоңып қаласың. 
Ал, мен түннің міскінімін - 
Қамданбайтын біліп тұрып шамасын. 

Ақырында мен де кетем, Түн қалар... 
топырағымды Желі іреп, 
Сонда, жазған, көрімді де тырналар, 
Емшегіме ерні тиген еді деп. 

Жұлдыз-ілгектерін-дүр ағытты Түн... 
О, қандай-ды! Қандай-ды! 
Дем ала ғой бөлмеңе барып, Күнім,
 Балалардың көруіне болмайды!

* * *

Боздады кеп сәттерге өлі – 
Жүрек деген шерлі есім.
Кез-келгенге бұтын ашқан бақ келмеді,
Келмесін!

Оған қарар мұрғам да жоқ, 
Уақыт та жоқ, себеп бар:
Қайтарамын беру керек жылдарға көп
Көкке жағып үлгеруім керек һәм!

Түн – бүр жарып, Ай – гүлдеген

Солады ертең!
Әлде мен..?

Сонда қоштасуға деймін қайғым менен
Келер бәлкім әлденем.

Ит біліп пе, құрсын бәрі,
Бәрі-бәрі құ-ры-сын!
«Бұлт кекілді, Нұр сырғалы»
Күнді адақтау – тынышы...

*   *   *

Жүрегімнен жалқы нұр көшкен еді 
Аңсап өткенді...
Мен сағынып отырмын ештеңені
жəне көктемді...
Арғы жақ па? 
Жо-оқ, онда басқа бəйгі
(Өртену - сезімге емес),
Мына жол - бақытқа бастамайды,
Бəрі - уақыттың көзіндегі елес...
Армандар - зулаған көлік
(Аялдап, шаттығын ұсынбады бір),
Жəйімді сұрадың не ғып,
Кірпігімнің ұшындағы іңір
білмейді төзім дегеннің
Əже шашынан да нəзік екенін;
Ол тек нəрсіз үміттің болмашы сəулесін азық етерін.
Үміт - түгесілген...
Махаббат - бұлттың артынан қарайды кекірейіп. 
"Ей, талайлы Тағдырым,
шалдықпа күресіңнен!"
Өзіңе одан басқа не тілейік?!.

Арзу

Кел, жарығым, сөнгенше жай жарқылы.
Əзірейілдік аңсармен жет ілезде. 
Қаламымды матырып жанарыңа,
Махаббаттың салайын сүгіретін.

Сол суреттен анамның жүрегіне

Малып алған маңдайын Ай жымыйса...
Тағдырым боп көрінер қара нүкте,
Сенің қарашығыңнан жұғып қалған.

Кел, жарығым, түн болып өлең тамған,
Жанторсығым жасыңды қылмас ысырап.
Қылғытармын сезімді,

оянғанша 
ауызынан жалғаншы мүңкіген Күн...

Оянған 

Əуезімен əлдилеп жыршы-жалған,
Қиялыма оранып Нұр шыланған
Жатыр едім...
кенеттен көзімді ашсам,
Қыйылып қана қарап тұрсың алдан.
Сарқып ішіп мен түсер нала-көлді,
Есігін айқара ашып АҚ ƏЛЕМНІҢ,
Келдің де кірпігіңді қалам қылып,
Көңіліме əрнені сала бердің.
Сен келдің,
Махаббатқа бола алмас уақыт та өлшем,
Қапа болып қағар-ау бақыт кемсең...
Құтқармасын мені ешкім,
көзіндегі
Каспийге батып кетсем...
Сен келдің,
Қауызына шық тұнып Гүл өңіңнің,
Хас перісі секілді Үр өмірдің.
Бір қара бұлт бара ма тайғанақтап,
Маңдайына қарашы жүрегімнің!
О, Тәуелсіздік!..

0 Пікір Кіру