Жұмбақ жазушы қайда жүр? - на weekend.bugin.kz
Шапағат Сердәліқызы  - на weekend.bugin.kz Шапағат Сердәліқызы

Құпия талант тасты жарып шығады

– Ооо, сары қыз, сені көрмегелі доллар көтеріліп, талай пенде бақилыққа аттанды.

 Аға, доллар көтерілгенімен ұяттың құны құлдырап кетті...

  Рас, бірақ, бәрінде бірдей емес.

 Дегенмен бәріне ортақ дүние бар екендігін мойындау керек.

 Ол не?

 Бәрі өз нәпсісін тежей алмайды. Бірақ араларынан небір кемеңгерлер мен көркем мінезділерді көріп адамгершілігіне тәнті болдым.

 Әлгілердің ауыл адамдарына ұқсастығы бар ма?

 Әрине, бар. Тек арасы тым қашық...

 Қай тұрғыда?

 Аңғалдық пен адамгершілік, озбырлық пен көзбояушылық, мейірімділік пен жауыздық қасиеттерінде жер мен көктің арасындай айырмашылық бар. Көрінбес перденің түсі белгісіз...

 Небәрі 5 жылда 20 жылға қартайғандайсың. Тіпті, көзіңнің қарашығы жылт-жылт етуден қалыпты. 70-ке келген данагөйдейсің. Ауылда ақ бантикті оқушы кезіңде жүзіңдегі аңғалдығың көрген адамды өзіне баурайтын еді.

 Есейгенде ауылдан жырақ кететінімді білгенде үлкеюге асықпайтын едім.

 Мен де...

...Көп тұрып қалған секілдіміз. Жүр біздің туған өлкеге жеткізер жүйрік көлікке отыралық.

Орталық көшенің шеткі бұрышында сөйлесіп тұрып беттері қызара бастаған екі ауылдас ауылдарына апаратын ескі автобус ішіне келіп жайғасты.

Көлік іші. Кәрі-құртаңы, жасы аралас ауыл тұрғындары. Бәрінің дәл қазіргі мақсаты бір. Ауылдарына тезірек жетіп, қызуы мол қыш пештің жанында отырып қызыл күрең шай ішу. Қою шайдан соң жантая жатып, үнді, түрік сериалдарын қарау.

Бағана ғана ағасына мұңын астарлатып айтқан Алуаның ғана ауылға келе жатқандағы мұраты бөлек.

 Туған төскейіне бастаған салдыр-гүлдір көлік ішіндегі адамдар жым-жырт.

Үнсіздікті Алуаның төтесінен бастаған сөзі бұзды.

«Шіркін, сай жақ беттегі арша ағашы әлі де күлтеленіп тұр ма екен!?», – деп бастады ол әңгімесінің әлқиссасын.

«Мүмкін, жапырағы суыққа төзімді келеді емес пе? Халық арасында «Ағаштар анасы – арша» деген теңеу бар. Ертеде тағдырдың жазуымен елден жырақ кеткендер бойтұмар ретінде арша ағашының жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық иіскеп мауқын басқан екен», – деді оның тосыннан қойған сұрағына ағасы кеңінен жауап беріп...

Тағы да үнсіздік.....

 Біздің ауылда қай жылдан бері тұратыны белгісіз ауылдың шетіндегі қоржын тамда сұр плащты жазушы тұратын еді ғой, есіңізде ме?

– Еріксіз өткенді еске алуға тура келтірдің ғой. Иә, жазы қоңыр салқын ауылымызда ол кісінің орны ерекше еді. Ауыл сыртындағы адам аяғы көп баса бермейтін шеткерірек үйде тұатын.

– Иә, ол кісінің тұлғасын алыстан шырамытқан біздің көшенің боқмұрын балалары әшейінде асыққа таласып шуылдасқандарын қоя салып, тым-тырақай әрқайсысы өз аулаларына қарай қаша жөнелетін.

 – Ха-ха-ха.(қарқылдай күліп)

– Әлі күнге дейін ол кісіден ауыл адамдарының неге сонша қорқатынын түсінбедім. Қашан көрсем болды арқасына кітап толы кенеп қапты арқалап, көшеден әрі-бері өтетіні есімде қалыпты. Ауыл кітапханасына ауылдастардың ішінен әлгі кісінің ғана баратынына қарағанда өзі бір кемеңгер, өте дана кісі шығар деп ойлаймын, кейде...

