Көпке шипа болған Анабұлақ туралы не білесіз?  - на weekend.bugin.kz
Майра Базарбай - на weekend.bugin.kz Майра Базарбай

Қазығұрт өңіріндегі дәрілік қасиеті бар бұлақ

Дана бабаларымыз «бұлақ көзін ашып, көзіңді қалдыр, жақсылық-мұра шашып, ізіңді қалдыр, бау-бақша өсіріп, өзіңді қалдыр», – деп тегін айтпаса керек-ті. Сондай жер-ананың жатырын жарып шығып, кенезесі кепкендердің шөлін қандырып қана қоймай, дерті жанына батқандардың жарасын емдеп, шипа болған бұлақтар біздің Қазығұрт өңірінде көптеп кездеседі. Солардың бірі – Қаржан тау сілемдерінің батыс жағында орналасқан Көктөбе жеріндегі кезінде «Дәрі бұлақ» деген атаумен мәлім болған, бүгінде «Анабұлақ» деп әспеттелетін шипалы су.

«Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін халықпыз. Осынау емдік қасиеті бар қайнардың көзін ең алғаш тазалап, тамшылауына үлес қосқан адам –менің нағашы атам, Қақпақ ауылының тұрғыны Смайыл Ешматов.

Смайыл атам Кеңес одағы кезінде колхоздың қойын бағатын қарапайым шопан болған екен.

– Ол кезде таудың бөктерінде жайлаулар болатын. Төрт түлікті алдына салып, қолына таяқ ұстап жүрген малшылар күнделікті тұтыну һәм төрт түлігінің су ішуіне жағдай жасау үшін бұлақ көзін ашатын-тұғын. Содан болар, екі аттам жерде суы мөлдір, салқын бұлақтар көптеп кездесетін. Бұлақ болар жер әуелі бұрқ-сарқ қайнап, жер толғағын күткен анадай кейіпте, айналасы жаз-күзіне қарамай, жасылқұрақтанып тұрады. Сол жерді аздап қазып жіберсең, қайнардың көзі ашылып, су шығады, –дейді атам.

Аталмыш бұлақ та әуелі баста тұтыну үшін ашылған. Осы орайда, «Бұлақтың емдік қасиетін қалай білген ?» деген сұрақтың болуы кәдік. Кәдімгі сулар әдетте самаурынға құйылып, қайнаған кезде, ыдыс түбінде тат қалдыратын болса, бұл су керісінше, жиналған татты түсіріп, самаурынды тап-таза етіп қояды екен. Бұл–бір деңіз. Атамыз басының сақинасы ұстап, асқазаны мазаласа да, бауыры ауырса да, осы суды ішкен сәтте көп ұзамай сап тыйылатын көрінеді. Оған алғашында өзі аса мән бере қоймайды. Бірақ жүрген жерінде «менің ауруымның емі–бұлақ суы. Судың дәрілік қасиеті бар-ау», –деп айтып жүреді екен.

Кейіннен бір топ зерттеушілер келіп, бұлақ суының құрамын зерттеп, су құрамында он шақты минералды элементтердің бар екенін алға тартады. Сосын Өзбекстандық академик Семашко атындағы ғылыми-зерттеу институтынан, Алматы қаласындағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институттарынан арнайы мамандар келіп зерттеп, емдік қасиеті бар су екендігін растаған көрінеді. Бұл хабар сол кездегі газет-журналдарға, радиолық хабарларға шығып, Одақ көлемінде таралып, содан небір елдерден дертіне шипа іздегендер Қазығұрт өлкесіне ағылған екен.

 Денеге шыққан жара, сүйел, қотыр секілді ауруларға да шипа болады деген соң, бұлақтың басынан, су таусылар жеріне дейін адамдар шомылып, нәтижесінде жұқпалы аурулар тарап кете ме деген күдіктен аталмыш бұлақты аудан басшылығы карантин жариялап, жаптырып тастапты. Сонда дертінен айыққан жандардан атама күніне жиырма шақты алғыс жауған хаттар келеді екен. Барлығын әжеміз бір қапқа жинап, сақтаған. Сол кездері бұлақты мен аштым деп жалған айтып, сыйлық алған кісілер де, шипалы су осы деп жай бұлақтарды көрсетіп ақша істеген адамдар да болыпты-мыс. Бірақ менің атам ондай пасық дүниелерге ешқашан барған емес.

Сонда атам:

–Журналисттер артығымен мақтап, бұлақты бір санаторий деңгейінде көрсетіп, қонатын жер, тамақ барлығы бар десе керек, небір адамдар келіп, қонатын жер, ішерге ас таппай, біздің тіккен киіз үйімізді паналаған. Әжең сонда «санаторийіміздің аспазшысы» болып еді, –деп күле еске алды.

Жасы сексенге таяған атам сол кездерде бұлақ басында құлағы бар ақ жыланның болғандығын айтады. Өзінің ең кенже қызы Рыскүл бірнеше ай аяғы істемей, жүруден қалған екен. Қызын бұлақтың басына отырғызып, өзі мал қайыруға кетсе, қайтып келгенде қызы орнында болмайды. Сөйтсе, бұлақ басынан әлгі жыланды көрген Рыскүл әпкеміз қорыққанынан аяғымен үйге барып қалған екен. Содан кейін Смайыл атам «бұл бұлақ тегін бұлақ емес!» деген ойға келеді.

Бүгінге шейін ауыл тұрғындарынан бөлек, аудан, облыс, тіпті өзге елдік азаматтар да келіп, бұлақ суын бүйрек, несеп жолдарына, асқазан, бауыр, өт жолдарына, денеге жиылған тұздан арылуға, қант диабетіне, эндокриндік жүйенің алдын алу үшін, денедегі шыққан жараларды емдеуге пайдаланып келеді.

Ғажайып іздеп ту алысқа бармай-ақ, өз аймағымызды түгендеп, зерттеу арқылы, небір құпиялардың сырына қанық болуға болады. Қазіргі таңда тау бөктерінен орын тепкен бұлақ басында шығын цех орнытылған. Болашақта сауықтыру алаңына айналып, демалыс аймағына айналдыру, туризм саласына ыңғайлау жоспарда бар көрінеді. Бәрі уақыт еншісіндегі дүние ғой.

9 Пікір Кіру