Барымызды алуға тырысқан "бірлестік" қымбатымызға қол сұғуда - на weekend.bugin.kz
Ернар Нұртайұлы - на weekend.bugin.kz Ернар Нұртайұлы

Жеке-жеке күресіп жүргенде бірігіп алып бәле шығарды.

Ұялы телефон, ғаламтор және әлеуметтік желі үшеуі біріккенде (ҰҒӘ) ол бірлестік біраз затымызды алып қойды. Кейбірін өз қалауымызбен берсек, кейбірін еркімізден тыс тартып алды. Жеке-жеке тоқталар болсақ: 

1) Ақшамызды алды: қымбат телефон ұстағымыз келеді. Қарыздансақ та, несие алсақ та жаңа шыққан, соңғы нұсқадағы телефон алу үшін ақша береміз. Ал оған ақша тұратын ғаламторды қосыңыз;

2) Бос уақытымызды алды: ең алғаш ұялы телефон кең қолданысқа шыққанда бос уақытымыз сөйлесуге аз кетпеген еді. Оған ғаламтор мен әлеуметтік желі қосылғанда бос уақытымыздан айырылып қалдық; 

3) Махаббатымызды алды: мұны түсіну үшін бүгінгі күні қоғамдық орындағы көпшілікке қарасаңыз, өзіңіз-ақ түсінесіз. Себебі қолында ҰҒӘ бар кез келген адам одан көзін ала алмайды. Бір жанұяның мүшелері ҰҒӘ үшін түсініспей жатқанын, ренжісіп жатқанын көріп жүрміз. Адамның адамға деген махаббаты ҰҒӘ бойынша есептелетін болды. Айфон алып, жоғары тариф қосып берсеңіз, лайк басып, бөліссеңіз, сізден жақсы адам жоқ секілді;

4) қауіпсіздігімізді алды: кімнің қайда жүргені, үйде кім бары, қай зат қай жерде тұрғаны ҰҒӘ арқасында белгілі. Қаншама пәтерлер тоналғанын жаңалықтан, таныс-достардан естіп-біліп жүрміз. ҰҒӘ-ге ақша жайлы мәлімет жазған қаншама адам көшеде тоналғаны жайлы да мәлімет бар;

5)Бостандығымызды алды: ҰҒӘ-де кейде мәселенің мән-жайын білместен, кейде эмоцияға беріліп айтып, жазып қойған мәліметі үшін жауапқа тартылып, темір торға түсіп жатқандарды айтсақ, соның өзі жеткілікті шығар;

6) Сенімімізді алды: бұрын қайдан, кімнің насихатын тыңдап жүргені байқалып қалатын еді. Қазір ғаламторды бақылап отырған құзырлы органдар болмаса, тіпті бір жанұядағы әке-шеше баласының кімді тыңдап жүргенін байқамауы мүмкін, ғаламтор толған ақпарат;

7) Құпиямызды алды: себебі ҰҒӘ арқылы құпия сақтау мүмкін болмай қалған секілді. Жиын-тойларда сіз жариялауды қаламаған құпиялар ашылып қалады. БАҚ-та осындай құпиялардан бағдарлама да жасап жүр. 

Дегенмен соңғы уақытқа дейін ҰҒӘ ала алмай келген заттар да бар еді. Бірақ қазіргі кезде ҰҒӘ оған да қол салып бастады. Айтайын дегенім бұрын ҰҒӘ әлеуетіне қарамастан, ар-ұятымызды сақтауға тырыстық. Ардан аттаған ақпаратты жариялауға, бөлісуге мүмкіндік бермедік. Өкінішке орай кейінгі кезде ар-ұятты ысырып қойып, ұятты жарияланымдар жариялауды жиі байқай бастадық. Өз иелігіміздегі ең қымбат, құнды байлығымыз осы ар-ұятымыз еді. "Есің барда, еліңді тап" демекші етек-жеңімізді жинайық! Қазақ дүниетанымы ар-ұят ұстанымына негізделген. Ұятсыздық белең алған кезеңде ар-ұятымызды сақтау арқылы ғана ұлтымызды сақтай аламыз. Алла абыройымыздан айырмасын!

0 Пікір Кіру