Ресейде қазақстандық жарты миллион еңбек мигранты бар – ФАО - на weekend.bugin.kz
patick - на weekend.bugin.kz patick

Орталық Азия елдерінде азық-түлік қауіпсіздігі мен қоректену саласында прогресс бәсеңдеген

Ресей Федерациясының аумағында Өзбекстаннан екі жарым миллион, Қазақстан мен Қырғызстаннан жарты миллионнан, Түркіменстан мен Әзірбайжаннан тоғыз жүз мыңнан еңбек мигранты бар. 2017 жылы Ресейде 11 миллионнан астам халықаралық мигрант болған, олардың жартысы көршілес елдерден. Бұндай деректі БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) келтіріп отыр.

Аталған ұйымның сарапшылары Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі статистикалық мәліметтерді талдап, жағдайға алаңдаушылық білдірді. Мамандар азық-түлік сапасы мен құрамына зерттеу жүргізіп, нәтижесін баяндама түрінде ресми сайтта жариялады.

ФАО өкілдері қорек рационының калориясы, тоя тамақ ішпеу секілді мәселелерді талдаған, өсудің кідіруі, әлсіреу, анемия, артық салмақ және семіру секілді қоректену көрсеткіштеріне, сондай-ақ қорек рационы өзгерісінің салдарына назар аударған.

"Еуропа және Орталық Азия бойынша 2018 жылдың азық-түлік қауіпсіздігіне және қоректенуге аймақтық шолу" деп аталатын ФАО баяндамасында азық-түлік қауіпсіздігі мен қоректену саласында прогрестің бәсеңдегені айтылады. Биыл миграцияның, гендерлік теңдіктің және жастардың тұрақты дамудағы рөліне ерекше көңіл бөлінген.

Баяндамадағы мәліметтерге сәйкес, Еуропаның және Орталық Азияның 14 миллионннан астам ересегі және 4,7 миллиондай баласы азық-түлік тапшылығына ұшырап отыр. Бұл жағдайға тез арада көңіл бөлу қажет деп есептейді сарапшылар.

2016 және 2017 жылдары Орталық Азиядағы тоя тамақ ішпейтіндер саны өскен екен. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінде Орталық Азия аймағында 2000-2016 жылдары балалар арасында артық салмақ қосудың үздіксіз өсуі және ересектер арасында семірудің таралуы байқалған. Болашақта бұл үлкен проблема туғызуы мүмкін, соның ішінде медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету шығындарының көбеюіне алып келеді.

Сарапшылар миграция, гендерлік проблематика, жастар, ауыл шаруашылығының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі арасында тығыз байланыс бар дейді. 

Миграция – әлеуметтік-экономикалық даму көзі бола алады. Соңғы жылдары мигранттар үйге жіберетін ақша аударымдарының арқасында миллиондаған адам жоқшылықтан және ашығудан аман қалған. 

Орталық Азиядан және Әзірбайжаннан Ресейге жұмыс іздеп баратындар санының көп болу себептерінің бірі – ауылдық жерлердегі кедейшілік, азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы, ауыл шаруашылығының даму деңгейінің төмендігі.

ФАО мәліметтеріне сенсек, Ресей Федерациясының аумағында Өзбекстаннан екі жарым миллион, Қазақстан мен Қырғызстаннан жарты миллионнан, Түркіменстан мен Әзірбайжаннан тоғыз жүз мыңнан еңбек мигранты бар.

Еңбек мигранттарының 52 пайызы әйелдер болып отыр, бұл әлеуметтік салалардағы және отбасы қарым-қатынасындағы проблемаларға алып келеді.

Дереккөз: FAO /http://www.fao.org/russian-federation/news/detail-events/ru/c/1188193//

0 Пікір Кіру