– Бұл айтқаның да орынды. Үлкендердің аузынан естімше, «жұмбақ оқымысты» кітапты жата-жастанып, түн баласы көз ілмей оқитын көрінеді. Еш жерде жұмыс істемейтін менің білуімше, осы әрекетіне қарап өсекші көрші әйелдер «жаман үйінің жөндеу көрмегеніне қанша уақыт, лашығының сыртқы дуалына әк тимегелі аспан қанша рет жылады, күңіренді. Тау мен тастың биіктігі аққан су, жауған қармен мүжілді. Бұл болса әлі бәз-баяғы қалпынан айныр емес. Бір үйін жөндей алмай жүріп, кітап оқығаны не теңі, кітап тамақ бола ма. Құр оқығанша, есектің артын жуса да мал таппай ма!?» деп сыртынан сөгетін.

– Ол да бар. Жақында сол кісі жайлы қызық деректерді естідім. Әлгі ауылдасымыз бас шаһарға кеткен көрінеді. Оқығанын көңілге тоқып, оймақтай ойдан тың туындылар жазып жүр екен. Тіпті, голливудтық фильмдерге сценарий жазып жүрген көрінеді. Кейбір сайттарға шыққан дүмпу тудырған сыни мақалалардың авторы екен.

– Қалайша?(даусы қаттырақ шығып кетті)Мына сөзің тот басқан миымды былқ-сылқ еткізді ғой.

– Түүүш. Әзірге бұл туралы ешкім тіс жаруға болмайды. Негізі өзі де атын жария қылудан тартынады. Қиындықпен жазған шығармаларына авторын өзі деп көрсетпей лақап атпен шығарғанды ұнататын секілді. Оның ойынша жақсы жазу «тыржалаңаш» шешінумен тең. Сондықтан болмысын толықтай ашып бермеу үшін атын көрсетпейді. Қоғамнан тысқары жүреді. Бір жағынан шығармашылықпен айналысу үшін жұмбақ жазушыға жұрт көзінен алшақ жүру тиімді шығар!?

– Мүмкін...

– Менің ендігі мақсатым оның тұрған үйін қарап, ауылдағы ескі кітапханаға барып ол оқыған кітаптарды зерттеу. Бәлкім, кітаптардың арасынан қолжазбалары табылып қалар.

– Оны қайтпексің? Медиа нарыққа таныстырғым келеді. Сөз құрағыштар қаптап кеткен тұста мұндай таланттар тасада қалмау керек. Еңбегі бағалануға лайықты ғой. Қанша еңбек жасап, лайықты марапат, сый-құрмет көрмегеніне ішім күйеді.

– Талабың оң болсын! Нағыз шығармашылық адамысың. Сендейлер жоқ.

 – Қателесесіз. Мендейлер көп. Тек біз біле бермейміз. Іздеу керек.

....Осылайша әңгіменің ауаны тереңдеп бара жатқанда тұста көлік ауылдың қақ ортасына кілт тоқтады. Алуа ағасымен қоштасып, дереу жиналды да, үйіне қарай аяңдады. Жылы-жұмсағын алдына жайған ақсамайлы әжесінің күрең шайын ішті де ертеңгі күнді бір сәт ой елегінен өткізді. Ауылды түн құрсауына алған шақ. Алуа тезірек күн күлімдеп шығып, әлгі ескі үйге, кітапханаға барсам дейді.

 Көкейінде «Жұмбақ жазушы қайда жүр?» деген сұрақ бар. Шынында да, жұмбақ жазушы қайда жүр екен...?

3 Пікір Кіру
  • Шығармашылық шабыт тілеймін. Келесі әңгімеңізді оқуға асықпын☺️

  • Керемет. Қаламың ұштала берсін. Биіктерден көрін!

  • Sagira Uali 15 Сәуір, 2019

    Жасанды дүниелерді уақыт өз арнасынан ысырып тастай бермек. Шынайы жазбалар көптің жүрегінде мəңгі сақталады. Мына əдемі жазбаға ерекше баға берер едім. Қаламың ұштала берсін, Шапағат!